Home » Білім және тарих » Мәңгілік жансын бағың – Тәуелсіз Қазақстан!

Мәңгілік жансын бағың – Тәуелсіз Қазақстан!

Тәуелсіздік бүкіл халықтық мереке, әсіресе қазақтар үшін теңдесі жоқ, аса маңызды тарихи оқиға еді. Біздің халқымыз өзінің ғасырлық аясында қалыптасқан көпшіл, өзге ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарай алатын кең пейіл қасиетімен дараланатын халық.

Бүгін де Қазақстан бүкіл әлем мақтанышпен айта алатын мемлекетке айналды. Осы уақыт аясында дербес кеңістік қалыптасып үлгерді, нарықтық қатынас орнығып, әлемдік қауымдастық та бел ала бастады. Тәуелсіз Қазақстанымыздың Ата заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық теңгесі, ең бастысы- егемендігі бар. Еліміздің болашағын дамытып, ынтымақ пен бірлікті орнатып отырған президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та тәуелсіздік жолында көптеген істер атқарды. Зор мақтанышпен айта алатын еліміздің бас қаласы Астана да күннен күнге гүлденуде. Оған куә алып Бәйтерегіміз, Тәуелсіздік сарайы, салынып жатқан көрме ЭКСПО-2017. Тәуелсіздік қазақстандықтар үшін ізденіс пен ұмтылыс, сенім мен жарасым әкелді.

Иә, сан ғасырлық қайғы-қасіретке толы тарихында, қазақ халқы тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, көптеген оқиғаны басынан өткерді. Сол тар жол, тайғақ кешуде арып ашса да, қажып қансыраса да ешқашан өзінің қадір- қасиетін жоғалтпай, ар- намысын, абыройын төкпей бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткізді.

Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілімен діні. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы.

Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз, Қазақстан, туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп.

Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды, бұл даусыз фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс»,- деп атап көрсетуіне үлкен мағына жатыр.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай  жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлу керек.

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті.

«Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өмірмен уақытқа кестірген  кезден бастап, осынау жиырма бес жылдың бедерінде  айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді»- деп, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай егемен Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Міне, көзді  ашып жұмғанша, осы жылы Қазақ халқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлайды. Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.

Қазіргі таңда, Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Тәуелсіз мемлекеттің қазіргі келбеті,  Елбасының есімімен тікелей байланысты.

Елбасымыздың сол кезеңдегі басты таңдаған стратегиялық бағыты – ашық нарықтық экономикаға көшу болды. Түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияны маңызды фактор деп есептеді. Осындай тарихи шешімдердің арқасында біз қазіргі таңда әлемнiң 50 ең бәсекеге қабiлеттi елдері қатарына кірдік. Бұл, меніңше, мақтаныш сезіміне бөлейтін ең маңызды жетістік. Әрине, сонау 25 жылда, еліміз неше түрлі жетістіктерге жетті, биік белес, асуларды алды.

Астана – тәуелсіздіктің белгісі, үні, келбеті деуге де болады. Осы жерді басып жүріп, шын мәнінде, біздің болашағымыз жарқын екеніне қатты қуанамыз. Алдымызда “ЭКСПО-2017” атты халықаралық көрме Астанада өткізілмекші. Ол Орталық Азияда және “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына” кіретін мүше елдерде өтетін алғашқы көрме болмақ. Мұндай үлкен шараны біздің елде өткізу мемлекетіміздің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Көрменің тақырыбы “болашақ энергиясы” деп аталады, яғни жасыл технологияларға арналған. Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдерді таң қалдырған сұрақ, қазіргі таңда көкейкесті мәселе. Сарқылмайтын энергия көздері: күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу, болашақта адам баласына ең қажетті ресурс түрі. Бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10-нан астам халықаралық ұйымы қатысады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам қатысады деген болжам бар. Өтетін көрме, елдің өндірістік қуатына мықты серпін бере алады. Мұндай ауқымды және жауапкершілікті іс-шараны өткізуде біздің ел үшін пайдасы өте мол. Басқа елдермен достық қатынастар нығаюымен қатар, жоғарыда айтылғандай елімізге инвесторлар алып келеді, еліміздің мәртебесін жоғарлатады.

Қорыта келгенде, 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың 90-шы жылдарда анықтаған стратегиясының арқасында біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналып отыр. Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес.

Біздің елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – адал, дана адам, өте еңбекқор. Ол еліміздің дамуына, көркемдеуіне көп күш салып жатыр. Бұл кісінің арқасында қазақ халқының көп мүмкіндіктері пайда болды.  Қазақстанды өз мемлекеттік рәміздері бар: ту, елтаңба, әнұран. Олар тәуелсіздікті, егемендікті, дәстүрлерді, бейбітшілікті көрсетеді. Тәуелсіздік – бүгінгі күннің өмірі ғана емес, сонымен қатар, еліміздің болашағы.

“ Әр адамның ана тілін білуі – парыз, білмегені – ұят”, — деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөздеріне сүйінуіміз керек. Себебі әр адам өз елінде тұрып, туған дәстүрлерін, мәдениетін, ал басты – тілін білуі міндетті. Менің ойымша, қазаққа ата- бабалары ғасырлар бойы құрастырған, қасиеттеген туған тілін білмеу, құрметтемеу – өте арзыз, намыссыз, төмен, әрі ұят. Туған тілін үйрене алмаған адам, басқа тілді де ешқашан меңгере алмайды деп ойлаймын.

Егемен еліміздің тәуелсіздігі – ата-бабамыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс.

Қазақ  халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған мерейлі күннен бері ширек ғасыр уақыт өтті. Тарих үшін жиырма бес жыл көп емес. Ал біздің жас мемлекетіміз үшін бұл жылдар елімізді нығайтуға бағытталған үлкен істерге толы болды. Осы аз уақыт ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азаматын жігерлендіретін Гимніміз, мақтаныш сезім ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау еліміздің әр азаматының төл құжаты іспеттес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, салт-дәстүрдің, ұлттық сананың тірегі. Тәуелсіздік – орындалған арман.

Қазір біз өркендеудің жаңа жолына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне бет алдық. Елбасы бекіткен жаңа экономикалық бағамда жаңа бағдарламалар, оның бағыттары және нәтижеге жету жолдары көрсетілген. Сол бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық!

Міне, бүгінде біз болашаққа деген жарқын сеніммен алға қарай нық қадам басып келеміз. Егемендіктің ашық аспаны астында алшаңдай басып, жиырма бес жылды артқа тастадық. Бізді бұл бақытқа жеткізген ата-бабаларымыздың, аяулы арыстарымыздың еркіндік үшін күресте төгілген қаны, солардың жанқиярлық ерлігі!

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге, қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім

–  деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз! Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі берік болсын!

 

Куандыкова  Айым  Жомартовна
№6 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Ақмола обл., Целиноград ауд., Қараөткел ауылы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.