Home » Баяндамалар » Озық педагогикалық инновациялық технологияларды сабақта қолдану арқылы мұғалімнің біліктілігін арттыру

Озық педагогикалық инновациялық технологияларды сабақта қолдану арқылы мұғалімнің біліктілігін арттыру

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Абай 

        21-ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» Жолдауында: «…Оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет, . . . бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкәппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыру керек» — деген болатын. Елбасымыздың алға қойған зор міндеттерін іске асырушылар – жастар. Олай болса, сол жастарға сапалы біліммен қатар, салауатты тәрбие беру, әрине, Мағжан Жұмабаев айтқандай, мектебіміз бен ұстаздарға байланысты.

Тәрбиенің екінші сыңары – білім. М.Әуезов «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін — білім» — деп атап көрсеткеніндей, еліміздің болашақта ілгері басуы үшін ең алдымен білім қажет. Рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім – ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді нығайтатын болады. Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету екендігін бәріміз білеміз. Сол мақсатқа жету үшін сұрақтар туындайды.

Сабақты қалай пайдалы, қызықты етіп өткізуге болады? Мектептен шыққан оқушы бүгін алған білімнің пайдасы, жаңалығы туралы айта алатын дәрежеде оқыту үрдісін қалай ұйымдастыруға болады? Осы сұрақтарды шешудің бір жолы – оқытуда жаңа ақпараттық инновациялық технологияларды қолдану, яғни мұғалімнің жаңа қаруы ретінде инновациялық әдіс–тәсілдерді кеңінен пайдалану қажет. Инновация дегеніміздің өзі жаңалықты енгізу, жаңалық әкелу, жаңа әдістеме мен жаңа технология. ХХІ ғасыр – жаңа ақпараттық инновациялық технологиялар ғасыры.

Инновация (латын тілінен аударғанда) — жаңарту, жаңалық, өзгеріс деген түсінікті білдіреді. Инновация – оқу-тәрбие процесінің ағымы мен нәтижесін жақсартуда педагогикалық жүйедегі өзгеріс.

Қоғамның жаңа деңгейге көтерілуі, оның қозғаушы күші болып отырған жастарға білім беру ісінде өткен тарихы тәжірибелерді ой-елегінен өткізіп, жаңа заман талабына сай қолдану болып табылады. Сондай қажеттіліктердің бірі — инновацилық технологиялар арқылы оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін арттыру. Бұл мәселенің нәтижелі жүзеге асуы оқушылардың шығармашылық қабілеті бойынша толық білім сапасынан және оны практикада пайдалана білу іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыруды талап етеді. Сонымен қатар, ақпараттық технологияларда әр түрлі дидактикалық әдістерді пайдаланудың өзіндік бай тарихы, терең мазмұны, сан қилы ерекшеліктері бар. Оқушыларға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп, олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерін дамытуда жаңа технологияны және белсенді әдістерді қолданудың заман талабы екені белгілі. Қытай даналығына сүйенсек: «Ауызша айтылғанды ұмытамын. Көрсетсең, мүмкін есімде сақтармын. Қатысушы болсам, мен түсінемін» делінген. Осы сөздерден инновациялық оқытудың мәні өз көрінісін табады.

