(Халық даналығынан)
«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» -деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай білім беру жүйесіндегі бүгінгі өмірдің талабы сабақ өткізудің жаңа әдістері мен ақпараттандырылған оқыту технологияларын пайдалану. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы оқытудың тиімді жолдары мен түрлерін іздестіру. Сондықтан да оқытудың жаңа түрлерін күнделікті сабақта қолданып, жоғары нәтижеге жету – мұғалімнің міндеті.
Менің алдыма қойған мақсатым-оқушыларға ұлттық педагогикалық тәрбие мен білім беру мен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, сабақта жаңа технология үлгілерін пайдалану. Сол себепті сабағымды идеялық жағынан ғылыми негізде, өмірмен байланыстырып, оқушының қызығуын, білім құмарлығын танытып, сабақта оқушыларды ойлануға, өздігінен жұмыс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша жинақтап, баяндай білуге үйретемін. Қазақ тілі пән бойынша сабақтарды қызықты, түсінікті болу үшін, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін жарысуға бір-біріне көмектесу қасиетін дамытуда және өткен сабақты қайталап қорытындылап бекіту барысында ойын технологиясын қолдану өте тиімді деп таптым. Ойын – бұл еркін және өзіндік әрекет,ол баланың жеке қызығушылығынан туады, белсенділігімен ерекшеленіп, шығармашылығын, жоғары сезімділігін көрсетеді. Ойында ғана баланың жеке қажеттілігі мен шектеулі мүмкіндіктері ашылады. «Ойын, сондықтан ойын, ол баланың дербестігі».
Өткен сабақтарды қорытындылап, толықтырып бекітуге, игерілген білім сапасын тексеруде «Бәйге», «Жұлдызды сәт»,«Сақина салмақ» ойын түрлерін қолданамын.
Ойын технологиясын қолданған кезде оқушылардың ойлау қабілеті өте жақсы дамиды, осыған орай мысал ретінде «Қатесін тап» ойыны. Бұл ойынды өмір талабына сай компьютермен өткізу өте тиімді. Сабақта ойын элементтерін екі түрлі мақсатта пайдаланамын. Оның біріншісі-оқушының сабаққа қызығушылығын, ынтасын арттыру, тілін дамыту, екіншісі-оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын арттыру және ойлау қабілетін дамыту.
Әр сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек.
Ойын-шығармашылық, ойын- еңбек. Мысалы: түстерді қайталау сабағында «Ойлан тап, қандай түс» ойынын ойнатамын. Ойынның мақсаты: Түстер туралы ұғымды бекіту. Керекті құралдар: түрлі-түсті жеміс-жидек, көкөністер суреті. Ойынның шарты: отырған ойыншыға шиенің суретін көрсетемін-суреттегі заттың аты мен түсін кім айтады? Келесі суреттің түр түсін ажыратуын сұраймын. Міне, осылай түр мен түсті қайталауға болады. Оқушыларды білімге жетелейтін, пәнге деген қызығушылығын арттыратын әдістің бірі-грамматикалық ойындар. Бұл ойындарды сабақта жиі қолданамын. Ондай ойындар барысында баланың сөйлеу тілі дамиды. Фонетика саласы бойынша жүргізуге болатын ойын түрлері өте көп. Мысалы: «Кім көп біледі?» ойыны.
- «Б» дыбыстан басталатын сөзге мысал ойла.
- Білгіштің хаты.
Біз Білгішбектен хат алдық. Ол өзенге барып балық аулапты. Жинаған балықтарының атында «б» дыбысы бар екен. Ол сендерден көмек сұрайды. Қандай балықтар екенін айтып жіберейік. (бекіре, табан, алабұға, камбала) (Дыбыс таңдау» ойыны. Сөйлемдегі сөздер бірдей дыбыстан басталу керек.Мысалы: Оспан орманнан оралып, орындыққа отырды. «Жоғалған әріп» ойыны.
… ор, … алық,…ота, та… а,… оран.
Тіл білімінің лексика саласын меңгерту, пысықтау мақсатында пайдаланылған бұл ойын түрлері шәкірттердің осы саладан алған білімдерін кеңейтуге, нығайтуға үлкен ықпалын тигізеді. Тіл білімінің лексика саласын өту барысында мына төмендегідей ойын түрлерін өткіземін.
«Кім тапқыр?». Антонимдері бар мақал-мәтелдер жазу. Мысалы:
Ашу-…, ақыл-…
«Жалғасын тап» ойыны. Оқушылар мақал-мәтелдің жалғасын тауып, түсінгендерін ауызша айтады.
