«…Оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық
жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажетті,
бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық,
тәкәппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс
қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек»
Н.Ә.Назарбаев
Ұлы бабамыз Әл-Фараби: «Тәрбиелеу дегеніміз- адам бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дамыту» деген қанатты сөз қалдырып кеткен екен. Бұдан туындайтын міндет – өскелең ұрпақты рухани мұралар сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтарға тәрбиелеу. Руханилық — жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»,- деген болатын . Яғни білімді ұрпақтың еліміздің табысты болуында алар орны зор екендігі белгілі. Олай болса білім мекемесінің басты мақсаты — өзіндік рухани-азаматтық құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару. Қазіргі заманғы мемлекет құрудың бағыттарын айқындаған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты реформасы ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды. Аталмыш бағдарламаның 89- қадамында «Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел құндылықтарын енгізу» туралы баяндалған. Осыдан білім беру жүйесінде туындайтын басты мақсат өз тарихын жетік меңгерген, салт-дәстүрін ұғынып, құрметтейтін, өзге ұлттардың мәдениетіне сыйластықпен қарап, қарым-қатынас жасай алатын тұлғаны қалыптастыру. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарды тұлғалық қасиетке айналдыру, білім мен тәрбие беру жұмыстарын ұштастыру мәселелерін қарастырудың алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген. Яғни, ұстаз жаңа кезеңдегі мұғалімнің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің жаңашылдығын және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын болуы тиіс. Мектепте ең басты назарды оқушылардың бойындағы функциональды сауаттылық және өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға аудару болып отыр. Сондықтан біздің мақсатымыз – жастарды еліміздің өткендегі мәдени мұрасынан хабардар ету, туған жеріне, өскен еліне адал қызмет ететін, азаматтық борышты терең сөзінетін саналы адам тәрбиелеу. Ол мектеп басшысының кәсіби деңгейіне тікелей байланысты болмақ.
М.М.Поташниктің айтуынша «Басқару – мектептің қалыптасуын, тиімді қызмет етуін және үнемі дамып отыруын қамтамасыз ететін барлық субьектілердің мақсатты іс — әрекеті». Ал,М.И.Кондаков мектепті басқарудың басқа салалардан өзіндік ерекшеліктері бар екенін, өйткені оның барысында «оқу — тәрбие үрдісінің барлық жағын қамтитын ұйымдастырушылық – педагогикалық қатынастар жүзеге асырылатынын» атап көрсетеді.
Себебі мектепте жасалынған жұмыстарға бақылау нәтижелері-мектеп жұмысының алға басуының, оқушыларға «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде нәтижелі, сапалы білім, саналы тәрбие берудің негізгі көзі. Мектепішілік бақылаудың бағыттарын дұрыс анықтай білу оқушылардың білім, білік, дағды деңгейлерін нақтылауға, оқыту сапасының нақты бағалануына әсерін тигізеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың:«Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін басқаруға қол жеткізуіміз керек» деген сөзі білім беру ұйымдары басшыларына жүктелер міндетті айқындайтыны анық.
«Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқу-тәрбие үдерісіне енгізуде мектептегі бақылау-басшылық қызметінің міндеттері:
1.оқушылардың сапалы білімінің Мәңгілік Ел құндылықтары негізіндегі құзыреттіліктеріне ықпал ету.
- білім мекемесінде оқушылардың Мәңгілік Ел құндылықтары негізінде қалыптасуына педагогикалық-психологиялық жағдай туғызу;
3.мұғалімдердің шеберлігін шыңдау, шығармашылық еңбегін қалыптастыруда кәсіби құзіреттілігін жетілдіру;
4.мамандарға арналған әдістемелік семинарлар, ғылыми шараларды ұйымдастыру;
5.мұғалім мен оқушылар арасында шығармашылық-серіктестік орта қалыптастыру;
6.ата-аналардың оқу тәрбие үдерісіндегі ролін нығайту
7.оқушылардың бейіміне қарай диференциалды ықпал жасау, қосымша білім беруді жүзеге асыру;
- Қазақстанның тарихи ұлттық және мәдени құндылықтарын ескере отырып білім беру үрдісін дамыту;
9.атқарылуға тиісті жұмыстадың барысын, сапасын зерттеу, зерделеу,анықталған кемшіліктер мен олқылықтарды түзету;
10.көзделген мақсатқа жету жолдарын қарастыру, қадағалау.
Қорыта айтқанда, білім беру ұйымдарында «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында Өркениеттілікке құлаш сермеген заманда тәлім-тәрбие беруде ұлттық дәстүріміз бен ұлттық сана сезімімізді, болмысымызды сақтап қалуда, адамгершілігі мол, сапалы әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуде қазақтың ұлттық тәрбиесінің орны ерекше. Ол мектепішілік басқарушылық шараларға тікелей байланысты болмақ.
Валиева Майра
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ,
«Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты