Home » Білім және тұлға » Намазалы Омашев: Ұстамы берік ұстаздарға шәкірт болдым

Намазалы Омашев: Ұстамы берік ұстаздарға шәкірт болдым

 

Бала Намазалы

Балалық шағымды айтсам, енді, өзім сол, әріп танығаннан кейін батырлар жырын ұнататынмын. Біздерде соғым басы деген болады, қыста, қыстың түні ұзақ ақсақалдар малын жайлағаннан кейін жиналады, барып жақсылап шәй ішеді, сосын ет піскенше жаңағы тәуір оқитын балаларға батырлар жырын оқытады. Сонда біздің үйде сырты қап-қалың батырлар жыры кітабы болды. Ішіндегі суреттердің барлығы майлы бояулармен салынған. Әріптері үлкен. Оны өзім де сүйіп оқитынмын. Соғым басында ақсақалдар да оқытады. Сонымен не керек, көп жерін жаттап алғанбыз. Өзімнің мақамым бар қалыптасқан, кімнен үйренгенімді қайдам, мақаммен оқитынмын. Әлі күнге дейін көз алдымда, үлкен қызыл кітап және ішіндегі суреттерінен Қобыландының ат үстіндегі бейнесі, қырлы қала мен сырлы қаланың үстінен секіріп бара жатқаны әлі есімде. Алпамыстың Байшұбары, Қамбар мен Назымның суреті. Сосын ақсақалдардың әңгімесін, есім кетіп аузымнан суым аққанша тыңдайтынмын. Сонда кейде үлкен кейбір әжелеріміз айтатын, не болды сонша аузыңнан суың ағып тыңдайтындай деп күлетін еді.

Мектеп уақытында Бейімбеттің шығармаларын, пъесаларын сүйіп оқығам. Жазғы күндері ойындар көп қой уақыт өткізетін ал, қыстың күні ойын жоқ әлгі Бейімбеттің пъессаларын сарайдың үстінде жоңышқа болады. Сол жерден бір бау жоңышқаны суырып алған кезде, ол жерге қар түспеген көкпеңбек жоңышқа көк диван сияқты. Соның үстіне отырып кітапты оқитынмын. Отырған жерімде жазғы шапқан жоңышқаның иісі, гүлі бұрқырап тұрады. Енді өзімнен-өзім кітап оқығанда рахаттанып, күліп отырып оқимын. Бейімбеттің тілінде жаңағы ауылдың кейіпкерлерінің тілі енді сұмдық қой. Үйге берген тапсырмаларды орындап көп отырмайтынмын. Мектепте Сабыр деген математик ағайымыз болды, тақтаға есеп шығарып жатқанда жауабын бірден айтып қоя беретінмін. Шыдамаймын ғой деймін. Сонда ол бұрылып мені ала көзімен атып қоятын. Сонда ауызша және жазбаша есеп дейтін болды. Сол ауызша есепке өте жүйрік болдым. Сондай-ақ, әдебиет, тарих пәндерін мұғалімдер түсіндіріп жатқанда, сол кезде қағып алып, үйде дайындалмайтынмын. Үйде сарылып отыруға уақытым болмайды. Келесі сабақта мұғалімнің өзі айтқанын өзіне айтып беретінмін.

 

 

Шәкірт Намазалы

Мен орта білім беретін сегіз жылдық мектепті Жамбыл облысы, Меркі ауданы Қойтал ауылында бітірдім. Сондағы менің қатты сыйлайтын ұстазым орыс тілінен сабақ беретін Базылбекова деген кісі еді.  Ол кісінің ерекше тұлғасы, өзін өзі ұстауы, сабақ беруі нағыз ұстаздық атқа лайық. Әлі күнге дейін көз алдымда. Бүкіл ауыл адамдарының ішінен сол кісі ерекше көрінетін. Өзі біздің ауылдың адамы емес, Ресейдің қазағы. Жолдасы үлкен қызметкер болған. Ішімдікке салынып кеткендей ме, түрмеге кеткендей ме сондайды еститінбіз. Мектебіміздің жанында үйі болды. Екі баласымен тұратын. Біз сыйлап атын атамаймыз, негізі көбісі Базылбекова деп атап кеткен. Сол Базылбекованы қазір ойыма түсіріп отырмын. Себебі, мұндай сұрақ маған әлі күнге дейін қойылған жоқ. Маған сол ұстазымның мінезі, жүріс-тұрысы, сабақ беру әдісі, өзін-өзі ұстауы ерекше болды. Әркім біле бермейтін жұмбақ кісі еді.