1. Отанды сүю… … …
2. Досы көпті жау алмайды,
… … … …
«Сөзден сөз тер» Бауырсақ
(Жауабы: Бауыр, бал, су, ара, ар, ауа, қас, бақ ас, қар, сақ, қуыр, рас, сау…)
Ойын кезінде нашар оқушылардың өздері ойынға араласып сабаққа белсене араласады.Бастауыш мектепте ана тілі және қазақ тілі пәнін оқытудың түпкі мақсаттарының бірі-халқымыздың әдет-ғұрпын, тарихын, тілін, мәдени мұраларын танып-білуге талаптандыру, оларды құрметтеуге тәрбиелеу. Қазақтың ұлттық ойындары елдің өмірімен тығыз байланысты, өйткені олар шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік тұрмыстан туындаған. Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, сайыс, теңге алу, қыз қуу, аудармақ, жамбы ату, күрес, білектесу, бәйге, жаяу тартыс т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға ие. Осындай ойын әлементтерін пайдалана отырып іскерлік, сабақ, дәстүрден тыс сабақ, сайыс сабақ, демонстрациялық сабақтар өткіземін. Халық арасында кең тараған ойынның бірі- «Сақина тастау». «Сақина тастау» ойынын көбінесе, үй тапсырмасын сұрағанда пайдаланамын. Алдымен ойын шартын түсіндіремін, оған азғана енгізулер енгіземін. «Түн» деп бұйрық беру арқылы балаларды «ұйықтатып», сол кезде алақандарының арасына алдын-ала сұрақтар жазылып сақина тәрізді дөңгелектелінген түрлі-түсті қағаз «сақиналарды» салып шығамын. «Күн» дегенде, оқушылар «оянып», мұғалімнің сұрақтарына жауап береді және жауаптар әр түрлі сақиналармен белгіленіп, өздеріне үлестіріледі.
Бұдан басқа «Орамал тастау», «Хан қандай?», «Көкпар», «Бәйге», «Асық», «Сиқырлы қоржын», т.б. тәрізді түрлі ұлттық ойындарды сабақ барысында жаңа материалды түсіндіруге, оны қайталап-пысықтауға, бекітіп-қорыту кездерінде жарыс түрінде өткіземін. Сондықтан оны күнделікті сабақ үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор.Жас ерекшеліктеріне сәйкес үшінші, төртінші сыныптарда танымдық қабілетін дамыту мақсатында интеллектуалдық ойындарды ұйымдастырамын. Интеллектуалдық ойындар арқылы оқушылар әр түрлі жағдайды түсінеді, оны шешу жолдарын қарастырады. Интеллектуалдық ойындар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, оқуға құлшынысын, қызығушылығын арттырады. Жақсы ойынға бала бар ынтасымен беріліп, оны білуге, меңгеруге талпынып, алуан түрлі дағды, мәліметтерді алып, шеберліктерін шыңдайды. Интеллектуалдық ойындарды ұйымдастыруда мынадай мақсатты көздеймін: оқушылардың танымдық қабілетін, алған білімдерін одан әрі дамыту, тереңдету, олардың ізденімпаздығын арттыру, ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілетін дамыту, оқуға белсенділігін арттыру. Сыныптан тыс шараларда өткізілген «Алтын сақа», «Бәйге», «Ойлы болсаң, озып көр», «Тапқыр болсаң, талас жоқ» т.б. түрлі интеллектуалдық ойындар бала қиялын ғана дамытып қоймай, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Бала өз мүмкіндіктерін ашып, жаңалыққа, бәсекелестікке ұмтылады. Ойын пән әрекетін күшейтіп, логикалық ойлауына, басқа адамдармен іскерлік қатынастарына әсер ететінін анықтайды. Интеллектуалдық ойындар арқылы оқушылардың танымдық қабілетін дамыту барысында бастауыш сынып оқушыларынан күтілетін нәтижелер:
-Шағын көлемдегі мәтінді қолдана алады.
-Өзінің ойын білдіру үшін алғашқы сөйлеу дағдыларын қолданады.
-Өз ана тілінің маңызын түсінеді.
-Топпен, командамен бірлесіп жұмыс жасау үшін алғашқы сөйлеу дағдыларын пайдалана алады.
-Жаңа ақпараттық технологияларды қолдана біледі.
-Өз көзқарасын білдіре білуі.
-Өзінің бәсекелестік қабілетін арттыру үшін кәсіби өсуге ынталы болуы
-ақыл-ой деңгейі жоғары болу үшін шығармашылық жұмысқа тартылады.
-Даму деңгейі жоғары дарынды тұлғалар айқындалады.
Ойын түрлерін сыныптан-сыныпқа өткен сайын дидактикалық «деректіден дерексізге, жеңілден ауырға, жақыннан алысқа» деген принципті негізге ала отырып, бірте-бірте күрделендіріп отырған тиімді. Мүмкіншілігіне қарай, әр тақырып бойынша ойын түрлерін қолданып сабақ жүргізу, мұғалімнің шеберлігін шыңдап, сабақтың сапасын арттырады.
Утарова Гулбарам Урынгалиева,
Атырау қаласының
№23 А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.