Home » Ашық сабақтар » Наурыз — жыл басы. Читабаева Маржан Жакипбековна

Наурыз — жыл басы. Читабаева Маржан Жакипбековна

Мақсаты: Наурыз мерекесімен таныстыру, Наурыз тойы, наурыз-көже туралы мағлұматтар беру; халқымыздың дәстүріне, әдет-ғұрпына арналған жақсылық пен ақ ниетке толы ата-бабалар жолын жалғастыруға баулу.

Көрнекілігі: «Армысың, әз Наурыз», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын» деген ұрандар, жалаушалар мен ұлттық бұйымдар.

Сабақтың барысы: Музыка әуенімен топқа ұлттық киім киген балалар кіріп шаттық шеңберін жасап тұрады.

Жүргізуші: Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын!

Армысыңдар!
Ұлың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын!
Деніміз сау, көңіліміз шат болсын!

Тәрбиеші:

Наурыз той-көңіл тойы, көктем тойы,
Жақсылық болса дейтін-өмір тойы.
Биыл да былтырғыдай ақ көбейсін,
Елдегі бақыт, байлық, бақ көбейсін!

Жүргізуші: Ежелгі салт-дәстүр бойынша қазақ халқы жаңа жылды наурыздың 22-сі күні қарсы алған. Бұл күнді «Наурыз мерекесі» деп атайды. Өйткені көктем келіп, күн жылынып, жер әлем қайтадан жаңарып, шөптер мен гүлдер өсіп, ағаштар бүршік жара бастайды. Барлық тіршілік иелері ұйқыдан оянады.

Наурыз мерекесіне ел-жұрт ерекше дайындық жасайды. «Наурыз» сөзінің өзі парсы тілінен аударғанда «Нау»- жаңа, «руз» — күн деген сөзінен алынып, жаңа жылдың бірінші күні деген ұғымды білдіреді.

— Үйді, ауланы тазалайды.
— Әдемі ұлттық киімдер киеді.
— Бата, тілектер айтылады.

— Наурыз-көже пісіреді.

-Балалар, наурызкөжені қалай дайындайтынын бізге қонаққа келген әжемізден сұрап көрелік.

Әже: Балалар, наурызкөже – Ұлыстың ұлы күні әзірленетін ұлы ас. Ыдыстағы алдын ала салынған жеті түрлі дәмнен жасалынады екен. Жеті түрлі дәмге айран, қатық, қысқы соғымның еті, бидай, тары, күріш, тұз жатады. Осы дәмдермен наурыз-көже жасалынады екен.

Тәрбиеші:

— Мынау не?

— Дәндер, күріш, бидай, жүгері.

— Дәндер қайда өседі?

— Жерде өседі.

— Мынау не?

— Сүт, айран, қатық, шұбат.

— Сүт, қатықты бізге не береді?

— Сиыр, қой, ешкі, жылқы, түйе.

— Олар бізге не береді?

— Ет, жүн.

— Төрт түлік малдың өнімдерін, дәндерді қосып не жасауға болады?

— Ет, жүн.

— Төрт түлік малдың өнімдерін, дәндерді қосып не жасауға болады?

— Наурызкөже.

Наурызкөжені жеті түрлі дәм қосып жасайды екен. Наурызкөже қасиетті ас саналады.

Наурыз айының 21, 22-сі күні күн мен түн теңеледі.

1-бала:

Бұл мезгілде сай келер,

Құт Наурыз, береке.

Күн мен түн теңелер,

Құтты болсын мереке!

Ортаға әсем әуенмен жарқырап Күн шығады.

 

Күн:

Мен әлемге шуақ нұрын шашқан Күнмін,

Жаңа күн туды жадырап.

Мал өсті төлі жамырап,

Ұлыстың ұлы күнінде.

Шаттыққа толды шаңырақ.

 

Түн: Әлемдегі тіршілік иесін ұйқыға шақырып, тыныштық сыйлайтын – мен Түнмін.

Түрді де қыстың түңлігін,

Теңелді күн мен түн бүгін.

«Алақай, Наурыз келді» деп,

Кісінеп қырда жүр құлын.

Тәрбиеші: Балалар, ал енді барлығымыз денемізді сергітіп алайық.

 

Сергіту сәті:

Дөңгеленіп тұрайық,

Киіз үйді құрайық.

Кереге боп керіліп,

Уықтар боп иіліп.

Киіз үйді құрайық.

 

Балалардың тақпақтары

2-бала:

Уа жарандар, жарандар,

Көңілі бар алаңдар.

Атаң менен анаң бар,

Үлкен-кіші ағаң бар.

Наурыз тойы басталды,

Бәрің бері қараңдар!

 

3-бала:

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты,

Басталыпты Наурыздан.

 

4-бала:

Наурыз тойы – елдің тойы,

Көктем тойы – төлдің тойы.

Ән айтайын күн бойы,

Жақсы көрем Наурыз тойын.

 

5-бала:

Төгіліп шуақ жайдары,

Құбылтып құстар сайрады.

Жамағат түгел жиылып,

Наурыздың тойын тойлады.

 

Тәрбиеші:

Кең даланың ежелгі,

Қазақ дейтін халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де,

Бар дәстүр мен салтымыз.

 

Ұлыстың ұлы күні Наурыз – көбінесе жарыс пен ойын мерекесі. Бұл мерекені барлығымыз асыға күтеміз. Бұл күні «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу» ойындары ойналады.

Қане, балалар, бүгін біз «Арқан тарту» ойынын ойнап көрелік.

Ойын шартын түсіндірейін. Барлығымыз екі топқа бөлінеміз. Тобымызға ат қойып аламыз. 1-топ «Гүлдер», 2-топ «Жұлдыз» тобы болсын.

Арқанның екі жағына тұрып тартамыз. Қай топ сызықтан асып кетсе, сол топ жеңіске жетеді.

Тәрбиеші: Ал, балалар, Наурыз мерекесі туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?

6-бала:

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

 

7-бала: Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

8-бала:

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Ән: «Наурыз келді жаңа жыл».

Қорытынды: Міне, балалар, біз бүгін Наурыз туралы білдік. Халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрімен таныстық, білдік. Сабағымызды аяқтайық.

Сабақты қорытындылау, балаларды мадақтау.

Читабаева Маржан Жакипбековна,
«Астана» балабақшасының тәрбиешісі,
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.