Home » Жаңалықтар » Озық сыныптың оқушысымын

Озық сыныптың оқушысымын

 

Мен Павлодар қаласындағы жалпы білім беретін №19 орта мектептің 2 «б» — сынып оқушысымын. Менің сыныбымда отыз оқушы бар. Олардың бәрі тәртіпті, мұғалімдердің айтқандарын бұлжытпай орындайды. Менің сыныбым мектептегі ең үлгілі сыныптардың бірі. Сыныбымыздан биші де, әнші де, ақын да, оқу озатын да таба аласыз. Мерекелік жұмыстарға да белсендіміз. Маған барлық пән ұнайды. Менің сабақ үлгерімім өте жақсы. Пәндердің ішінде әсіресе математиканы қатты ұнатамын. Сабақта үнемі логикалық тапсырмаларды орындаймыз. Топпен жарысып есеп шығарамыз. Қосымша берілген математикалық тапсырмаларды қызыға орындаймыз. Математика сабағында біз бір-бірімізге көмек береміз, көбейту кестесін сұрап жаттығамыз. Сыныптастарым  топпен, жұппен жұмыс атқара біледі. Өз ойларын ашық айта алады. Маған әсіресе математикадан деңгеймен берілетін тапсырмалар ұнайды, аянбай еңбектеніп, мұғалімнің сенімінен шығуға тырысамын. Апай «сен білесің», «сенің қолыңнан келеді» деп жетістігімізді жоғары бағалап, мақтап, көтермелеп отырады. Сондай-ақ білім ағашы арқылы, смаиліктер арқылы бағалайды. Ана тілі сабағында мақал – мәтелдер, ертегілер сияқты ауыз әдебиеті үлгілерімен танысамыз. Мақалдарды түсініп, есте сақтауға интербелсенді тақтаның көмегі зор. Апайымыз тақтада мақалдарды ребус түрінде береді. Интертақтамен жұмыс жасауға , ол арқылы сурет салуға, интернет желісін пайдаланып ақпараттар алуға, сюжетті суреттерді көруге үйретеді.
Әдебиеттік оқу сабақтарында жиі кездесетін сөздер мен сирек кездесетін сөздерді анықтауға жұмыс жасаймыз. «Менің мысығым», «Менің досым» сияқты шығармашылыққа бағытталған тапсырмалар орындаймыз. Табиғат құбылыстарын, жануарлар тіршілігін, өсімдіктер әлемін күнделікті өтіп жатқан жаңа сабақтармен байланыстыра зерттеу жұмыстарын да жүргіземіз.
1-сыныптан бастап  ағылшын тілін меңгере бастадық. Бүгінде көптеген дамыған елдерде ағылшын тілі екінші тіл ретінде қолданыста. Халықаралық аренаға шығу үшінде осы тілді білу шарт. Ал тілді жетік меңгеру үшін, еркін сөйлеп, пікір алмасу үшін ағылшын тілін бала күннен, оқушы күнінен бастап меңгеру аса маңызды. Менің ойымша, тіпті тілді неғұрлым көп білсең, өмір жолың ашық, жарқын болады.
Қоңырау арасында, сабақтан тыс уақыттарда шахмат, дойбы ойнаймыз. Мақал-мәтел жасыру, қызықты логикалық ойындар ұйымдастырамыз. Әрине, бұл мәртебенің барлығының себепкері сынып жетекшіміз Жакупова Ажар Ерболатқызы. Апайдың таусылмас тағылым сөздерін біз үнемі ұстанып, ұстазымыз атына кір келтірмеуге тырысамыз.

 

Тельман Толғанай,
№19 Павлодар жалпы орта білім
беру мектебінің  2 «б» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.