Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар. 15мамыр- Халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген.
Осыған орай, Алматы қаласы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде « Білімді ұлт негізі – оқу сапасы мен отбасылық құндылықтар » деп аталатын ата-аналар жиналысы болып өтті. Екі сағатқа созылған жиналыс мемлекеттік екі тілде жүргізілді. Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы барысында мектептің көрсеткіші мен сапа деңгейі , оқушылардың жетістіктері сөз етілді. Атап айтар болсақ жыл қорытындысы бойынша физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі еліміздегі жаратылыстану бағытында білім беретін елу мектептің ішінде бірінші, гуманитарлық бағытта жүз мектептің ішінен үшінші орыннан көрінген. Мәртебесі асқақ білім ордасында білімді оқушылар ғылыми жобалардан, халықаралық, республикалық, қалалық олимпиадалардан оқ бойы озып келеді. Бәсекеге қабілетті жастар тілді жетік меңгергендіктен шетелдерде тегін оқу грантымен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ мектепте оқушылардың таным көкжиегін жетілдіруге бағытталған 35 үйірме сабақтары жұмыс жасайды. Оның ішінде пәндік 12 үйірме бар,8 спорттық, 13 шығармашылық және спорттық екі бірдей техникалық үйірме бар.
Елбасының «Болашаққа бағдар, Рухани жаңғыру» тұғырнамасын қолдай отырып, бала бойына сүйіспеншілікті, жылылықты ұялату, ата-анасын құрмет тұтып, адал да парасатты ұл мен қыз болуға тәрбиелеуді бойына қалыптастыратын, ата-анадан кейінгі үлкен орда — мектеп.
Айгүл Исмаилова Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Бұл шара отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Биыл бірінші жыл емес, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұрамыз. Жиналысқа әр сыныптың ата-аналар комитетінің төрағалары мен төрайымдары келіп қатысты. Білім беру құндылықтары мен отбасы құндылықтарын ұштастыра отырып, екі жақтылы рухани қарым-қатынас жасау біздің ең басты қағидамыз. Ата-аналар жиналысқа жүз пайыз келді. Өздеріне қажетті көптеген ақпаратты алды. Сонымен қатар ұсыныстар айтылды. Оның барлығы қарастылып, шешімін табады. Біздің мектептің ата-аналары мектептің өміріне, бала тәрбиесіне, оқу үрдісіне белсенді атсалысады. Ол жағы әрине бізді қуантады.
Жиналыс еркін түрде, ата-аналар бір-біріне жылы сөздер айтып, жақын аралысумен әрі қарай бастау алды. Әр түрлі карточкалар арқылы топқа бөлініп, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салды. Тренигтер мен ойындар ата-аналарға қызықты болғаны соншалық, бастан-аяқ көтеріңкі көңіл күйде болды. Жиналыс соңында оқушылардың ұйымдастырған видеороликтері көрсетіліп, ата-аналардың көзіне еріксіз жас әкелді.
Арифа Асқарқызы Педагог-психолог :
Бұл тренигтер, әр түрлі ойындар барысында ата-аналар мен балалардың құндылықтарын психологиялық тұрғыдан анықтаймыз. Қалай олар бір-бірімен сәйкес келеді дегендей. Бала мен ата-ана өзара қалай ортақ шешімге келе алады, және отбасындағы түсіністікті берік қалыптастыру. Бұл арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығая түседі. Сонымен қатар бір-біріне жақын болуына септігін тигізеді. Өйткені отбасындағы басты субьект бала болғандықтан, баланың болашағына талаптануына, өзін жігерлендіре түсуіне бұндай іс-шаралардың маңыздылығы жоғары.
Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Ал отанымызға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады.
Зәуре Тоқтамысыва Педагог Ұйымдастырушы:
Мектеп көрсеткіші бойынша сапа өте жоғары. Әрине бұл жетістіктердің аржағында мектептің ғана емес ата-аналардың да үлкен үлесі жатыр. Қандай да жобаларда болмасын ата-аналардың ұсыныс тілектері міндетті түрде назарға алынады. Алдағы уақытта айына бір рет мұғалімдер мен ата-аналар арасында спорттық жарыс ұйымдастыру жоспарда бар. Бұның бәрі мектеп пен отбасы қарым-қатынасын берік қалыстастыру үшін қолға алынып отырған дүние.
«Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады демекші басты құндылықтарымыз басты назарда болсын!!!
Гулия Айтуғанова,
Алматы қаласы