Білім мен ғылымның қарыштап дамыған дәуірінде инновациялық құралдарға сұраныс жоғары. «Әрбір жаңа өнім немесе тың технологиялық құрылғы адамзат өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешуге және қоғам өмірін жақсартуға бағытталуы қажет», — дейді Ақтау қаласында өткен «Caspian Start-Up 2018» байқауының жеңімпазы Бектайыр ТӨЛЕШОВ.
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы, жуырда аталған республикалық жас кәсіпкерлер байқауында үздік көрініп өзінің ғылыми-зерттеу жобасына екі инвестиция ұтып алды.
Жаһандық жылыну, климаттық және экологиялық ахауалдардың өзгеруі тыңайған жерлердің шөлейттерге айналуына себепші болуда. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп саласына қауіп төндіріп экономиканың тұрақты дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Оның нәтижесі ғаламдық аштыққа әкеп соқтыруы да ғажап емес. Әрине, қазір сонау 1932-1933 жылдардағы жаппай аштық жоқ. Десек те, планетадағы тіршілік иелерінің азық-түлікке деген сұранысы жыл өткен сайын артып жатыр. Бұл қажеттіліктерді өтеудің тағы бір амалы тағамдарды дайындаудың жаңа тәсілі.
Атыраулық оқушы кәдімгі ағаш қалдықтарын пайдалана отырып олардан жасанды (синтетикалық) тағамды алуға болатынын дәлелдеді. Бектайыр Төлешов өзінің бірнеше айлар бойы жүргізген сынақтарының нәтижесінде ағаш жасушаларынан тағамның түр-түрін жасауға болатынын анықтаған.
«Сынама ретінде жасалған алғашқы өнімдерді кәдімгі табиғи жолмен алынған тағамдармен салыстыруға келмейді. Алайда, аталған зерттеулерді әлі де жүргізетін болсақ, болашақта, Қазақстан арзан әрі ағзаға қауіпсіз, тез сіңіп кететін тағамдарды дайындаудан көшбасшы бола алады», — дейді жоба авторы. Оқушының ғылыми жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Рақымжан Қосанов аталған жобаны Ақтауда өткен «Caspian Start-up 2018» сайысына ұсынған. Жүздеген жұмыстар арасында Бектайырдың тырнақ алды бастамасы екінші кезеңге өтіп, ақтық мәреде үздіктер қатарынан табылды. Ағаш қалдықтарынан тағам алудың тың тәсіліне қызығушылық білдірген екі бірдей ақтаулық кәсіпкер Бектайырдың жұмысына қаржы құйюға ниет білдіріпті. Бірі жаңа зерттеулер жүргізуге 200 мың теңге көлемінде ақша берсе, енді бірі Бектайырдың ғылыми жобасын сатып алуға ниет танытып отыр.
Осылайша өңірдегі Елбасы мектебінің оқушылары оқудағы жетістіктерін іске асыру арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге қадам басып отыр. Олардың ғылыми-шығармашылық ізденістері Қазақстанның дамыған отыз озық елдер қатарынан табылуына қосқан сүбелі үлесі екендігі сөзсіз құптарлық әрі қуантарлық жәйт.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы