Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Анар Баймұрзаева ұстаздар арасында «100 жаңа есім» қатарына енді. Дәлірек айтқанда, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру мақсатында білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушылары арасында өткен «Жылдың үздік ұстазы» атты республикалық байқауына қатысып, 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, оның есімі үздік жүздік топтастырылған арнайы жинаққа жазылды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы Білім басқармасы, «Bilim — orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бірлесе ұйымдастырған ауқымды шараға республикамыздың барлық өңірлерінен білікті де білімді ұстаздар қатысқан. Байқаудың мақсаты – дарынды педагогтардың инновациялық идеялары мен ғылыми әлеуетін арттырып, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру.
— Бұл байқауда әр мұғалімнің өмір жолы, білім саласына сіңірген өлшеусіз еңбектері, жеткен жетістіктерінен бөлек сабақ берудегі методикалық шеберліктері басты назарға алынды. Білімнің жаңа бір шыңына шығып, өз біліктілігімді осындай ауқымы кең байқау, сайыстарда сынау мен үшін өзді-өзіме сын көзбен қараумен тең. Осы арқылы мен өз білімімді тексеремін. Хакім Абай: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», -деп бекерден-бекер айтпаса керек. Келешек ұрпақтың жаңа заманға сай, бәсекеге қабілетті болуы біздерге тікелей байланысты десек, ұстаздар қауымы үнемі ізденіс үстінде болғаны абзал. Сонымен бірге бар жиған-тергеніңді шәкіртіңе берумен қатар, түрлі байқауларда бақ сынаған артық етпейді деп түсінемін, -дейді жас ұстаз Анар Батырғазықызы.
Бала күнінен ғылымның атасы саналған математикаға деген әуестігі басым Анар Баймұрзаева біздің мектебімізде 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жаңалыққа жаны құмар, білімге ұмтылғыш жас ұстаз соңғы 4 жылдың ішінде 1 мәрте республикалық, 1 мәрте халықаралық дәрежеде өткен шығармашылық фестиваль мен конференцияда 1 –ші орынды жеңіп алған. Енді міне, Ұлт Көшбасшысының өзі бастап берген «100 жаңа есім» жобасына еніп, үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алып отыр.
Қоғамдық шараларға белсене қатысатын әріптесіміздің бойында бірнеше өнері бар. Соның ішінде ән салып, домбыра, баян, аккордеон аспаптарында еркін ойнайтындығын бөле-жара атауымызға болады.
— Математикаға деген махаббатымның арқасында осы сала маманы болуы үшін мектептен бөлек 10 жыл уақытымды арнадым. Алдымен колледж, сосын институт, артынан магистратураны үздік бітіріп, ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Музыкалық білімім де аз емес. Дегенмен күрделі есептерді шығару, оның шешімін табу мен үшін өте қызықты еді. Әр адам өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін талмай еңбектенуі керек. Сонда ғана ойдағы арман жүзеге асады деп білемін. Ендігі ойым – бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, бүгшінгі заман талабына толық жауап бере алатын білімді шәкірт тәрбиелеу, -дейді өз мамандығына адал әріптесіміз.
Көздегеніне жетпей тынбайтын Анар Батырғазықызының кезекті жеңісі мектебіміздің абыройын тағы бір мәрте асқақтата түсті. Алдағы уақытта жеңісті жолдар жалғаса берсін демекпіз.
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы