Әрбір халық өз тарихын, өз өмірін өзі жасайды. Ұлы дала халқының өткен күніне назар салсақ, ата-бабаларымыздың ақыл-зейініне таң қаламыз. «Білектің күшімен, найзаның ұшымен» ұлан-ғайыр даланы қорғай білген, өз болашағы үшін ұлы мақсаттарға ұмтылған дана халқымыздың ерен еңбегі мен биік рухына сүйсінеміз. Сонау 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыздың «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп бағыт белгілеп беруі – ұлы жасампаздық. Бұл жасампаздықты ұлықтаған елбасымыз Нұрлы Қазақстанның 2050-жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдары – Мәңгілік Қазақстан жобасының негізі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын белгілеп берді. Халықтың, ұлттың ғасырлар бойы армандап, ұмтылып келген мақсат-мұраттары көрініс тапқан бұл стратегия барлық ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеді. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру аясында бабалармыздың ерлігін, бүгінгі буынның ерен істерін, сондай-ақ бабаларымыздың жасампаздығы мен жас ұрпақ арасындағы жасампаздық сабақтастығы негізінде іс-шаралар өткізу арқылы елімізді «Мәңгілік Ел» дәрежесіне көтеру ісіне ұстаздар қауымы да күш салуда. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңа университеттер мен оқу орындары құрылды, білім жүйесінде үлкен жаңалықтар болды. Бүкіл дүниежүзінің озық білім беру жүйелері зерттеліп, үйретіліп білім салаларында жаңа технологиялар игерілді. Ұлттық білім беру жүйесі сапалық тұрғыдан бүтіндей өзгерді.
Адам баласы үшін туған елінде өмір сүру қаншалықты үлкен бақыт болса, оның келешегін құру ісіне қатысу да соншалықты үлкен бақыт. Келешегі нұрлы Отан үшін әрбір адамға жауапты міндет жүктеледі. Өз міндетін орындап, ең әділетті, ең еркін қоғам құрып, нұрлы болашақ үшін еңбек етуі керек және алға ұмтылуы керек. Бұл үшін әрбір адам жасампаздықпен өмір сүруі керек. Жасампаздық – ең жақсы қасиет, ол бір күндік немесе белгілі мерзіммен шектелген әрекет емес. Ол күн сайын, сағат сайын өзіңді-өзің ізгі істерге жұмылдыруға, бірдеңе жасауға, әлдебір жаңалық ашуға, қолыңды еңбекке, жүрегіңді адалдыққа мәжбүр етеді. Осы қасиет ежелден біздің халықтың өн бойында бар. Қазақ халқының жасампаз қасиеті туралы сөз қозғағанда Ұлы даладағы ескерткіштер, қалалар мен ауылдар көз алдымызға келеді. Сондай-ақ сан ғасырдан атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтар рухани жасампаздықтың жарқын үлгісі. Біз осы үлгіден өрнек алып әр күн, әр сәтте жасампаздық жасауымыз керек. Мектепке келіп, халықтың аманаты болған оқушыларға терең білім беріп, кемел ұрпақ етіп тәрбиелеуге қажырлы еңбек етіп, жасампаздық көрсетеуіміз керек. Әрбір сабағымыздың мазмұнды да мәнді болуына, әрбір ісіміздің жемісті болуына күш салуымыз керек. Мен еңбек етіп жатқан Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектепте атқарылып жатқан келелі істер «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолдары жеткіншектерді Отанды сүюге, ана тілін жетік меңгеруге, салт-дәстүрін білуге, тарихи мұраларға құрметпен қарауға тәрбиелеу үшін көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Мектебіміз республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларда жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Мектебіміздің басшысы Табынчаев Өсербай Рысбайұлының іскерлік басшылығымен 2016 жылы Жаңаөзен қаласының әкімінің «Ең үздік мектеп» атты номинациясын жеңіп алды. Бұның өзі мектеп ұжымының жемісті еңбегін көрсетеді. Әрбір ісімізде жасампаздық көрсетуге талпынамыз.
Біз өзіміздің кімдігімізді, қандай ұлы адамдардың ұрпағы екенімізді ұмытпай, әр күнімізде жасампаздық жасап, алдымызда жарқыраған бағдаршам болған «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, қасиетті топырағымызды гүлдетіп-жайнататын кемел адамды тәрбиелейік!
Бақытова Ақмаржан Сексенқызы
Жаңаөзен қаласы,
№18 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі