2017 жылғы 23 ақпанда Павлодар қаласы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған № 1 мектеп арнайы білім беретін мектеп-интернатында ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін педагогтарға арналған аймақаралық семинар өтті. Семинар тақырыбы «Есту қабілеті бұзылған балалардың көңіл – күй, әлеуметтік және зияткерлік әлеуетін дамытуға қажет жағдайларды оңтайландыру». Семинар жұмысына Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің әлеуметтік оңалту институтының, Семей, Көкшетау қалаларының есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп – интернаттары, «Өрлеу» АҚ, білім беруді дамытудың инновациялық орталығы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының педагогтары, психологиялық-медициналық-педагогикалық — кеңес беру ұйымдарының басшылары және облыстық арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты. Семинарға барлығы 40 адам қатысты.
Аталмыш шараның өзектілігі оның тәжірибелік бағытталуында. Семинар қатысушылары есту қабілеті бұзылған балаларға пәнді оқытудың ерекшеліктерімен танысты. Семинар қонақтары ашық сабақтар мен сыныптан тыс шараларға қатысты. Шараға қатысқан оқушылардың ата аналары мен мектеп-интернат түлектері қоғамға табысты бейімделу, мамандық алу және өз жұмыстары жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.
Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің әлеуметтік оңалту институтының аға оқытушысы Ксения Александровна Волкова дамуында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кәсіби білім беруді ұйымдастырудың оңтайлы формалары жөнінде баяндады.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды.