Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Мәңгілік ел қалыптастыру жолы – жас ұрпақты тәрбиелеуден басталады

Мәңгілік ел қалыптастыру жолы – жас ұрпақты тәрбиелеуден басталады

Тренингтің мақсаты: 5-сынып оқушыларының бастауыш буыннан орта буынға өтуі барысындағы бейімделу үдерісіндегі дамуында жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің үлесі зор екендігін түсіндіре отырып, қарым-қатынас орнату. Ата-ана мен мектеп арасында тығыз қарым-қатынас орнату.

Қатысушылар: 5-сынып ата-аналары (Әр сыныптан 3-4 ата-анадан қатысады).

Көрнекілігі: бейнетаспалар, слайд, қызыл жіп, таратпа материалдар, оқушылардың «Менің отбасым» тақырыбындағы суреттері, ашық хаттары, хаттарды салатын арнайы қалташалар.

Тренинг барысы:

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының халқымыздың рухани тұрғыда өзге әлемге өзін танытудың нық қадамы болары сөзсіз. Аталған мақаланың халықтың ертеңі алдындағы маңызы жоғары. Бұл маңызды құжат мектептің тәрбие және білім саласындағы жұмыстарын жүйелеуге кең мүмкіндіктер ашады.

Елбасымыз өз сөзінде: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі — саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».

Мұғалім өз сөзінде тренингтің мақсатына тоқталып, қатысушыларды ережемен таныстырып өтеді.

Тренинг ережесі:

— Тренингке берілген регламентті сақтау;

— Тренинг барысында бір-бірінің сөзін бөлмеу;

— Қатысушылармен бірігіп жұмыс жасау;

— Қатысушылар бір-біріне кедергі келтірмеу.

Ұйымдастыру кезеңі:

1-жаттығу.  «Өрмекшінің торы» атты танысу тренингі

Мақсаты: Ата-аналар бір-бірімен жақынырақ танысады, ресми қатынастан бейресми қатынасқа көшіп, өзара сенім орнайды. Жайма-шуақ ахуал қалыптастыруға мол мүмкіндік туындайды.

Тренингке қатысушы ата-аналар өзара және мұғаліммен танысу мақсатында «Өрмекшінің торы» атты тренинг өтеді. Тренингті ұйымдастырушы мұғалім жіптің бір ұшын ұстап тұрып өзінің аты-жөнін және өзі жайлы жақсы қасиеттерді айтып өтеді де, келесі адамға жіпті лақтырады. Осылайша кезектесіп жіпті бір-біріне береді, қатысушылар іс-әрекеті арқылы өрмекшінің торы шығады.

2-жаттығу. «Өрнектері қар қиыршықтары»

(Қатысушыларға алдын-ала дайындалған ақ қағаздар беріледі)

Мақсат: ата-аналарды өзара және мектеппен тығыз байланыс орнатуға, ортақ мақсатта жұмыла білуге шақыру.

Мұғалім: Ақ қағазды алып ортасынан бүктейміз де, өзіңіздің қалауыңызда кез-келген бұрышын жыртып алаңыз. Осы әрекетіңізді қағазды бүктей отырып жалғастырыңыз. Енді барлығымыз өзіміздің қар қиыршықтарымызды ашып қарайық.

Осы сәтте төмендегідей сұрақтар туындайды:

  • Кімде бірдей қар қиындысы шықты?
  • Неге мұғалім қағаздың белгілі бір бұрышын қи дер бағыт бермеді? Себебі неде деп ойлайсыздар?

Мұғалім сөзі: Себебі, бәріміз бірдей әрекет жасағанмен біздер әр түрлі адамдармыз, әр түрлі қимылдаймыз. Ал балаларымызға келсек, әрқайсысы бөлек тұлға, әрқайсысының ойлауы, дүниетануы көзқарасы – бәрі де әр түрлі. Егер мұғалім сіздерге бағыт-бағдар беріп отырған болса, барлығыңызда бірдей өрнекті қар қиыршықтары шағыр еді. Бұл тренингтің түйінді ойы: барлығымыз бірлесе, ақылдаса, өзара келісіммен бала тәрбиесіне баса назар аударсақ ортақ мақсат-мүддемізге бірге жете аламыз. Бүгінгі жиналуымыздың бірден бір себебі 5-сыныптардың орта буынға бейімделуі барысында балаңызға сіздер және біз болып қолдау көрсету.

Бейнетаспа: «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі жіберетін қателіктері»

3-жаттығу. Жағдаяттарды шешу.

