Home » Мақалалар » «Мәңгілік Ел» идеясы туралы түйгендерім

«Мәңгілік Ел» идеясы туралы түйгендерім

Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық мемлекеттер үшін маңызды болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қоғамда: «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болу керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлттық мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы»,-деген еді.

Жалпы, «Мәңгілік Ел» идеясының үш негізден немесе үш тұғырдан тұратыны анық. Біріншісі – Түркі қағанаты билеушілерінің (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк) саяси акт – «манифест» ретінде әзірлеп, тарих сахнасына шығаруы; екіншісі – әл-Фарабидің философиялық шығармасында идеяның теориялық-философиялық тұрғыдан негізделуі және үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дидактикалық дастанында құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының, яғни Ата Заң іргетасының қалануы.

Ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясын теориялық-философиялық тұрғыдан негізін салып берген әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби болды. Ол ежелгі грек философиясы мен Шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесіне сәйкес «Мәңгілік Ел» идеясының саяси-философиясының теориялық негіздемесін жасап берді.

«Құтты білік» дастаны орта ғасырларда өркениетті ел болған Қарахан әулеті мемлекеті түркілерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашғар қаласында аяқтаған. Дастан елде Ата Заң (Конституция) қызметін атқарған. Шығармада ел басқарудың, экономиканы, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады.

Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Оны Елбасының жария еткен 2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біздің жалпы ұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан -2050» стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры».

«Мәңгілік Ел» жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі арманы болатын. Әлеуметтік маңызы зор құндылықтың мән-мағынасын ұғындыру, баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеге жеткізу ұстаздық шеберлікті қажет етеді.

Тәрбие сабақтарында оқушылардың дүниеге дұрыс көзқарасы қалыптастырылады, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиеленеді, отаншылдыққа, халықтарды құрметтеуге, сыйлауға яғни халықтар достығына, бейбітшілікті сақтауға, туған жерін сүйе білуге тәрбиеленеді.

Біздің Мақтарал ауданында, әсіресе халықтар достығына тәрбиелеу өте маңызды. Себебі, тарихи даму жолында бұл өңірде қазіргі күнде қазақтармен бірге бір шаңырақтың астында өзбектер,тәжіктер өмір сүруде.

Өзбек, тәжік тілді мектептерде, сонымен қатар аралас мектептерде оқушыларға, ауыл тұрғындарына халықтар достығының маңыздылығы үнемі үгіттелуде.

«Мәңгілік ел» идеясы – Елбасы айтқанындай, жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы – бүкіл елде қолдау тауып отырғаны  ұрыс саяси бағытта дамып бара жатқанымыздың дәлелі екеніне көз жеткізіп отырмын.

 

Каршиев Отабек Кузиевич

ОҚО, Мақтарал ауданы,

А.Рудаки атындағы жалпы орта

мектебі директорының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.