Home » Мақалалар » Нәтижеге бағытталған білім берудегі игі істер мен ізденістер

Нәтижеге бағытталған білім берудегі игі істер мен ізденістер

«Білу аз, білгеніңді қолдана білу керек,

істегің келу аз, істеу керек.»

И.В.Гете

 

Әрбір тарихи кезеңде, қоғамда туындаған талаптарға сай келешек ұрпаққа берілетін білімнің мәніне жаңа сипат беріліп, жаңа ұстанымдар қарастырылуда. Ел президенті Н. Назарбаев өз Жолдауында «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» дей келіп, білім саласында түбірлі өзгерістерге әзірліктің қажет екенін баса айтты.

Қазіргі таңдағы білім саласында, жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет ете алатын, дүние — танымы жоғары, білімдік бәсекеге қабілетті жан — жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу.

Президентіміз Н. Назарбаев еліміздің дамыған, өркениетті елу елдің қатарына қосылу үшін бірінші кезекте ғылым мен білімнің дамуына, оның негізгі орта мектеп түлектерінің білім сапасына баса назар аудару қажет екендігін айта келіп, өкіметке нақты міндеттер жүктеді.Осы міндеттерді алға тартып, еліміз оқытудың жаңа кезеңіне көшті. Ол — нәтижеге бағытталған білім беру. Нәтижеге бағытталған білім беру дегеніміз – жеке тұлғаның құзырлығын қалыптастыру. Құзырлық – ол тереңнен берілетін білім. «Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениетімен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті» деген болатын Т.Г. Браже. Кез — келген білім ордасының білім сапасын арттырудағы туындайтын кейбір проблемалардан шығу үшін: нәтижеге бағытталған жалпы орта білім беруде мұғалімнің кәсіби құзырлылығын дамытуды талап етеді. Әрбір мұғалімнің кәсіби дайындық сапасына қойылатын талап немесе кәсіби теориялық білімі мен практикалық біліктілігі – құзыреттілік пен кәсіби шеберлігінің сапасы ретінде қаралады. Құзыреттілікті нәтижеге бағытталған білім беру жүйесінің сапалық критериі ретінде қарау, зерттеу, бүгінгі күн талабы.

ҚР «Білім туралы» заңында айтылған «Білім беру жүйесінің басым міндеттерінің бірі – жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектісін дамыту» деген сөздерін басшылыққа ала отырып, бүгінгі білім беру саласының алдында жүйеленіп, дайындалып берген білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс жасай алатын, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілеттерімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.

Қазіргі таңдағы білім беру салаларында бұрынғы біліммен салыстырғанда көп айырмашылық бар. Бүгінгі білім саласында ақпараттық-комуникативтік құралдар, техникалық құралдар, аудио-визуалды құралдарды кеңінен пайдаланып, оқушының тек кітаптан оқып, құлақпен естіп қана қоймай, оны іс жүзінде көруге де көп мүмкіндігі бар. Сондықтан да мұғалім өзінің шеберлігінің, ізденімпаздығының арқасында ең жоғары деген нәтижеге жетуге құзіретті.

Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі — белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Ескі мазмұнды ығыстыра отырып,елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің (Жапония, Германия, Голландия) тәжірибесіне назар аударсақ, түпкі мақсаты-баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни, бірінші орында баланың білім, білігі мен дағдысы емес, жеке тұлғаның білім алу арқылы дамуын қояды. Осы мақсатқа орай, бүгінгі педагогика ғылымында жаңа оқыту технологиялары: дидактикалық біліктерді шоғырландыру, ізгілікті-тұлғалық бағдарламалар, дамыта оқыту, мәселелік, тірек сигналдары арқылы, деңгейлеп саралап оқыту, өздігінен ізденіп даму, оқытудың компьютерлік, модульдік технологияларды ғылыми тұрғыда дәлелдеп, баламен бірге жұмыс жүргізіп жүзеге асырушы мұғалім.

Білім мекемелерінде жоғары білім сапасына қол жеткізу пәндер бойынша мұғалімдердің педагогикалық шеберлігімен қатар, оны басқару ісін тиімді ұйымдастырып, дұрыс бағыт-бағдар берілетін әдістемелік жұмыстарды жүргізу дұрыс жолға қою қажет, себебі қазір санның заманы өтіп, сапаның дәуірі туып отыр. Бәрінің алдына қойған өзекті мәселесі: — «Озық педагогикалық тәжірибені қолдана отырып, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырып, нәтижелі білім сапасына қол жеткізу». Жеке тұлғаны қалыптастыру барысында білім беру сапасына ерекше мән беріп келеді. Сапалы білім беруді көздеген ұжым баланың мүмкіндіктерін алдын-ала болжауға, модельдеуге ұмтылады. Өйткені, олар білім беру нарығында қабілетті болу үшін ішкі тапсырыс талаптарына сәйкес болу керек екенін жақсы түсінеді. Соған байланысты, барлық білім мекемелерінде деңгейінде сапалы білімге кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «әдістемелік орталық» ұйымдастырылып, әдістемелік жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіліп келсе.

Қай пәннің мұғалімі болмасын, өзінің пәніне деген баланың қызығушылығын арттыру басты міндеті болып саналады. Білімді әрқашанда жүйелі, құрылымы жағынан мазмұнды етіп беру, әр түрлі әдіс тәсілдермен түрлендіру әр мұғалімнің өз шеберлігіне байланысты. Сондықтан да ізденімпаз, өзіне талаптар қоя білетін, кәсіби деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген мұғалімнің шығар шыңының биік болу мүмкіндігі мол. Нәтижеге жету үшін ылғи да ізденіп, талаптану қажет.

Елбасының жолдауында айтылған «Келешекте мұғалім мамандығы ең беделді әрі жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі болу керек. Әрине мұғалімнің өзі де уақыт талабына сәйкес болуы міндетті» деген сөздерін басшылыққа ала отырып, біз өз білімімізді әрі қарай жетілдіріп, жас ұрпақтың білімі мен білігі сай нәтижеге бағытталған құзіретті тұлға дайындауға ат салысайық.

Калыбаева Алтынай Мамыралиевна,
Тараз қаласы
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы,
«Қазақстан ұстазы» медалінің иегері

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.