Алдонгарова Б.Ж, Каленова Т.А
Музыка пәнінің мұғалімдері
Мақсаты мен міндеттері:
Қызылорда жайлы оқушылардың ой-өрісін қалыптастыру.
Оқушылардың туған, кең байтақ даласына, халқына, тұрмыс тіршілігіне патриоттық сезімін ояту.
Туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Өз елінің жыршы, жырауларын тану.
Сыр елі жайлы түсінік алу.
Өнерлі балаларды танып, олардың қабілетін дамытып шыңдау
Көрнекілігі: жалаушалар, қанатты сөздер, шарлар, суреттер, слайд
«Сыр елі-Жыр елі!»
(Қонақтар залға жиналып болған соң,интерактив тақтада слайд көрсетіледі және терме тыңдалады. Ортаға музыка фанфарымен екі жүргізуші шығады)
1 жүргізуші: Құндақ құт ұлыменен қызы барда,
Қорқыттай ұлағаттың ізі барда.
Мәңгілік мәртебесің — Алтын бесік.
200 жыл құтты болсын – Қызылорда!
2 жүргізуші: Жыр пернесі жүректерде басылсын,
Қуаныштар қуанышқа қосылсын.
Қала күні құтты болсын баршаңа,
Әннен жырдан шашу болып шашылсын!
1 жүргізуші: Армысыздар қымбатты ұстаздар мен оқушылар !
2 жүргізуші: Бүгінгі технология, музыка және денешынықтыру пәндері бірлестігінің «Мәңгілік елімнің мәңгілік өнері, ән болып рухани жаңғырып келеді» атты апталық аясында өткізгелі тұрған және сүйікті қаламыздың 200 жылдығына арналған «Сыр елі-Жыр елі!» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
1 жүргізуші: Қалалар да адамдар секілді. Туған қаламыз небір қилы кезеңді басынан өткеріп, шыңдалып барып, шаңырағын тіктеді. Қамыстан басқа қамсауы жоқ өлкеде халық дарияның иініне бекініп, қорған тұрғызып қала салды. Тәуелсіздігіміздің тамыры алғаш осында байланды.
2 жүргізуші: Қаншама ұлылар, ақындар,жыраулар ғұмыр кешкен ұлы қала. Ғұламалар жүрген көшелер, саябақтар… біздің бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған – солардың арманы, жадымызда жаңғырып тұрған – солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті болар.
1 жүргізуші: Күннің өңі секілді құмның өңі,
Көшенейдің елі бұл-
Ғұнның елі.
Сырдария жағасы-Жыр-дария,
Не жатқанын түбінде кім біледі.
ӘН: «Қызылорда»орындайтын 5 сынып оқушысы Жұмабекова Қарақат
2 жүргізуші: Жыр күмбезін жоғары көтерген халық ақындары мен жыршы-жырауларымыз кейінгі ұрпағына ұлағаты мол ғибартты шығармаларын аманатқа қалдырды.
Ауыз әдебиеті мен халық ақындарының бай мұрасын әспеттеп, халқымыздың рухани құндылықтарымызды бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату – Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басты талап.
1 жүргізуші:Сыр бойындағы ежелден жасалынған жыр теңізі шегіне көз жеткізбейтін жауһарлар.
Нұрға бөлеп әсем әнді жырға мың,
Тұрмағамбет, Жүсіпұлы тұлғаның
Сүйіп өсті Сыр сүлейі Омармен
Әбзали мен Мұзараптың жырларын
2 жүргізуші:
Пәлі десе демей жырдан тарылам
Жырды еміп уызынан жарыған
Дүзбенбеттен басталғанда Жиенбай
Көшенеймен жеті атаға дарыған. Ия, сыр елі — жыр елі!
Ән. Тынымбай Дидар. Сыр елім!
1 жүргізуші
Бидас пенен ұрпак десе Арнұрды
Шөл қандырар өнері бар сан қырлы
Тылсым сыр бар жыраулардың тегінде
Көк аспаннан нұр кұйғандай жаңбырлы.
2 жүргізуші:
Бугін жоқ деп Көшенейді кел мейлі,
Дала жылап тұнып калсын қол мейлі.
Қиялымда жарқырап тұр жұлдызы ,
Мәңгі рухы биіктеп тұр өлмейді.
1 жүргізуші: Қызылорда — бақыт мекен ырысымыз. Қызылорда – өмір ордамыз.
2 жүргізуші: Қызылорда — тарих таңбалаған тағдырымыз. Қызылорда- ән-жырымыз.
1 жүргізуші: Қызылорда — Алаш анасының тілегі. Қызылорда — ұлт руханиятының жүрегі.
2 жүргізуші: Қызылорда болып жайнады, жасампаз жауһар — Сыр елі. 1 жүргізуші: Қызылорда — ұлт руханиятының орда мекені. Қызылорда — Түркі дүниесінің тек тірегі.
Ән. Тынымбай Каусар. Қызылордам!
1 Жүргізуші: Сүйікті қаламыздың шежіресі шиыр, тарихы кенен. Самала шаһардың набыт нөсері де, шағыл құмы да көп жайттан сыр ақтарғандай. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып сақталған өлкені қазақтың қара шаңырағы – кіші Қазақстан деп атауға толық негіз бар.
2 Жүргізуші: Қызылорда — өнердің, өркениеттің ордасы. Өскен елдің өрелі өнері жайлы бүкіл ел біледі. Қызылорда қаншама ақындардың қаламына қанат байлаған жер, құмыр көмей әншілер, көкірегі сұлу саз, әсем әуен сазгерлердің мекені.
1 Жүргізуші:
Бұл біздің, сырға толы Сыр!
Бұл біздің, бақыт қонған Сыр!
Қаратау асып босқанда
Қазаққа пана болған Сыр!
2 Жүргізуші:
Бұл біздің, ойға батқан Сыр!
Тарихтың уын татқан Сыр!
Түркілер түгел табынар,
Қасиетті Қорқыт жатқан Сыр!
ӘН.. «Қазалы» орындайтын 9 сынып оқушысы Ізәтулла Жұлдыз
1 Жүргізуші:
Сырымның ақ тұмасы ағылады,
Тамшылар күміс сырға тағынады.
Кереге, уығынан кие қонған,
Қызылордам – елдің алтын Шаңырағы
2 Жүргізуші:
Біздің сүйікті Қызылорда жылдың қай мезгілінде де ажары абаттанып, айбыны асқақтай түсуде. Таңғы Қызылорда – таңсәрідегі тыныштықтың сақшысындай қырағы сақ болса, күндізгі Қызылорда қарбалас тіршіліктің, қауырт қозғалыстың тынысындай беймаза, ал кешкі Қызылорда сан түрлі жарнамалардың жарқылы мен фонтандардың тізілген алтын алқасымен айшықтала түседі. Менің сүйікті қалам, Сырдың сұлу қаласы -Қызылорда !
ӘН… «Ал, құрбым»қазақтың халық әні орындайтындар 6 сынып оқушылары Орынтай Назым және Зиядин Айгерім.
1 Жүргізуші:
Сән — салтанат айналам бүгіндегі,
Мақтанышым — жүректің түбіндегі!
Ұлы дала ұлағат тұтып келіп
«Қызылордам!»- деп ардақтап жүгінеді.
2 Жүргізуші:
Жолданар таусылмасын жыр бүгіннен,
Күте бер арайланған күнді Күннен.
Алаштың анасы сен-Қызылордам,
Құттықтаймыз 200 жылдығынмен!
ӘН….. «Қызылорда» орындайтындар Әбдікәрімова Мадина және Ақылбек Айша
1 Жүргізуші: Қызылорда- алыптар туған астана
2 Жүргізуші: Қызылорда – достық пен бірлікке баспана
1 Жүргізуші: Қызылорда – қазаққа болған бас қала
2 Жүргізуші:Қызылорда күн санап көркейіп, ай санап ажарлана түсуде. Бүгінгі Қызылорда индустриалды — инновациялық даму сатысына көтерілген, корпоративті көшбасшылар санатындағы жасампаз қала. Қаламызды әлі алда қанша қуаныш күтіп тұр екен !
Жасана бер, жасампаздықтың мекені — Қызылорда!
1 Жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бүгінгі қаламыздың 200 жылдығына арнаған мерекелік ән кешіміз аяқталды.
2 Жүргізуші: Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айта отырып, келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар дейміз!
Екеуі: Мереке құтты болсын