Home » Жаңалықтар » НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНЕ БЕС ЖЫЛ

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНЕ БЕС ЖЫЛ

Биыл Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына бес жыл толып отыр. Осыған орай оқу орнында салтанатты жиын өтті. Шараға «НұрОтан» партиясы облыстық филиалы, білім беру басқармасының өкілдері, пилоттық мектеп директорлары мен ата-аналар жиналды. Мұнайлы өңірде осыдан бес жыл бұрын ашылған Елбасы мектебін бүгінде 535 мектеп түлегі тәмамдаған. Олар қазір еліміздің және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда.

«Тура бес жыл бұрын қоңыр күздің алғашқы айында, алғаш қоңырауын соққан Назарбаев Зияткерлік мектебі өзінің бес жылдығын толайым табыспен қарсы алуда», — деп бастады өз құттықтауын мектеп директоры Айдарбек Айтбөкешев.

«Соңғы бес жылда оқу орны аймақта үздік қазақстандық және халықаралық педагогикалық тәжірибені тарататын алаңға айналды. Әсіресе жаңартылған білім беру мазмұнына көшу бағытында облыстағы жалпы білім беретін мектептердің мыңнан астам мұғалімдері зияткерлік мектеп базасында біліктілікті арттырды. Елбасы мектебі өңірдегі барлық мемлекеттік және түрлі деңгейдегі қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық орнатты. Назарбаев мектебі Нидерландыдағы CIS Халықаралық Мектептер Кеңесінің аккредитациясынан сәтті өттіп, білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екендігін растады. Бір сөзбен айтсақ, өткен бес жыл біздерге өзімізді сынауға әрі аяққа нық тұрып қалыптасуымызға жұмсалды», — деді оқу орын басшысы. Өткен жылдарға шегініс жасап өзімізге есеп берсек, атқарылған жұмыс аз емес. Мектептің жүзден астам оқушылары түрлі деңгейдегі, республикалық және халықаралық дәрежедегі байқауларда жүлделі болды. Олар білім мен ғылым, спорт және өнерде де көш бастап отыр. Тек қана өткен оқу жылында мектепті 12 жылдық жүйемен бітірген 174 түлектің 134 жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік гранттарға ие болған. 7 оқушы Назарбаев Университетінің foundation бағдарламасынан кейінгі 1 курсқа қабылданып отыр. Ал биыл 1 400-ден астам үміткерлер бақ сынаған конкурстық іріктеуде үздік 120 оқушы сыннан сүрінбей өтіп 7 сыныпқа қабылданды. Қуантатыны сол жыл сайын өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге ынталы оқушылар саны көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі шалғай ауылдардағы елді мекеннің тұрғындары. Аудандардан оқуға түскен балалар үшін мектепте 130 орындық жатақхана жұмыс істейді.

11 қыркүйек күні өткен салтанатты шараға мектеп оқушылары, ұстаздар және ата-аналар қауымы бірдей атсалысты. Олар мектеп меймандарына мерекеге арналған концерттік бағдарлама ұсынып дүйім жұртқа ән мен биден шашу шашты. Әсіресе залға жиналғандарды мектептің «660» көңілділер мен тапқырлар клубының мүшелері күлкіге бөлесе, домбыра оркестрі Құрманғазының күйлерін нақышына келтіріп орындады. Мектепті бес жылдығымен құттықтауға келгендердің қатарында оқу орынның әжелер ансамбілі, «Мирас» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушілері де бар. Қонақтар құр қол келген жоқ. Олар зияткерлік мектеп ұжымына әдемі туындыларын арнап сыйлықтарды тарту етті.

Осылайша өткенге көз жүгіртіп ертеңге сенімді қадам басқан облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алтыншы жылға аяқ басты. Мектептің жүрегі ұстаз болса, ұстаздың жүрегі шәкірт. Ендеше шәкірт тәрбиелеген алтын ұяға алтын белгілердің санын арттыруды тілейміз!

Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.