Ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ашық есік күні өтті. Аталмыш шараға Павлодар өңірінің жалпы білім беру мектептерінің 6-сынып оқушыларынан 300-ден астам бала мен ата-аналар қатысты. Олардың арасында мектебімізге алғаш рет келгендер де болды. Білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылып, аталмыш мектеп оқушыларының ғылыми және шығармашылық жұмыстарының көрмесіне қатысты. Сонымен қатар «Масс-медиа», «Шахмат», «Робототехника» сынды үйірмелердің және шығармашылық шеберханадағы жұқа киізден бұйым жасау, тігіншілік, кескіндеме, көркем сурет, т.б. мектебіміздің жас шеберлерінің жұмыс барысы ұсынылды.
«2 апта ауылда», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Ата-ана жұмысындағы 1 күн» әлеуметтік тәжірибелермен қатар «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы жеткіншектер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Білім ордасының қызыққа толы өмірімен танысқан 6-сынып оқушылары мектебімізге түсуге ынталарын білдіріп қана қоймай, тіпті өздері айналысқысы келетін бағыттарды да таңдап қойды.
— Мен бұл мектепте оқығым келеді. Міндетті түрде емтихан тапсырып, бағымды сынап көремін. Көңілімнен шыққан үйірмелер де бар. Келесі оқу жылында мұнда келсем міндетті түрде қатысамын. Және өзіме ұнайтын биология, химия пәндерін тереңдетіп оқи аламын, — дейді Павлодар қаласы Абай атындағы №10 лицей-мектебінің оқушысы Әмина Теміржанова.
Мәжіліс залында өткен жиында оқушылар мен ата-аналар мектебіміздегі білім беру бағдарламасы жөнінде толық ақпарат алуға мүмкіндік алды. Шара барысында зияткерлік бекеттерде белсенділік танытқан оқушылар мақтау қағазымен марапатталды.
Ашық есік күні Тәуелсіздік мерекесіне арналған шағын концертпен жалғасын тапты.
Келген қонақтар STEM (химия, биология, физика, информатика) бағыттары бойынша зертханалық және зерттеу тәжірибелерін көріп, ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. Сондай-ақ «Робот техникасы», «Домбыра», «Хореография», «Шахмат», «Масс-медиа» және т.б. үйірмелерінде болды. Одан басқа, мектебімізде жүзеге асырылатын «Туған елге тағзым», «Шаңырақ», «Қазақша Wikipedia», «TEDx NIS», «100 күйдің тарихы», «100 кітап», «Қазақтың 100 әні» мектепішілік жобаларымен де етене танысқан болатын. Зияткерлік мектептерінде білім алу мүмкіндіктері, каникулярлық және виртуалдық мектептеріне тіркелу бойынша оқушыларға және ата-аналарға арналған консультациялық бекет те қызмет атқарды.
Ашық есік күнінің жабылу салтанатында мектеп директоры Гульназ Эндуаровна Жукенова ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттар және Астана қаласы Назарабаев Зияткерлік мектептері жанындағы 5-күндік жазғы лагерге 5 оқушыға жолдаманы: Шербақты ауданы, Галкин орта мектебінің оқушысы Абилова Арайлымға; Павлодар ауданы, Заря орта мектебінің оқушысы Жылқыбаев Мерхатқа; Павлодар қаласы музыкалық мектеп-интернаты оқушысы Затварницкая Марияға; Қашыр ауданы, Қызылтаң орта мектебінің оқушысы Ермекпаева Аидаға; Аққу ауданы, Потанин орта мектебінің оқушысы Баймулдина Самалға табыстады.
Осы акцияға қажетті қаражат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде Зияткерлік мектебінің оқушыларымен ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесі нәтижесінде жиналды.
«Білімнің көзі — кітапта» Bookcrossing» шарасының шеңберінде 500 ге жуық астам көркем әдебиет кітаптары Екібастұз қаласының 36 жалпы орта мектебі және Қашыр ауданының Песчан орта мектебінің кітапханаларына беріледі.
Сондай-ақ, ашық есік күнінде өткізілетін «Wiki Camp» акциясының аясында Зияткерлік мектептерінің ұстаздары және оқушыларымен Википедия интернет энциклопедиясында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы және заманауи жетістіктері тақырыбында мақалалары жарияланады.
Жабылу салтанатында Бірыңғай ашық есік күнінде ұйымдастырылған «Знатоки естествознания», «Эрудит», «Зияткер», «Super Brain», «Полиглот» конкурстарында белсенді қатысқан оқушылар арнайы дипломдармен марапатталды.
Сатыбалдинова Арнагүл Айтмұратқызы,
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы