Өткенде бір жиында үлкен апалардың жанына жайғастым. Сонда әңгімелері «Бүгінгінің балалары» дегенге көшті. Иә, рас олар айтқандай, бүгінгінің балалары талапшыл, құлақсыз, ойнауды білмейді, өзіңе ақыл үйретеді, көптің бірі бола салмайды, жыр жаттамайды, есі-дерті планшет пе, әнебір, онан қалды сотка, еңбекке епсіз. Дұрыс айтады, бұл – шындық. Және «Бүгінгі үлкендердің» маңынан тастамай талап қойып, кітап оқып, жыр жаттатып, ғибратты әңгімелерді санасына сіңіріп, жанына ертіп, ағаш отырғызып, еңбекке баулып жүргендері жоқтың қасы екендігі де РАС. Түрпідей тисе де шын. Бір ағылшынның (кім екені есімде жоқ) үйіне журналист барса, теледидар жоқ екен дейді, неге екенін сұрағанда, ол: «Балам бар, ол 14-ке келмейінше, үйде теледидар болмайды»,- деп жауап беріпті. Есесіне қабырға толы кітаптар. Ал біздің 5-6 сериалды тапжылмай көріп отырған «бүгінгі үлкендеріміз» планшет пен телефонға жармасқан балаларға несін ренжиді екен деген ойға қаласың. Біз баланы күнделікті іс-әрекетімізбен тәрбиелеп жатқанымызды байқамаймыз.
Бүгінгінің балалары туралы айтып отырған, көсіліп жүрген жандар бір сәт «Бүгінгінің үлкендері қандаймыз?» деп сұрап көрсе екен деймін ғой.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