Home » Мақалалар » Ойыншықтың бала өміріндегі маңызы

Ойыншықтың бала өміріндегі маңызы

 

Ойыншық – әдейі балалар ойынына арналып жасалған зат. Ойыншықты пайдалану баланың ой-өрісін кеңейтуге, онда бейнеленген заттар мен өмір құбылыстарына деген ықыласын тәрбиелеуге көмектеседі. Ойыншықтармен ойналатын бірлескен ойындарда балалардың өзара достық қарым-қатынастары қалыптасады. Ойыншықтардың шығу тарихына тоқталар болсақ, баланың ең алғашқы ойыншығы – сылдырмақ. Ежелгі Грецияда және Римде сылдырмақты жаңа туған балаға сыйлаған. Осындай сылдырмақпен анасы және күтушісі бесік жырын айтқан. Сонымен бірге, ежелгі наным сенімдер бойынша сылдырмақты сылдырлату арқылы жын-шайтандарды үркітеді деп сенген. Бізге белгілі ең ежелгі ойыншық біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда пайда болған. Өкінішке орай, көптеген ежелгі ойыншықтар біздің заманымызға дейін жетпеді. Ежелгі ойыншықтарды ағаштан, саздан, сүйектен және металлдардан жасаған. Ежелгі славян халқында көптеген жылдар бойы табиғат анаға құрбандық шалу рәсімі болған. Құрбандыққа тек әйелдерді шалған. Осындай азаптан әйелдерді құтқару үшін бір шебер адам құрбандыққа тірі әйелдің орнына қуыршақ шалуды ұсынады. Сөйтіп ең алғашы славян халқының қуыршағы осылай пайда болған. Алғашқы пүліш аю 1894 жылы пайда болды. Бұл ақпарат оның табанына тігілген жапсырмамен расталады. Таңқаларлық жайт, алайда алғашқы пүліш аю әлі күнге дейін әрбір отбасында өмір сүріп келеді. Кубик Рубикті Венгрияда мүсінші болып жұмыс істейтін Эрно Рубик ойлап шығарған. Әлемде осындай кубиктердің 300 миллионға жуығы сатылған. Егер олардың барлығы бір қатарға тізіп қоятын болсақ, онда олар Солтүстік полюстен Оңтүстік полюске дейін созылады екен. Ең қымбат кейіпкер – Микки Маус, ол 1939 жылы шығарылған. Бұл қуыршақ 1998 жылы бір аукционда 83,5 мың долларға сатылған.

 

Ойыншықтар неге үйретеді?
Ойыншық бала үшін ермек қана емес, сонымен қатар, ол оның дамуына да тиімді құрал, қимыл-қозғалысты, сезім ағзаларын, тіл түсінуді жетілдірудің де бастамасы. Жаңа туған сәбиді үйге әкелісімен, оның кереуеті үстіне ашық боялған, көзге түсетін, дыбыс шығаратын 3-4 ойыншықты іліп қоюға болады. Олар сәбидің кеуде тұсында одан 60-70 см жоғары ілулі тұрса болады. Сәби бұл жасында дәл осы қашықтықтан көре алады. Егер нәресте ілулі шарға, сылдырауыққа көзі түскенін байқасаңыз, жанынан жүріп өткенде біреуін қозғап кетіңіз, сонда оның сазды дауысы, тербелуі және ойыншықтардың орын алмастыруы оны қызықтырып, бұларға ұзақ әрі қадала қарауға үйретеді. Бұл оның өзімен-өзі болуына үйрететін алғашқы нышан,  өте қажет қасиет. Сөйтіп, бұл білгенін одан әрі бекітуге тырысу қажет.
Сәби керуетінің жанына барып біресе он жағынан, біресе сол жағынан сылдырмақты шылдырлатсаңыз, ол бұрылып дауыс шыққан жаққа қарап қанағаттанып қана қоймайды, сонымен бірге ол мойын етін де жаттықтырады.

Өмірді тану тәсілі. Заттарды қолмен ұстау арқылы баспен ойлауға да жұмыс табылады. Сәби заттарды қолымен ұстап әбден зерттейді. Ол алған затын ұстап қарайды, сілкілейді, лақтырады, аузына салады, жалайды, тістеуге тырысады. Осындай күрделі әрекет кезінде көз, құлақ, қозғалыс, иіс сезімі іске қосылады.

Кеңістікті меңгеруСәбиді енді кеңістікті меңгеру қуанышы титықтайды, ол тоқтаусыз еңбектейді. Еңбектеу оның қол-аяғы, арқасы, бұлшық еттерін шынықтырып нығайтады, бел етін қалыптастырады, мұның бәрі мүсіннің бұзылуына жол бермейді. Ең маңыздысы, осылайша кеңістікте бағдарлау қабілетін, өздігінше іс-әрекет қимыл жасауға түрткі болып қалыптастырады. Сәби өз бетімен еңбектеп барып, қалауынша әр жерде тұрған ойыншықтарды  алады. 7-8 айлығында оған сылдырмақ, резеңке ойыншықтар, құламайтын пластмасса бұйымдары, әр түрлі доптарды, шығыршықтарды қою қажет. Сәби бір ойыншықтан екінші ойыншыққа жетуге ұмтылады, көп жылжиды.
Ойыншықтың пайдасы өте көп, бала ойыншықпен ойнау арқылы өмірді таниды. Ал зиянына келер болсақ, қытайдан әкелінген ойыншықтар жайлы айтар едік. Қытай ойыншықтарының екі түрі бар. Біріншісі — зауытта жасалып, елімізге ресми түрде әкелініп, тексеруден өтіп, сапасы жөнінде сертификаты бар тауар. Ал заңсыз әкелінген ойыншықтардың сапасы жайлы сертификаты болмағандықтан, оларды алуға сақтану қажет. Бояуы тым қанық, алыстан «мен мұндалап» тұрған ойыншықтар өзі арзан, өзі сапасыз тауар. Себебі бояудың құрамында фенол, формальдегид, қорғасын, мырыш элементтері бар. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне, әрі кетсе асқазан-ішек жолдарына кері әсер етеді. Бала кез келген нәрсені алдымен аузына салады, сондықтан ойыншық сатып аларда аса ұқыптылықпен қарағаныңыз абзал.

БЕГИМОВА Гульбану Дарганбековна,
«Балапан» бөбектер бақшасы,
Павлодар облысы,
 Ақсу қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.