6 маусым күні Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, физика, химия, биология, тарих, география, өнер, дене шынықтыру пәндерінен облыстық семинар өткізілді. Семинарды Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Касимов Балқан Маратұлы ашты. Мектеп басшысы өз сөзінде семинардың мақсатына тоқталып, «Зияткерлік мектептер тәжірибесін жүйелі көрсету, облыс және қала мектептерімен ынтымақтаса жұмыс жүргізу арқылы біз орта білім беру жүйесінде реформаларды жүзеге асыруда қолдау жасауды негізгі мақсатымыз деп санаймыз»,-деді. Сондай-ақ ол Зияткерлік мектептердің оқу үдерісі мазмұнындағы ерекшеліктерге, мектеп түлектерінің нәтижесіне, Зияткерлік мектептердегі құндылықтар және оларды ендіру бағытындағы жобаларға қысқаша тоқталды.
Облыстық семинардың келесі кезеңі бірнеше сессияда жалғасты. Әр пән мұғалімдері арнайы кабинеттерге бөлініп, кіріктірілген білім беру бағдарламасының ерекшеліктері және жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдану тақырыбында ұйымдастырылған шеберлік сыныбына қатысты. Шеберлік сыныпты дайындаған Зияткерлік мектеп мұғалімдері жаңа бағдарлама мен пәнді оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша облыс мұғалімдерінің сұрақтарына жауап беріп, тәжірибелік жұмыстар жасатты.
Сессияның екінші кезеңі критериалды бағалау жүйесінің ерекшеліктері (тапсырмалар, бағалау критерийлері, дескрипторлар құру) бойынша шеберлік сағаттары мен семинар-тренингпен жалғасты. Республиканың 5 және 7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына өтетіндігінен хабардар мұғалімдердің критериалды бағалау жүйесі бойынша сұрақтары көп болды. Олардың сұрақтарына толыққанды жауап беру мақсатында Зияткерлік мектептің мұғалімдері бағалау жүйесі бойынша тек ақпараттық мазмұндағы ресурстарды беріп қана қоймай, мұғалімдермен бірге практикалық жұмыстар жасады. Облыс мұғалімдері оқу мақсатына сәйкес бағалау критерийлерін жасады, тапсырмалар құрастырды, оларға дескрипторлар жасап, өзара, өзін-өзі бағалау әдістерін қолданып, бір-бірінің жұмыстарына кері байланыс берді.
Жалпы, облыс мұғалімдерінен алынған кері байланыс пен рефлексияның қорытындысына қарай отырып, семинардың мұғалімдерге өте пайдалы болғандығын, өз мақсаты мен күтілетін нәтижеге жеткендігін атап айтуға болады. Сондай-ақ облыс мұғалімдері осындай семинарлардың жиі ұйымдастырылуын, бастапқы уақытта жұмысты жүйелегенше қолдау қажеттілігін айтты.