Home » Ашық сабақтар » Нұр себеле, әз Наурыз!

Нұр себеле, әз Наурыз!

Мақсаты: Балаларға Ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру. Балалардың мәнерлеп оқу,ән айту, ертегі кейіпкерлерін сахналай білу дағдысын дамыту. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін,әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тәрбиелеу.

Әсем безендірілген залда қазақ күйі ойнап тұрады. Балалар билеп, көңілді болып кіреді.
Жүргізуші: Армысыздар,қонақтар! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын!

Жүргізуші: Барлық бастаманы, ұлы істі ырымдап халық осы күні бастаған.

Сол себепті бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні» деп атаған.

Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.

Жүргізуші: Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,

Жап-жасыл боп кетті дүние жаңғырып.

Жақсылыққа жаршы болған Наурызым,

Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!

Ендеше, бәріміз Наурызды қарсы алайық! (Наурыз қыз музыкамен ортаға келеді)
Наурыз қыз: Мен наурыз қызбын
Қыздарымда қасымда
Ұлыс күнге жетті міне асыға
Келген жылым жақсылыққа басташы
Қуанышпен әр үйдің
Босағасын атташы
Адия
Сәнді көктем — Наурыз!
Наурыз тойы — жырымыз.
Көңіл гүлдей жайнасын.
Құлпырсын күн мен ай.
Құтты болсын Наурыз!
Мадина

Қош келіпсің Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!
Би биледік бәріміз!
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.

Мадияр
Бас иеміз — Наурыз!
Сені тойлап қарсы алып, Камила
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!
Тәрбиеші: Рақмет, Төрлетіңдер, дастархан басына жайғасыңдар.
Наурыз жыл басы, наурыз қуаныш мерекесі.
Тәрбиеші: Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі.
Наурыз – көктем мерекесі. Ендеше «Көктем» туралы ән шырқайық
ӘН: «Көктем әні»
Тәрбиеші:
Келесі кезекті осынау қасиетті мерекеге арналған тақпақтарға береміз.
БИ: «Қамажай» биі
Наурыз қыз: наурыз мейрамында ауылдарды аралап наурыз көже ішу керек екен.
Тәрбиеші: Иә, наурыз көже ең дәмді, әрі тойымды, құнарлы тағамның бірі.
Наурыз қыз: Ендеше, мен ауылдарды аралап, қыдырып қайтайын – деп шығып кетеді.
Ән «Наурыз мереке»
Тәрбиеші: балалар, малдас құрып дөңгелене отырамыз, қолымдағы жіпті көріп отырсыңдар, осы жіпті орай отырып, бір – бір тыйым сөз айту керек.
Дайынбыз ба? Бастаймыз.
Үйде ысқырма.
Үлкеннің жолын кеспе.
Асты үрлеме.
Саусағыңды аузыңа салма.
Тіліңді шығарма.
Жақты таянба.
Тізеңді құшақтама.
Табаныңды тартпа.
Бір қолмен нанды үзбе.
Есікті қатты жаппа.
Отқа түкірме.
Үйге қарай жүгірме.
Есікті керме.
Үлкеннің алдын кеспе.
Босағаға тұрма.
Бос бесікті тербетпе.
Бетіңді баспа.
Адамға қарап керілме.
Көк шөпті жұлма.
Құстардың ұясын бұзба.
Суға түкірме.
Құмырсқаның илеуін бұзба.
Тәрбиеші: Кел, балалар ойнайық
Ойнайық та, көңілімізді көтерейік
Ойын: «Тақия тастамақ»

Ұлдардың биі:«Батырлар биі»
Тәрбиеші: Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ендеше, ақ кимешекті ақ әжеміз наурыз көже әкеле жатыр. Қош келдіңіз! (музыка)
ӘЖЕ: (Қолында тостаған, наурыз көже)
— Амансыздар ма, құрметті қонақтар, балалар, көктемнің тамаша мерекесі, Ұлыстың ұлы күні, Наурыз құтты болсын, әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!
— Балалар, менің қолымдағы не? Онда не бар деп ойлайсыңдар?
— Дұрыс айтасыңдар. Бұл Наурыз көже. Наурыз мерекесін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Сендерге сұрақ
— Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып дайындайды?
— 7 түрлі
— Қане атап беріңдерші?
— Сүр ет, сүзбе, бидай, құрт, тары, май, тұз
— Дұрыс айтасыңдар. Наурыз көже ең дәмді, әрі тойымды, құнарлы тағамдардың бірі. Ерте кезде үлкен тайқазанға пісірген. Наурыз көже қаншама халықты аштықтан аман алып қалған.
— Ал, қонақтар жыл бойы тоқшылық болсын, дастарханымыз кең жайылсын деген ақ тілекпен наурыз көжеден дәм татыңыздар.
(ата – аналар алдына үстел қою, Наурыз көже құятын тостағандар қойып, құйып береді)
ӘЖЕ: Мына наурыз мерекесіне бір әдемі кілемшені әшекейлеуді бастап едім, аяқтай алмай қойдым. Мына көзде көрмейді, кәрілікте келді. Балалар маған көмектесіп жібересіңдер ме? Келіңдер, отырыңдар – деп жерге отырады
(Әже жерге отырып, кілемшені жайып, оюларын жанына қойып, қалай жасау керек екенін көрсетеді. )
Тәрбиеші: Әрине, балалар әжеге көмектесеміз бе? Әже, сіз көрсетіп отырыңыз, қайсысын қай жерге орналастыру керек екенін. 4 бала шығару
ӘЖЕ: Ой, рақмет, балалар! Өркендерің өссін, көп жасаңдар. Қандай тамаша кілемше болды – деп жайып көрсетеді
Тәрбиеші: Қандай көмек керек болса айтыңыз, біз әрқашанда көмектесуге әзірміз. Солай ма, балалар?
ӘЖЕ:  Сау болыңдар, балалар! Наурыз құтты болсын! (шығып кетеді)
ӘН: «НАУРЫЗ»
Тәрбиеші: Осымен Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын!

 

 

Қарасартова Д.С.,
Ақтөбе қаласы,
МКҚК №26 «Үміт» Мектепке дейінгі ұйым
қазақ тілі мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.