Дарынды балаларға арналған таңдаулы мектептер желісіне кіретін Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі озық ойлы, білімді оқушылар тәрбиелеп шығару үрдісінен айныған емес. Оның дәлелі, 2016-2017 жылғы оқу жылында осы мектептің 12 жылдық сыныбын 90 оқушы сәтті бітіріп шыққан. Бітіруші түлектердің 100%-ы мемлекеттік емтихандарды «жақсы» және «өте жақсы» бағаларға тапсырып, олардың 90%-ы Халықаралық бакалавриат дипломын алғаны көңіл көншітіп, көз қуантады.
Назарбаев Зияткерлік мектебі алғаш құрылған кезден бастап мектепте берілетін білімнің өте жоғары деңгейде болуын қадағалағаны белгілі. Соңғы жылдардағы көрсеткіші бойынша мектеп оқушылары көптеген халықаралық олимпиадаларға қатысып, тәжірибе жинақтауын тоқтатпаған болса, сонымен қатар, жүлделі орындарға ие болып, мектептің ғана емес еліміздің абыройын асқақтатумен болды. Мамыр айында тапсырған Халықаралық емтихандарды сыртқы бағалау қорытындысы бойынша орташа балл – 32 және жоғарғы балл – 42 деген нәтижені көрсетеді.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің басты мақсаты – бүкіл әлемде бәсекеге қабілетті түлектерді сапалы, жоғарғы кәсіби дайындау болса, бүгінгі күні Халықаралық Бакалавриат Дипломдық бағдарламаның қатысушыларының Білімнің пәндік салаларындағы жетістіктерінің деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес екендігін ауыз толтырып айта аламыз және бұл түлектерге Қазақстанның және шет елдердің жетекші ЖОО түсулеріне мүмкіндік береді.