Кейін Киров аудандық онжылдық мектепке бардым. Ол мектепте Рақым Әбішев деген математик ұстазымыз болды. Оң қолы жоқ иығынан. Жазуды сол қолымен жазатын. Әлгі мұғалімге таңқалатыным, есепті түсіндіргенде кәдімгі ертегі айтқандай жеткізеді. Таланттылар сабақ айтсын, бірдеңені жазсын деп, күрделендірмей аудиторияға лайықты етіп жеткізе алады. Бізге жоғары математиканың есептерін шығартатын. «Сіз тұрыңызшы, шығарыңызшы, қане», деп есепті шығартатын. Егер қатесіз шығарсақ бір марқайып қалатын. Ал бір-екі жерінен қате кетсе: «Бәрі дұрыс тек осы жерінде сәл былай қылсақ тіпті қатып кетеді, ия», дейтін. Енді кезекте өтетін жаңа өтетін сабақтың есептерін шығартатын. Ол кісінің өзі ауылдың шетінде қора жайы жоқ бір қаңқиған үйде тұрды. Үйінен шықпайтын, той жиындарға бармайтын, тек сабаққа ғана келіп, сабағын өтіп болған соң қайта зу етіп үйіне кетіп қалатын. Өрістен келген малдардың кейбіреулері сол кісінің үйінің айналасында жататын. Ертесі бүкіл ауылдың малдары өріске кеткенде сол жерден жалғасып кетеді.

Енді журналистикадағы ұстаздарымды айтатын болсам, Марат Кәрібайұлы Барманқұлов деген кісі болды. Москвадан бітіріп келген, өзі орысша сөйлейді. Қазақша жөнді білмейді. Бірақ, теориялық мәселелерді жазған кезде очеркі іспеттес етіп жазады. Журналистика ғылымын очеркі іспеттес қылып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бәріміз де жазамыз, бірақ, сол қасаң ғылыми стильмен жазамыз. Ал, ол сол қасаң теориялардың өзін очеркі сияқты қылып жеңіл жазады. Баяғыда бір көсем Владимир Ильич Ленин айтады, күрделіні оңай қылып жеткізу де өнер деп.  Журналистика ғылымын алғаш Орталық Азияда докторлық деңгейде қорғаған адам. Өйткені, журналистика ғылымы бір-ақ шифрдан болды, Мәскеуде қорғалатын. Бұл кісі сол жақта оқуын бітірген. Орысшаны қорғау үшін тіл керек. Бұл кісінің ерекшелігі — баспасөз, телевизия, радио жанрларын қазақстанға алып келді. Тек қазақстандағы емес, КСРО-дағы осы мәселені терең зерттеген кісі. Оның үстіне керемет, шебер жазғыш болатын. Күрделі мәселені оңай етіп жазатыны — өнер. Кітабының аты «Журналистика для всех». Көрдіңіз бе, кітаптың атын қоюда қандай шебер! Оны қазақшаға аударсаң, мазмұнын дұрыс бере алмайды. «Көпшілікке арналған журналистика» дәл жаңағы «Журналистика для всех» сияқты эффектісі болмайды. Москвадағы телевизияны терең зерттеген оған жетер ғалым адам әлі де жоқ деп есептеймін. Одан кейін Багиров деген адам болды. Мәскеуге кандидаттықты қорғауға бардым, докторлық қорғауға бардым. Жиырма жыл жүрдік қой енді, бүкіл ғұмырымыз соған кетті ғой, энергиямды салдым. Журналистиканың басқа салаларынан бар енді мықтылар. Бірақ Багировтың кітабы сияқты керемет әлі туған жоқ. Бұл кісінің қорғаған диссертациясын мен тауып алып оқыдым. Жан-жақты салыстырылған, өте салмақты. Сол Багировтармен иық тірестіріп тұратын адам болатын Барманқұлов. Кафедра меңгерушісі болып жүрді. Қожекеев декан болып жүргенде. Ол кезде қол алу қиын болатын. Кез-келген жерде қойыла бермейтін ұят саналатын. Ал, бұл кісі дәлізде тұрса да қол қойып бере салатын. Сонда көп кісілер күлетін, біздің Марат көшеде кетіп бара жатып та қол қоя береді деп. Сөйтсек, күлетін түгі де жоқ, қазір ондайға ешкім күлмейді ғой. Сол кезде осыны білген. Өзіміз де қазір қол қойып жүре береміз ғой. Ал, ол кезде ерсі көрінетін. Жеңіл шеше алады деп күлетін. Ол кісінің демократиядан хабары бар ма білмеймін. Негізі журналистерді делитанттар деп айтып жатады басқа мамандық иелері. Дилетант — барлығынан хабары бар, бірақ, біреуін де жөнді білмейді деген кемсіту сөз. Алайда олай емес, хабары бары көрініп тұр. Әр нәрседен хабары болып терең білмейді деген жәй мәселе. Засурскийді, Барманқұловты, Қожекеевті қалай айтамыз терең білмейді деп. Олардың кез-келген монографиясын алып қарасаңыз, оны оқып түсіну былай тұрсын, түсіне алмайсыз. Міне, тереңдігі қайда жатыр?!

Жоғарыда айтылып кеткендердің барлығы менің мектептегі және жоғары оқу орынындағы ұстаздарым, ал, өмірдегі ұстазыма келетін болсам, Мәскеуді айттым ғой сонда көп жүрдімдағы, қазақ зиялыларын әсіресе әдебиетшілер қауымын, біз енді әдебиетке жақынбыз ғой кейін ойламаған жерден Қазақстанда журналистикалық диссертациялық кеңес ашуға тура келді. Оның шифрын жаңағы Зейнолла Қабдолов басқаратын. Докторлық кеңес болды әдебиеттанудан. Біздің шифрды сол докторлық кеңеске қосты Сол, Қабдолов мені өзіне орынбасар етіп алды. Яғни, ғылыми хатшы етіп. Сондағы қорғалатын диссертациялық қағаздардың барлығын қабылдаймын. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін көрсетіп берем. Әрине, Мәскеуден бітіріп келген соң ба деймін… Ғылыми жұмыстың унификациясы деген болады. Ол жағынан әбден пісіп келдім ғой жаңағы, қысқаша айтқанда, біз де еврейлердің тепкісінен шықтық қой. Қазақ оларды жөйт дейді. Ол жақта сылап-сипау деген болмайды. Өзің ілгері тұрмасаң қорғауға еш жібермейді. Докторлоқты Барманқұловтан кейін мен қорғадым екінші болып. Кейін республикалар бөлініп кетті де, өз алдымызға республикалық кеңес ашуымыз керек болды, аштық. Қабдолов ағамыздың шешендігі, көсемдігі, тереңдігі, мәмлегерлігі, қиын дүниелерді бір ауыз сөзбен шешетіндігі, жалпы, сөз сөйлегенде, лексия айтқанда кәдімгі от ұстап тұрған адамдай айналасын жылытып, жарқырататын. Кеңесіміздің ыдырап кететіндей жағдайлары болғанда бір ауыз сөзбен қайта біріктіргендігін, тапқырлығын, беделін, былайша айтқан кезде, адамгершілігін, әлі ұмыта алмаймын. Бұл кісі менің рухани ұстазым болды. Тауман Салықбайұлы Амандосов қазақ журналистиканың қалыптасуынан жанрлар ерекшелігінің толығуына, филологиядан журналистиканы бөліп алып, өз алдына факультет жасаған адам. Бұл кісінің ұйымдастырушылық (менеджерлік) қабілеті жетерлік. Оның үстіне жалпы, журналистер мен оқыған қауым арасында беделі  өте жоғары болатын. Біз оны алғаш оқуға түскен кезінде көргенімізде ректор екен деп жүрдік. Сөйтсек, біздің факультеттің деканы екен. Кейін енді мен сол факультетті бітіріп жұмыс істеген кезде өзімен әріптес те болдым. Одан кейінгі ұстазым Темірбек Қожекеев. Бұл кісіден көп нәрсе үйрендік. Білім беруді ұйымдастырудағы қабілеттілігі, энергиясының көптігі, өзінің жаңағы білімдарлығы, шешендігі, тіпті қазір журналистикада жүргендердің  барлығы яғни Кожекеев сабақ бергендер. Ол кісінің айтқандарын көбісі аңыз қылып айтып жүр. Біз Қожекеевтің «шекпенінен» шықтық десек, біреулері «тепкісінен» шықтық дейді. Өйткені, өте қатал болатын.  Ол кісі тек сабақта ғана емес, жатақханада да темірдей тәртіп орнатқан еді. Кішкене шалыс басып жүретін, іші қызара бөртіп жүретіндерді және лас тұратын қыздарды орнына қоятын. Ерінбей, кешкісін және таңсәріде барып жатақхананы тексеретін. Темірбек десе Темірбек! Темірдей тәртіп орнатқан. Бұл кісі де маған ұстаз.

                                                               Сұхбаттасқан Қуаныш Тұрғанбай

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.