Жезқазған қаласының №7 «Айгөлек бөбекжайы Наурыз мерекесін жылдағыдан ерекше қарсы алды. Ұлттық нақышта әдемі ою-өрнектермен безендірілген мереке өтетін залдың өзі көз қуантты. Мен, ұлттық киімдердің ішінде ең әдемісі – қазақтың ұлттық киімі дер едім! Кім кисе де жараса кетеді-ау шіркін! Бөбекжайымыздың бүлдіршіндерінен бастап, тәрбиешілері мен педагогтары ұлттық киімді киіп шыққанда, мерекені одан әрі жандандырып жіберді. Кіші топ балалары мерекені өз топтарында қарсы алды. Ортаңғы топтар концерттік бағдарлама көрсетті. Ересек «А» қазақ тобының балалары өз өнерлерімен бірге «айтыс», «қыз қуу», «көрісу» секілді дәстүрлерді көрсетті. Осы жылғы мерекені ерекше қарсы алған – Ересек «Б» орыс тобының балалары болды. Бұл ертеңгілік қазақ тілі пәнінің мұғалімі – Әлжанова Гүлмира Құламқадырқызының ұйымдастыруымен өтті. Ерекшелігі сол – ертеңгілікті орыс тобының балалары тек қазақ тілінде жүргізді. Қазақтың «Алтын сақа» ертегісінің желісі бойынша өрбіген ертеңгілік «Көкпар», «Арқан тартыс» сияқты ұлттық ойындармен жалғасып, «Тұсаукесер» дәстүрімен аяқталды. Қазақ тілінде тақпақтар мен әндер айтылды. Қазіргі таңда, ана тілімізді кейбір өз қазағымыз шұбарлап, ақсатып жатқанда, кіп-кішкентай орыс тілді бүлдіршіндеріміздің қазақ тілінде сөйлеп тұрғаны, әрине, көз де, көңіл де қуантады. Өзге ұлт өкілдерін дәл осылай кішкентайынан үйретіп, мектепке барғанда да жалғастырып жатса, шіркін, ана тіліміздің мәртебесі одан әрі өсе түсер еді-ау!
Бөбекжай әдіскері Байғабулова М.Ж.