Қазіргі күні инновация деп көбінесе жаңа технологияларды, әдістер мен құралдарды жасау және қолдануды айтса, сонымен бірге жаңа идеяларды, процесстерді бірлікте жетілдірудің де жүйесі. Сондықтан, оқыту мен тәрбиедегі жаңа технология инновациялық идеяларды енгізу, жаңарту нысаны болып табылады. Жаңа педагогикалық технологияны енгізу 4 кезең арқылы жүзеге асады: 1 кезең – оқып, үйрену, 2 кезең – меңгеру, 3 кезең — өмірге ендіру, 4 кезең – дамыту. Жаңа инновациялық әдістерді пайдаланудың әдістері неде? 1) қазіргі уақыт жаңалық пен инновация уақыты. Күнделікті өмірде жаңа білім мен жаңалықтармен кездесеміз. Бұған оқыту үрдісі де сәйкес болу керек. 2) жаңалықты пайдалану оқушының ойлау қабілетін жаңалыққа икемдеп, алдын ала болжам жасауға үйретеді. 3) инновациялық әдістер бұл белсенді оқыту әдістері. Ақпаратты белсенді түрде сіңірген оқушы жадында өздері айтқанның 80% сақталса, өздері істегеннің 90% қалады. Жаңа оқыту технологиясының түрлері көп. Кейбіреуін атап айтатын болсақ, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту (оқушылардың белсенділігі жоғарылап, өздерінің күштеріне деген сенімдері арта бастайды), М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы» (оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық потенциалын дамытуға бағытталған), Ж.Қараев пен Ж.Кобдикованың «Үш өлшемді әдістемелік жүйесі» (деңгейлік тапсырмалар беру арқылы дамыта оқыту идеясы жүзеге асырылады). Сонымен қатар, деңгейлеп саралап оқытуға тоқталып өтсем, әдетте сабақты жақсы оқитын, жалпы әзірлігі жеткілікті, ізденімпаз оқушылар әр сыныптың 30-40% құрайды, олар тапсырманы жүйе-жүйесімен дәйекті түрде белгіленген уақыт ішінде орындап шығады, ал үлгерімі орташа немесе төмен оқушылар қосымша тапсырмаларды ысырып қойып, әуелі негізгі элементтерді орындайды да, оларды әбден меңгерген соң барып, қосымша тапсырмаларға қайта айналып соғады. Оқушылар тапсырманың негізгі бөлігін белгіленген уақытта, яғни 15-17 минутта орындап шығуы үшін мен тапсырманың саны мен күрделілігін мұқият іріктеп аламын. Сабақ кезінде интерактивті тақтамен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыру, оқытудың әр деңгейлі әдісін қолдануға жағдай жасайды.   Бұл әдіс тапсырманың мазмұны мен күрделілік дәрежесін өзгерту арқылы оқушылардың материалды игеру қарқынының мүмкіндіктерін ескере отырып, оларға әр түрлі көмек көрсетуге жол ашады. Осы мақсатпен Ж.А.Қараевтың деңгейлеп саралап оқыту технологиясын пайдаланамыз. Ол оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін 4 түрге бөледі. 1.Репродуктивтік деңгей. Жалпыға бірдей стандартты білім негізіндегі тапсырмалар беріледі. Мұнда оқушылар алдыңғы сабақтарда алған білімдеріне және оқулықта бар мәселелерге байланысты құрылады. 2.Алгоритмдік деңгей. Мұнда оқушы мұғалімнің түсіндіруімен қабылдаған жаңа ақпаратты пайдалана отырып, тапсырманы орындайды. 3.Эвристикалық деңгей. Оқушы өзі ізденіп, қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып, жауап береді. Бұл тапсырмаларды орындауда оқушының ой белсенділігі негізгі қызмет атқарады. 4.Шығармашылық деңгей. Оқушы таза өзіндік дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді. Қазіргі кезеңде әр мұғалім үшін көмек болатын құрал «ақпараттық-коммуникативтік технологиялар (АКТ)» деп айта аламын. Ақпарат ұғымы (латын тілінен “іпformation” – түсіндіру, мазмұндау)- бұл мәлімет халықтың ауызша, жазбаша немесе басқа да әдістермен (шартты белгілер көмегімен, техникалық құралдар және т.б.): ”Қоршаған орта әлемі туралы түсінік беру, ондағы үрдістің өтуі, адамның оны қабылдауы немесе арнайы құруы”. Қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды дамыту білім беру саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Біз «ақпараттық жарылыс» дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ақпараттандыру технологиясы арқылы заман талабынан сай сабақ берудің тиімділігі өте көп. Күнделікті сабақта видео, аудио қондырғылар мен теледидарларды, компьютерді, интерактивтік тақта мен мультимедиалық проекторларды пайдалану үлкен нәтижелер беретініне әр мұғалім өзі көз жеткізіп отырмыз. Жаңа ақпараттық технолгияның ерекшелігі мұғалімдер мен оқушылардың бірлесіп, шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал етеді. Мектептердің оқу-тәрбие үрдісінде жаңа ақпараттық технологияны енгізу арқылы оқу сапасы жақсартып, дамыта оқытуды жүзеге асырылып, сабақ қарқының жеделдетуде. Электрондық оқулық мектеп оқушыларын ақпараттық технологияны кіші жастан меңгеруге көмектесіп, оқушылардың өз бетімен білімдерін толықтыруларына мүмкіндік береді. Ақпараттық технологияның ерекшелігі: оқушылардың өздері ақпараттар жинап, жаңалық ашуға ұмтылып, ізденіп жауабын тауып, өзінің қөзқарасын логикалық түрде дәлелдеуіне итермелейді. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар әрбір оқушының білім беру үрдісіне шығармашылық қабілетін дамытуға айқын мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ, оқушының танымдық іс-әрекеттері күшейіп, өзіндік жұмыстарды тез орындау мүмкіндіктері артады.