Мақсаты: Кез келген қиын жағдайдан шыға білуге үйрету, балаларының құқығының сақталуына, бала тәрбиесі мен әдет-әдебіне дұрыс көңіл бөлуге баулу

1-жағдаят: Сіздің балаңыз І тоқсан қорытындысы бойынша жаратылыстану пәнінен «3-тік» бағаға қорытылды. Себебін анықтау барысында, оқушыға жоғарыда аталған пән және сабақ беруші мұғалім де ұнамайды екен. Балаңызға қандай кеңес берер едіңіз?

2-жағдаят: Математика пәнінде күрделі есепті Алмас ұялы телефоны арқылы мұғалімнен жасырып берілген есептерді көшіріп отырды. Оны бастапқыда байқамаған мұғалім оның белсенділігіне таң қалды. Бір сәтте мұғалім оқушы әрекетін байқап қалып, оның есепті өзі емес ұялы телефоннан көшіргенін байқайды. Сіздің әрекетіңіз?

3-жағдаят: Балаңыз күнде бірінші сабаққа кешігіп келеді. Өзіңіз үнемі жұмыстасыз. Балаңызды қалай жөнге келтіресіз?

4-жағдаят: Мұғалімдердің өзара пікір алмасу сайтындағы жазбадан: «Менің сыныбым 1 сынып. Сыныбымда бір оқушым аптасына сабақтан үнемі 1 рет болса да қалдырып отырады. Сұрасаң: ұйықтап қалған, т.б. Бірде 2 апта сабақтан қалды. Ауырып қалыпты. Содан келген соң өтілген тақырыптарды жетіп алу үшін тапсырмалар бердім. Сабақтан қалма, үлгере алмайсың деп жайымен де, қатты айттым. Өзі де даярлық тобына бармаған екен. Кешке анасы хабарласып: Қызыма ұрысыпсыз. Ол енді 1 сыныпқа барды ғой. 11 сыныпқа дейін қаншама жылдар бар. Оқып үлгереміз дейді. Осыдан кейін мен ол оқушыға ескерту айтпайтын болдым. Анасының сөзінен соң. Сіздердің пікірлеріңіз қандай?».

Бейнетаспа: «Менің отбасымдағы орным»

(Бұл бейнетаспада тренингке қатысушы барлық сынып ата-аналарының, балаларының қатысуымен  түсірілген. Бейнетаспада әр балақай отбасында оларды              қалай еркелетеді, отбасындағы өз орнын, маңыздылығын т.б. өзара пікір алмасу барысында әңгімелейді).

4-жаттығу. «Менің отбасым» жобалау әдістемесі

Қатысушыларға алдын ала салынған балаларының «Менің отбасым» тақырыбына суреттерін парта үстіне қойылады. Салынған суреттердің ішінен ата-аналар өз балаларының салған суреттерін табуы қажет. Салынған суреттерде оқушының аты-жөні жазылмаған. Әр сурет санмен белгіленген. Кейін сол сандар арқылы оқушының ата-жөнін хабарлайды.

Талқылау сұрақтары:

Өз балаңыздың суретін табу қиын болды ма?

Өз балаңыздың суретін қандай элементтер бойынша таптыңыз?

5-жаттығу. «Ашық хат» (алдын ала 5-сынып оқушылары ана-анасына хат жазады).

Балаларыңыз сіздерге деген жүрек түбіндегі лебіздері мен құрметтерін, айта алмай жүрген ойларын ашық хат бетіне түсірген болатын. Сондықтан ашық хатты оқып шығып, балаларыңызға сіздер де ашық хат жазыңыздар. Ашық хатты балаңызға айтпай жүрген еркелету сөздерімен бастап, болашаққа өмір жолына тілектеріңізді жазыңыздар.

(Ата-аналардың жазған хаттарын конвертке салып, балаларының аты-жөнін жазғызып, балаларына келесі тренингте немесе жиналыста таратып беру керек)

Мұғалім сөзі: Ата-аналар сіздерге бүгінгі тренингке қатысқандарыңызға рахмет айта отырып, отбасылық амандық, балаларыңыз әрдайым сіздерді қуанта берсін деймін.

Осындай жақсы күндеріміз көп болсын, тілектеріміз қабыл болсын!

Дүйсенова Қуанышгүл Кәдіршінқызы,

Жатқанова Нұрлыгүл Ғабдужапарқызы,

Аяғанова Ақерке Сарсенбайқызы,

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі,

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.