Халқымыз талай ғасырлардан бері аңсап келген Тәуелсіз елімізге биыл 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде еліміз дамып, көркейіп, халықаралық аренада өз орнын алып үлгерді. Бұл, әрине, Тәуелсіз елімізді басқарып келе жатқан халқымыздың Көшбасшысы — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналығының арқасы.
Қазақстанның бүгінгі мақсаты – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену. Еліміздің қарқындап дамып, табыстан-табысқа жете беру туралы межелік жоспарды, бағыт-бағдарды Елбасымыз өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қадап айтып отырады. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ алуға тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда» – деген Елбасының сөзі Мәңгілік елді жасаушы халықты алға жетелейді.
Мәңгілік сөзі бабаларымыздан мирас болып қалған кең-байтақ, қойнауы бай еліміз бен мемлекеттік тіліміз – қазақ тілімен тығыз байланысты. Мәңгілік елдің сарқылмас байлығы мен әсем табиғаты, өлмес тілі болуы қажет. Осы бағытта сіз бен біз болып еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп жүрміз. Өйткені, бүгінгі күні жасаған Мәңгілік елді сақтап қалып, көркейтуші әрине, біздің болашағымыз – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан, олардың бойларына патриоттық сезімді ұялатып, елдің саналы болашағын тәрбиелеу мына біздердің, ұстаздар мен тәрбиешілердің басты мақсаты.
Түрлі ұлт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Мәңгілік ел – Қазақ елінің бір тармағы Степногорск қаласындағы балалар үйінде де 7 ұлт өкілдерінен тұратын барлығы 67 бала тұрып жатыр. Отбасы – адамға өмірлік құндылықтар мен мұрат-мақсаттар туралы түсінік беретін алғашқы ұйым. Сондықтан біздің балалар үйінде отбасы үлгісіндегі тәрбие беру жақсы жолға қойылған. Жандары жүдеу балаларға махаббат пен мейірім төгу жүгін балалар үйінің директоры Раиса Анатольевна Сахневич бастаған ұстаздар қауымы арқалап келеді.
«Мәңгілік ел» – барша қазақстандықтың ұлттық идеясы болса, сол идеяны жүзеге асыру жолында біздің балалар үйінде де бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Балалар үйінде мемлекеттік тілде тәрбие берілетін «Махаббат» отбасы бар. Бұл отбасында бірнеше ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп, қазақ мәдениетін тануда. Бұл отбасында тәрбие жұмысын жоспарлау үшін әр оқу жылы сайын Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы әзірленіп, жыл бойы сол бағдарлама аясында жұмыс жүргізіліп келеді. Онда тәрбиеленушілермен адамгершілік-рухани тәрбие беру, қыз бала, ұл бала тәрбиесі, мақал-мәтелдер айту, жаттау, талдау сондай-ақ қазақша әндер тыңдап, оларды үйрену, көркем әдебиеттер мен газеттер, журналдар оқу, ақпараттық сағаттар мен түрлі тақырыптағы әңгімелер қамтылған. Мысалы, жуырда өткен «Отбасы тәрбиесінің құндылықтары» атты сабақта балалар үлкенге құрмет туралы сахналық көрініс көрсетіп, өзге ұлт өкілдері ата мен бала рөлін қазақша сомдады.
Өзім балалар үйінде жұмыс істейтін «Шаңырақ» клубының жетекшісі болып табыламын. Дәл сол «Махаббат» отбасының тәрбиеленушілері осы клубтың тұрақты мүшелері. Олар әр отырыстарда қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетімен қоса, басқа ұлттың да мәдениетін дәріптеп жүр. Балалар түрлі сахналық көріністер көрсетіп, ұлттық ойындар ойнайды, әр ұлттың мәдениетімен көрермендерді таныстырып жүр. Отырыстарда балалар қазақтың қонақжайлылығы туралы сахналық қойылым қойып, «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Базарлық», «Беташар», «Сыңсу» дәстүрлерін көрсетті. Біздің балалар асық ойындарын ойнаудан да қалада алдарына жан салмайды. Оған куә 9 мамыр мерекесіне орай өткен қалалық сайыс. Асық ойнаудан жарыста біздің сыған, орыс, грузин балаларының басқа мектептерден келген қаракөз балаларын ұтып, жеңіске жеткені мақтанарлық жайт. Өйткені, біздің балалар үйінде қазақтың ұттық ойындары – тоғызқұмалақ, асық ату ойындарын үйрету жақсы жолға қойылған. Түрлі ұлт ойындарын ойнап, тағамдарынан дәм татып, мәдениетін танытатын отырыстарға тәрбиеленушілер үлкен қызығушылықпен келіп, әр отырыстарды асыға күтеді. Еліміздің тілін, ділін білмей Мәңгілік елдің болашағын жоспарлау қиын ғой. Бұл игі істердің бәрі ел болашағы үшін жасалып жатыр.
