Қазақ халқының мәдени даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қазақ әдебиетінен алатын орны ерекше.
М. Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, Батыс пен Шығыс көркемсөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ерен еңбек сіңірген ұлы жазушы. Қазақ қоғамының гүлденуіне қапысыз еңбек еткен М.О.Әуезовтің шығармашылық қайнарына бастау болған алғашқы мақалаларының бүгінгі өміршеңдік сипатын ашып, ұлт танымы тұрғысынан саралау арқылы жазушының шығармашылық толысуындағы алар орнын айқындамақпыз. Көп қырлы, терең сырлы Мұхтар Әуезовтің фольклорлық мұраларды жинақтау, оларды саралау ісінде үлкен жауапкершілік танытты. Мұхтардың ғалымдық келбеті әдеби сын, теориялық зерттеу мақалаларында да кеңінен ашылады. Онда әдеби құбылыстарды терең талдап, көркемдік ойдың дамуын ғылым тілімен жеткізе білген. Жазушы шығармасына шындықты арқау ете отырып, әлеуметтік көзқарасын, дүниетанымын, кейіпкердің ішкі толғанысын да шебер көрсете алған. Автор әрбір шығармасында кейіпкердің ішкі жан – дүниесіне үңілумен қатар оның қоршаған ортаға деген қатынасын суреттеген.
Жігіттің ұнамсыз, әккі әрекетін, сонымен қатар сезім сезігі төмен, жылт еткенге жымия қарайтын, өмірін қайғы мен түңілуден ада ету үшін адамгершілік қасиеттерді аттауға да баратын Ақан сияқтылардың іс-әрекеті жазушы шығармасына негізгі арқау болған. Қорланған кейіпкердің пана болар қара орманы, үміт тірегінен тірідей қорланып, соңынан ауыр панасыздықтан жапа шеккен Ғазиза сынды кейіпкерлер шығармаларында адалдықтың ақ туын паш еткен. М. Әуезовтің қай шығармасын алмайық кейіпкерлер өздерінің ар – намысы үшін күресіп, оның аяққа тапталмауы жолында күрескер ретінде суреттелген. Шығармаларында ауыр қайғыны көтере алмастан ақыл-есінен айырылып көз жұмған сорлы шешенің аянышты тағдырын баян етеді. М.Әуезов шығармаларына қуатты күш, тегеурінді серпін беріп, шығарманы ажарландырып, көріктендіріп тұрған терең психологизм бар. Ол табиғат пен адам арасындағы тығыз байланыс. Табиғаттың тылсым күші арқылы кейіпкердің ішкі толғаныстарына, жан – дүниесіне оқырманды үңілту. Табиғатты да адам сияқты сөйлете білу бұл автордың шеберлігі. М.Әуезов шығармалары қазақ әдебиетіндегі кешелі-бүгінгі шығармалардың қай — қайсысымен де қатар қойғанда мазмұны мен көркемдігі, тарихилығы жағынан басымдық танытып, халықтық сипатымен ерекшеленеді, көркемдігін әлемдік әдебиет аясында қарастырғанда ғана шығармашылық құдіретінің сыры мен мәнін ашу мүмкін болады. М.О.Әуезовтің әңгімелерінде ел тағдырын жан-жақты толғайды, қоғам өміріндегі қайшылыққа, тартысқа толы сәттерді баяндай отыра, өмір тәжірибесіндегі оқиғаларды да қалтарыс қалдырмайды.
Әуезов шығармаларында терең психологизм, лиризм басым, адам жанының сан алуан құбылыстарын, нәзіктігін суреттеп, ішкі әлеміне терең уңіледі. Жазушы қаламынан туған әр шығармада халықтың тек өзіне ғана тән қасиеті, өмірлік ерекшеліктері, адамгершілік-рухани құндылықтары бой көрсетеді. Алып сөз зергері елінің тағдырына аянышпен қарап, жетістігіне қуанып, кемшілігіне қайғыра білетінін шығармалары арқылы білеміз. Демек біз зерттеу барысында М. Әуезовтың шығармаларындағы табиғат пен адам арасындағы терең байланысты талдау арқылы соған көз жеткіземіз. Автордың кез келген шығармасын алсақ табиғат пен адамды бөлінбес бөлшек ретінде сипаттайды.
