1999 жылдың 1 наурызында өткен партияның І құрылтай съезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланғаны барша қазақстандықтарға мәлім. Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы алғашқы құрылған күннен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы бола білді. Еліміздегі қоғамды ұйыстыратын көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де өзіндік жолы, бағыт-бағдары айқын саяси күш. Құрылғанына 20 жыл уақыт ішінде «Нұр Отан» партиясы еліміздің барлық аймақтарында қанатын кең жайған, қатары көбейген, халықтың зор сеніміне ие жарқын істердің жаршысы болса, «Өрлеу» Қарағанды институтының бастапқы партия ұйымы да Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруда қалыс қалмады. Олар облыстағы партиялық жобалардың іске асырылуы жолындағы іс-шараларға белсене атсалысып, ілкімді істер атқарып келеді. Биылғы 2019 – Жастар жылы мен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай Қарағанды филиалының жастары партия қатарын толықтыруды жөн санап, ортақ игілікке қол жеткізу үшін барлық бірлестіктермен белсенді үнқатысуға, сындарлы пікір алмасуға және ой бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры С.Д. Муканова «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының XXXI конференциясының делегаты ретінде 2019 жылдың 14 ақпанында аймақтың жаңа өсу нүктелерін талқылауға қатысты.
Бұл аталмыш конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімі Е.Ж. Қошанов білім беру жүйесі Қазақстанның әл-ауқатын жақсарту үшін қуатты ресурс болып табылатындығын атап көрсеткен. Конференцияда Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мониторингісінде бастапқы партия ұйымдарын тарту міндеті қойылды.
«Нұр Отан» партиясы «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиялық бағдарламасын негізге алып, қоғам өміріндегі маңызы зор мəселелерге араласып, ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқаны мəлім.
«Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойы еліміздің жаңа тарихи даму кезеңімен сабақтасып, қоғамның барлық саласында уақыт ағымына сай модернизациялау, экономикалық жəне технологиялық, саяси, əлеуметтік жəне рухани жаңғыру үдерісімен үндесуі көптеген игі істерге серпін берері анық.
Елбасының биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттер еліміздің барлық азаматтарының әлеуметтік жағдайларын жақсартып, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған игі қадамдар.
Астанада өткен Қазақстанның жаңа үкіметінің алғашқы кездесуінде Премьер-министр Асқар Мамин, Елбасының жаңа құрам алдына халықтың әл-ауқаты, табыс пен өмір сапасын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған барлық басымдықтарды белгілегендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының алдағы съезінде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірқатар жаңа шаралар жарияланатын болады деп мәлімдеді.
«Нұр Отан – болашақтың партиясы! Біз Елбасының мемлекеттік бағытының мызғымайтындығы және тиімді жүзеге асырылуы халықтың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететініне сенеміз!
Туғанбаева Тілеу,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ қоғаммен байланыс және баспа бөлімінің бас маманы