Мәңгілік елдің тілі де мәңгі. Оған дәлел бүгінгі күні қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің көбеюі. Біздің балалар үйінде тұрып жатқан ұлты орыс Николай Чуриков деген тәрбиеленушіміз балабақшаның қазақ тобында тәрбие алып, бүгінгі күні қазақ мектебінде оқып жүр. Николайдың мемлекеттік тілге деген құрметінің арқасында оны бүкіл қала тұрғындары біледі. Ол тек өз балалар үйінде ғана емес, тіпті қалалық шараларда қазақ тіліндегі жүргізуші болып, сахналардан көрініп жүр. Бүгінгі күні осыдан 3 жыл бұрын ашылған СДД ТВ балалар телестудиясының мемлекеттік тілдегі жаңалықтар блогының жүргізушісі. Өз сүйкімділігімен және қазақша балдай тілімен ол әрдайым көрермендерін баурап жүр.
Осындай ұрпақтар біздің Мәңгілік еліміздің тамырын тереңдетіп, қазығын бекіте түседі деп сеніммен айта аламын. Біз оған «Сен жақсы азамат болып өссең, саған бір кресло дайын. Өйткені, сен мемлекеттік тілде ана тіліңнен кем емес деңгейде білесің. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Сен сол талапқа сай келіп отырсың», – деп баланы жарқын болашаққа жетелейміз. Балалар үйінен шыққан балалардың көп бөлігі кейін сол кезінде алаңсыз жеңіл өмірді таңдап, өздерін балалар үйіне тастап кеткен аналары мен әкелерінің жолдарын қуып кететіндері шындық. Сондықтан мемлекет қамқорынан шыққаннан кейін сол мемлекеттік болашағы үшін аянбай еңбек ететін, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиесінде сан түрлі әдістерді қолдануға тура келеді. Телестудия ашылғаннан бері өз дауыстарын теледидардан естігенді қызықтап, қазақша мәтіндерді оқимын деген өзге ұлт балаларының саны артып келеді. Мұның өзі бізді қуантады, Мәңгілік елдің ертеңіне деген сенімді арттыра түседі.
Сонымен қатар, балалар үйінде жұмыс істейтін «Лира» халық аспаптар оркестрінің мүшелері де түрлі ұлт өкілдері. Бұл оркестрдің музыкалық жетекшісі Владимир Боярскийдің айтуы бойынша, оркестр құрамындағы әр тәрбиеленуші кемінде төрт музыкалық аспапта ойнайды екен. «Ең алдымен жаңадан келген балалардың қолдарына қасиетті домбыраны ұстатамын»,– дейді ол. Өйткені, домбыраның үнін тыңдап түсіну арқылы бала өз туған жеріне, Отанына, халқына деген құрметін, сүйіспеншілік сезімін оятуы тиіс. Аталмыш ұжым жуырда сәуір айында Астана қаласында өткен жас өнерпаздардың халықаралық байқауында Бас жүлдеге ие болып, Мәскеу қаласында өтетін музыкалық фестивальге қатысуға шақырту алды. Олай болса, біздің балалар үйіндегі көпұлтты құрамды «Лира» халық аспаптар оркестрі Мәскеудің төрінде домбыраны күмбірлетіп күй төкпек. Мұның өзі біздің Мәңгілік еліміздің қасиетті домбырасының үнінің мәңгілігін, халық бірлігін паш еткен емес пе?! Тәрбиеленушілердің жаралы жүректерін әсем музыкамен емдеп, патриоттық тәрбие беруге орасан үлес қосып жүрген бұл ұжымға биыл 10 жыл толып отыр.
Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыруда рухани дамудың маңызы зор. Балалар үйінде жұмыс істейтін барлық үйірмелер баланың шығармашылық-рухани дамуына бағытталған. Мысалы бізде жұмыс істейтін «Радуга», «Мастерица» қолөнер үйірмелерінде балалар өз қолдарымен небір бұйымдарды жасап жүр. Ата-балаларымыздан мұра болып келе жатқан қазақы ою-өрнектер біздің тәрбиеленушілеріміздің майысқан саусақтарымен ойылып, тігілген өрнектер небір бұйымдардың бетіне салынып, тарихтан сыр шертіп тұрғандай.
Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты – экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарынан көріну. «Мәңгілік Ел» идеясы осы мақсаттарға жеткізетін Ұлы бастама. Сондықтан, балалар үйінде қойылған тәрбие жұмыстары Мәңгілік елді жасаушы болашақ тәрбиесіне үлес қосуда, біздің бүгінгі ұрпақ Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырушы белсенді жастар дегім келеді.
Сәулеш ШАПАУОВА,
Степногорск қаласы,
Ақмола облысы