М.Әуезов қазақтың шұрайлы тілінің мол қорын шеберлікпен пайдалана отырып, мазмұны мен мәні өзгеше, шынайы, кұдіретті шығармаларын өмірге әкелді. Солардың бірі — болашақ жазушының қаламгерлік қасиетін танытқан, 20-жылдардағы шоқтығы биік шығармасы Қорғансыздың күнін 1921 жылы Қызыл Қазақстан газетінде жарияланған еді. Жиырмадан жаңа асқан жас қаламгердің төлтума шығармасына С.Мұқанов: «1921 жылы жазған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді» деп баға берген. Қ.Сыздықов «Қорғансыздың күні» жөнінде: «Осы әңгімеде тек құрдымға кеткен қайғы-мұң ғана емес, мұнда білінер-білінбес болса да булқынып жатқан қайсар күш бар, қарауытып тұнжыраған мылқау ағыстың астында жатқан табан толқын бар сияқты» дейді. «Қорғансыздың күні» арқылы ол заманының шынайы көрінісін, ащы шындығын, тұтас бір қорғансыздар әлемінің мұң-зарын көрсетіп, оқырманның ішкі сезімін оятарлық жан түршігерлік оқиғаны баяндады. Осы ащы, зарлы шындықты жеткізуде Әуезов асқан шеберлік танытты: оқиғаға қатынасушы адамдардың тамаша портреттерін жасап, онысымен әрекет иелерінің мінез-құлқын да білдірді. Ал, «Қорғансыздыңкүніндегі» Ғазизаныөлімгеитермелегентіптенбөлекжағдай. Оның қорғансыздығы, ар- намысын бәрінен биік ұстауы, қазақ қызына тән биязылық, намысшылдық, ұяңдық басым болуы.
Жазушы әр шығармасында да қарапайым адамның ішкі жан сырын терең ұғынып, түйсініп, бір адамның жүрек лүпілі арқылы күллі жұрттың парасат, зердесін таныта алатын биік қасиет дарыта алған. Табиғат келбетін суреттеу барлық жазушыға, ақынға тән қасиет, дегенмен- де М.Әуезовтің табиғат келбетін суреттеуі, пейзаж жасау шеберлігі, оны қолдану әдісі ерекше. М.Әуезов табиғат суреті аркылы шығармаларына рең беріп, бойына қан жугірткен және табиғат суретін шығармаға бастаушы алғашқы баспалдақ ретінде қолданған. Шығарманы бастаудың қиындығын табиғат суреті іліп әкетіп, ауыр жүгін өз мойнына алып, автордың шабытының шалқуына өзіндік ықпалын тигізіп тұрғандай. Көркем шығармадағы портрет пен пейзаж көркем әдебиет жаралғалы өмір сүріп келе жатқан, сонымен бір туған көркемдік, қажетті буын. Сондықтан да, көркем шығармада пейзаждың болмауы мүмкін емес. Мұхтар Әуезовтің табиғат бейнесін кестелі сұлу сөз арқылы шебер суреттеген шығармалары «Қыр суреттері», «Көксерек», «Қорғансыздың күні» т.б шығармалары.
«Қорғансыздың күні» шығармасы оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Жазушы өмір шындығын, заман сипатын, адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей сезімі билейді. Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап калуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады,қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ оқырман Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та дәл шебер суреттейді.
