Home » Ашық сабақтар » Ойыншықтар әлемінде. Хайруллаева Юлдуз Фархадовна

Ойыншықтар әлемінде. Хайруллаева Юлдуз Фархадовна

Мақсаты:

Білімділік: ойыншықтардың атын, түсін қандай заттан жасалғанын, жекеше, көпше атауларын үйрету.

Дамытушылық: балаларды сөзді анық айтып, дұрыс сөйлей білуге баулу, сөздік қорларын дамыту.

Тәрбиелік: олармен қалай ойнау керектігін түсіндіріп, ұқыптылыққа, эстетикалық талғамдарын кеңейту, талдау, әдемілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: доп, қуыршақ, жұмсақ ойыншықтар, матадан жасалған ойыншықтар.

Іс-әрекет бөлімдері:

Тәрбиешінің әрекеттері. Балалардың әрекеттері.

Ұйымдастырушылық-оятушылық.

Шаттық шеңбері: Балалар шаттық шеңберін құрып, бір-біріне жылы тілектер білдіреді.

Армысың, жарқыраған күн,

Армысың, Жер-ана!                                                              

Армысың, көгілдір аспан.

Армысың, апайлар,

Армысың, сен және мен.

Ұйымдастырушылық-ізденушілік.

— Балалар, қараңдаршы, біздің тобымызда ойыншықтар өте көп, олар қандай әсем, әдемі ойыншықтар.

— Балалар, мынау қандай ойыншық?

— Доптың пішіні қандай?

— Түсі қандай?

— Доптың қимылы қандай?

— Кәне, бәріміз допша секірейікші. Кім доп туралы тақпақ біледі?

Добым менің домалақ,

Тоқтамайсың домалап,

Үстел үстін бүлдірдің,

Тәрелкені сындырдың.

Тентек болып кеттің деп,

Тұрмыз сені тепкілеп.

Тәрбиеші:

— Қыз балалар көбіне қандай ойыншықпен ойнайды?

— Қуыршақпен.

— Дұрыс айтасыңдар. Ал, мына қуыршақ бізбен амандасқысы келіп тұр. Балалар, қуыршақтың әдемі шашы, әдемі көйлегі бар екен.

— Қуыршақтың көйлегінің түсі қандай?

— Қуыршақ қалай жүреді?

— Ал ұлдар көбінесе қандай ойыншықпен ойнайды?

— Машинамен ойнайды.

— Ал машинаның түсі қандай?

— Кім машина туралы тақпақ біледі?

— Сендердің үйлеріңде қандай ойыншықтарың бар? (Балалардың жауабы).

— Ойыншықтар жасалуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді.

— Жұмсақ, қатты, резиналы.

Көрмеге темірден, ағаштан, пластмассадан және матадан жасалған ойыншықтар қойылады.

— Бір ойыншықты біз ойыншық дейміз. Ал көп ойыншықты қалай атаймыз? (Балалардың жауабы).

— Балалар, біз бұл ойыншықтарды қолымызбен ұстап, сипау арқылы оларды қандай екенін білеміз. Балалар, кәне, есімізге түсірейікші, ойыншықтар қандай заттардан жасалады?

  1. Матадан жасалған.
  2. Пластмассадан.
  3. Резинадан жасалған. (Сипаттама беру).

— Өте жақсы, балалар, сендердің көмектеріңмен барлық ойыншықтар өз аралдарын тапты.

Күлдірген: Балалар, қандай керемет, сендер барлық ойыншықтарды өз аралдарына орналастырдыңдар. Балалар, сендер тапқыр, білімді екенсіңдер, мен сендерге ойын алып келдім.

Ойын: «Ғажайып қоржын».

Ойынның шарты бойынша көздеріңді жұмып, қоржыннан кез келген ойыншықтарды аласыңдар. Алған ойыншықтарыңның атын, неден жасалғанын, түсін, қатты, жұмсақ екенін айтып, жақсы мейірімді тілек білдіресіңдер.

Мысалы:

— Мен ойыншықты сындырмай таза ұстаймын.

— Ол менің сүйікті ойыншығым болады.

— Балалар, «ойыншық» деген сөз қандай әріптен басталады?

«О» әрпінен басталады.

— Дұрыс айтасыңдар. Ал, «қуыршақ» ше?

«Қ» әрпінен басталады.

— Доп деген «Д»- әрпінен басталады.

Күлдірген: Жарайсыңдар, балалар, мен сендерге ризашылығымды білдіріп, ойыншықтарыңды ұқыпты ұстауға тілектеспін. Сау болыңыздар! Балалар Күлдіргенмен қоштасады.

Енді сергіту жаттығуларын жасаймыз:

Жел уледі: у-у-у,

Құйын келіп биледі: зу-зу-зу,

Қатты, қатты жел соқты: гу-гу,

Жапырақтар қол соқты, ду-ду,

Шыдай алмай жапырақтар, ах-ах,

Билеп кетті қалтырап, пах-пах.

Рефлексивті кезең:

— Бүгін біз не істедік?

— Нені білдік?

— Бізге кім қонаққа келді?

— Балалар, біз бүгінгі іс-әрекетімізде нелер туралы әңгімеледік?

(Балалардың жауаптары).

Күтілетін нәтиже:

Нені біледі: ойыншықтарды.

Қандай түсінікті игереді: ойыншықтарды, оларды топтастыруды.

Меңгерген дағдылары: ұқыптылыққа, достыққа, тазалыққа, әдемілікке, байланыстырып сөйлеуге дағдыланды.

      Хайруллаева Юлдуз Фархадовна

«Балапан» бөбекжай-балабақшасының

ІІ-санатты тәрбиешісі

ОҚО, Кентау қаласы, Қарнақ ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.