«Қазіргі заманда \жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» — деген бағдарлы сөз — ұстаздардың алдына қойылған міндеттердің бірі. Бәсекеге барынша қабілетті қоғамға ену мақсатын алға қойып отырған еліміздің білім беру саласында нәтижелі ізденістер бастау алуда. «Білім туралы заңда» оқытудың жаңа технологияларын ендіру, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеті айқын көрсетілген. Ақпараттық технологияның жедел қарқынмен дамуына байланысты түрлерінің қызметі де өзгеруде. Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты әлемдік ақпараттық кеңістікке енуде. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін интернет желісін қосылып оны пайдалануда.

Білім саласында электронды оқулықтарды пайдаланып, үлкен табыстарға жетуге болады. Электронды оқулықтарды пайдалану барысында оқушы екі жақты білім алады: біріншісі — пәндік білім, екіншісі — компьютерлік білім. Электронды оқулықтарды пайдалану оқушының өз бетінше шығармашылық жұмыс жасауына, теориялық білімін практикамен ұштастыруына мүмкіндік береді. Электронды оқулыққа оқу технологиялары жинақталған. Мысалы: ойын арқылы оқыту, блокты оқыту, тірек- сигналдар арқылы оқыту, т.с.с. Электронды оқулық арқылы оқушы көптеген қосымша материал ала алады, осы алған мәліметтерін компьютерден көргендіктен есінде жақсы сақтайды, өз бетінше жұмыс жасау қабілеті қалыптасады. Жас ұрпақты оқытуда осы айтылған инновациялық технологияларды пайдалану – шығармашылық жетістіктің негізгі көзі және мұғалімнің кәсіби өсуінің тура жолы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2030» жолдауы.
  3. Қабдиева С. //Бастауыш мектеп – 2004 — №2 – 21б.
  4. Қазанғапова Л. //Бастауыш мектеп – 2001 — №2 – 9б.
  5. Сеңкібаев С. //Ұлт тағылымы – 2001 — №2 – 14-19 б.
  6. Тоқаев Қ. //Қазақстан мұғалімі – 2000 – 19 қаңтар 1-3б. Битуова Т. //Мектеп – 2006 — №10 – 1б
  7. Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту сипаты мен ерекшелігі. Алматы, Хабаршы N 20, 2010ж
  8. Аюбаева Т Ақпараттық технологиялар оқыту үрдісінде. // Қазақстан мектебі 2008 № 9 65 б.

Г. С . Муслимова, Ш. Н . Алтаева,

А. С. Макаренко атындағы №41 мектеп – лицей мұғалімдері, Шымкент қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.