«Қорғансыздың күні» әңгімесінде қаһарлы қыстың тұманды, қараңғы бір түні суреттеледі. Ақ боран ұйытқи соғып, ойнақ салып, адамзатты өзіне тәуелді еткеніне рахаттанып күліп тұрғандай. Табиғаттың бұл ашу шақырған мінезі жабырқап отырған отбасын бұрынғыдан бетер күйзелте түсті. Ғазизаны алда күтіп тұрған қатыгездік, өзінің адалдығы үшін күресуі соған араша іздеуі бәрі сол қатыгез табиғатпен тікелей байланысты. Табиғат Ғазизаның алдыңғы өмірі қараңғы, күңгірт болатынын сезгендей ол да қатыгездік танытып, оны өлімге итермелегендей болады. Шығарманың басында екі атты адамның аяңдай жүріп, иесіз далада тұрған панасыз отбасына келуі, ондағы соқыр ана, кәрі кемпір, 13 жасар сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар, дөңгелек ақсұр жүзді, сыпайы, сүйкімді қыз Ғазизаның үйіне келіп паналауы оқырманды өзіне еріксіз тартады. Шығарма басында табиғат аса бір сабырлық танытып, алда болатын оқиғадан оқырманды бейхабар етеді. Қонақ болып отырған Ақан өзінің бойындағы екі жүзділікті, арам ойдың иесі екенін шығарманың шарықтау шегінде автор тамаша суреттеген. Ол жас қыз Ғазизаны бір көрген сәттен бастап оған ынтызар ауып, бұл әлемді, ар – ұятты бірден ұмытты, ада етті. Өзінің арам ойын іске асыру үшін оңтайлы сәтті күтті. Бұл отбасының қамқорлығын, пана болғандығын есінен шығарып жас қыздың өмірін күл талқан етті. Оның бұл өмірден алған несібесі осы болды. Ары қарай қайта тұрып өмір сүруге Ғазизаның ар – намысы жібермеді. Ол сол түні табиғат көрсеткен қаталдық пен Ақан көрсеткен қатыгездіктің құрбаны болды.
Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен барлық дүниенің қызығы бір сәтте жоқ болды. Жастығына лайық болған үтім қиялын бәрін де қараңғылық басты. Арпалысқан күңіренген боран өзімен ала кетті. Көңіліндегі «өмір» деген үмітінің шамы сөнді. Табиғаттың өзі де үн қатқандай бұл сұмдықтың артын күтпестен Ғазизаны өзімен бірге тылсым дүниеге, мызғымас, мәңгі ұйқыға ала кетті. Ғазизаға өлгенің дұрыс осы сұмдықты өлім ғана жеңе алады дегендей алай – түлей бораны оны құшағына алды. Далада үскірік соққан қатты жел артына әрең қаратып, бейшаралықтың кебін киген лашық үйін, қартайған әжесін, соқыр анасын көз алдына елестетіп кете барды. Біресе гуілдеп, құтырынып, ұйытқып қатты соққан боранды күн Ғазизаның қайғысын да, қасіретінде артта қалдырып өзімен бірге ала жөнелді. Артта қалған кәрі әжесіне, анасына табиғат пен адамзат көрсеткен қорлықты айтпастан өзінің соңғы сағаттарын күтті. Бұл неткен қатал табиғат. Маңдайына біткен Ғазизаның соры мол екен. Сол күні дүние, ауа райы да Ғазизамен қарсыласып, оған өзінің қатыгезін көрсетіп тұрғандай. Жалғыз баласынан, арқа сүйер қорғанынан айырылған кәрі әже ағаш жапырағынан айырылғандай болып қурайдай көрінсе, анасы қара түнектің арасында қалғандай орман от болып алаулап, жер жүзі Ғазизаның өліміне күңірегендей болды. Сол күні жас қызға араша болардай ешкімнің болмауы қараңғылық құрсағында қалған қорғансызды көз алдымызға әкелді. Сол кеште табиғат Ғазизаға жылы қабақ танытса, осындай болмас па еді? Жазушының шеберлігі табиғат пен адамды егіз ұғым сияқты суреттеуі. Адамның ішкі толғанысы, жан дүниесі бір – бірімен егіз сияқты. Автордың қай шығармасын алмайық табиғат пен адамды ажырамас бөлшек ретінде суреттеген. Шығарманың соңында Ғазизаның өлі денесін тауып алған қатал табиғат жамандықтың болғанын аязы арқылы берді.
Уатхан Еркегул
Тимирязев қазақ жалпы білім беретін мектеп – интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
СҚО