Home » Балабақша » Нұрлы болашақ бастауы

Нұрлы болашақ бастауы

Баланы тәрбиелеу мен оқыту балабақшадан басталады. Өткен ғасырдың          1970-жылы бой көтерген балабақшамызға жарты ғасырдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде көптеген түлектер білім алып, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.

Қазіргі уақытта балабақшада жоғары білікті 37 педагог жұмыс істейді. Балабақшада қызметкерлер мен балалардың денсаулығын нығайтуға, сапалы білім алуына қолайлы дамыту ортасы құрылған.

Балабақшада оқыту мен тәрбиелік жұмыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талабына сай және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Балаға сапалы білім беруде қазіргі заман талабына сай рухани құндылығы мол халқымыздың этнопедагогикасын негізге ала отырып, болашақ ұрпағымыздың санасына ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды өмір талабымен ұштастыра отырып тәрбиелейміз.

Балабақшада тәрбиеленушілердің білімінің сапалы болуы, алдымен тәрбиеленушілердің атқаратын жұмыстарының мағынасында. Осы мақсатта баланың жан-жақты дамуына жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін үнемі қолданудың нәтижесінде оқыту-тәрбиелеу жұмыстары жоғары дәрежеде атқарылуда.

Баланы тәрбиелі оқыту жұмысының басты бағыты – ұлттық тәрбие беру. Осы бағытты негізге ала отырып, озық тәжірибені кеңінен қолдануға, қазақтың халықтық педагогика мұраларын балалардың бойына сіңіруге, тәрбиешілердің кәсіби шеберлігінің жоғары болуында. Балабақшада ҰОӘ өте жоғары деңгейде өтіледі. Мұны «Өрлеу» біліктілік арттыру институтымен бірлесіп өткен «Менеджмент жүйесі: оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбында өтілген облыстан келген меңгерушілерге арналған семинардың жоғары дәрежеде өтілгені, облыстық «Ақ жол» газетіне басылған мақаладан көруге болады.

Қазақстанның экономикалық өрлеу кезеңіндегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани патриоттық тәрбие беру, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру, міне осылардың бәрі оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «»Ағаш түзу өсу үшін оған кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік, патриоттық сезім мен құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер басты роль атқарады.

Заман талабына сай білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне аудара бастады. Дер кезінде адамгершілік құндылықтары қалыптаспаса, бұл қасиеттер адам дамуына тек кедергі болып қана қоймай, сонымен қатар жасөспірімдік шақта бала дамуында әлеуметке қарсы мінез-құлықтың болуына әсерін тигізеді. Сондықтан, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиеленушілерінің жетістіктерін зер салып талдау керек.

Балабақшамыздағы атқарылатын жұмыстың нәтижелігі байқаулар мен жеңістерден жеңімпаз атанудан. Әдіскер Акилбекова Гульмира қалалық «Ең үздік балабақша әдіскері» байқауына қатысып, ІІ орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.

Өнердің алғашқы баспалдағы балабақшадан қаланады, балалардың өнерлі болуына жетекшілер көп көңіл бөледі. Ән жетекшісі Тасқожаева Қаламқас Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңістің жасампаз әндері!» облыстық байқауына қатысқаны үшін дипломмен, қалалық «Жеңістің жасампаз әндері!» атты ретро-әндер байқауында өз өнерін жоғары дәрежеде көрсетіп, 2-орынды иеленді.

Ананың бесік жырын көңіліне түйіп, балабақшадан алған өнерге деген сүйіспеншілік шабытын шыңдаған бүлдіршіндерімізге, өз өнерлерін облыстық, қалалық байқауларда жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Республикалық «Айгөлек-1» балалар байқауында ерекше талантымен танылған Өтепберген Арайлым, Райс Айзере ІІ дәрежелі дипломмен, Абишева Асылай «Қазақстан – менің ортақ үйім» атты қалалық байқауында ІІІ орынды, VІІ қалалық «Еркемай» жас таланттар фестивалінің жеңімпазы Серікхан Саялы дипломмен, Осанкина Розали «Қазақшаң қалай, балақай?» қалалық байқауында І орынды иеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Тәрбиеленушілеріміз Халықаралық «Үркер», «Пони» турнирлерінде дипломға, сертификаттарға ие болды.

Ұжымымыздың осындай қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен айту өте орынды деуге болады.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына балабақшадың қосар үлесі бар. Республикалық әскери-патриоттық журналының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке тарту!» атты өнер байқауында балабақша бүлдіршіндерінен құралған «Жасқыран» квинтетіне (М.Жандарбек, А.Серғали, Б.Тұрарбек, М.Жандарбай, А.Манап) «Атамекен» әнін жоғары дәрежеде орындағанын ескере отырып, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде берілді. Бұл балабақша түлектерінің тәрбиелі, өнерлі болашақ ұрпағы – Тәуелсідігіміздің сенімді тірегі екенін көрсетеді.

Өйткені, білімді ұрпағымыз – біздің нұрлы болашағымыз. Мәңгілік еліміздің тірегі!

Гүлнар НАХАНОВА

        Тараз қаласы,

№10 «Наурыз» балабақшасының меңгерушісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.