2018 жылы қарашаның жиырма төртінші жұлдызында Алматы облысы, Қарасай ауданының мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасындағы Республикалық көркемсөз байқауы өтті.
Байқау «Қолтаңба star» республикалық өнер орталығының ұйымдастыруымен «сөз мерген» жобасы аясында «Мәңгілік елдің мәңгілік жыры» деген атпен өткізілді.
Игі іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, оқушылар бойында Отанға, туған жері мен еліне деген сүйіспеншіліктерін ояту, патриоттық тәрбиені насихаттап, сахна өнеріне қызығушылықтарын арттару, көркем әдебиетті насихаттау, тіл мәдениетін көтеруді мақсат етті.
Байқауға көркемсөз оқу шеберлігін меңгерген, сахна мәдениетін меңгерген, артистік қабілеті бар, мәнерлеп оқуға қабілетті, сөз құдіретін жете меңгерген дарынды 6-16 жас аралығындағы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылды.
Оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, бүлдіршін топ (6-7 жас), кіші топ (8-10 жас), орта топ (1-13 жас), жасөспірім топ (14-16 жас) болып, кезең-кезеңімен көркем сөздері оқытылып, әр кезең оқып біткен соң 3 адамнан құрам тапқан қазылар алқасы тарапынан ең жоғары балл 10 санымен таяқшалар арқылы көрсетіліп бағаланып отырды.
Байқау басталар алдында ілінген тізім бойынша жас айырмашылығына сай толық аты-жөнімен тіркелген 145 оқушыны көзіміз шылғанымен, кейбір мектептерден қосылып тіркеліп жатқан біраз оқушының бар екенін де байқадық.
Таңғы 9,00-ден 10,00- дейін тіркеу жұмыстары жүргізілсе, 10,00-ден 13,00-ге дейін бүлдіршін және кіші топтың оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Түскі бір сағаттық үзілістен кейін қалған орта және жасөспірім топтың өнерпаздары көркем сөздерімен тыңдарман қауының көзайымы болды. Сонымен 17,00-де марапаттау рәсімі басталып бір сағат мөлшерінде өз мәресіне жетті.
Шара барысында әсіресе кіші топтың қатысушыларының саны ең көп болып, қазылар алқасының бірі арнайы түрде бағалау барысында тоқталып, Қарасай ауданының оқушыларының деңгейінің, дайындығының осыдан бұрын басқа ауданда өткізген аталмыш іс-шараның барысымен салыстырмалы түрде айтарлықтай мақтауға татырлық ерекшелігі бар екендігін ерекше атап айтты.
Көркемсөз шелерлерінің әрқайсысы байқау шарттарына сай I, II, III орындағы дипломдармен «Дипломат», I, II, III орындағы дипломдармен «Лауреат» қосымша медальмен және «Бас жүлде» сынды орындармен марапатталды. Бас жүлде иегерлері 2019 жылы өтетін «Жұлдызды қолтаңба» фестиваліне жолдама алды. Сонымен қатар, байқауға атсалысқан жетекші мұғалімдердің ерен еңбектері мен әр мектептің ұйымдастырушы алқасының да жұмысын назардан тыс қалдырмай дипломдармен марапаттады.
Жалпы, Қарасай ауданы бойынша «Л.Н.Толстой атындағы орта мектебі», «Шамалған қазақ орта мектебі», «Абай орта мектебі» сынды 3 мектептің байқауға қатыстырған оқушыларының санының көп, белсенді болуына байланысты аталмыш мектеп директорларының атына арнаулы кубоктар табысталды. Әрине, өз мектебімізден 30-дан аса қатысқан оқушы жалпы өнер сайысына түскен түлектердің үштен бірін құрап тұруына байланысты «Л.Н.Толстой атындағы орта мектептің» белсенді оқушыларын басқарып отырған Накысбеков Дархан Сатылғанұлының есімі ерекше аталып өтті.
Аталмыш іс-шараға қатысқан барлық оқушылар мен мұғалімдер де жетістіктеріне риза болып, тәжірибе жинақтап, алдағы күндере болатын сайыстарға қатысуға және оқушы қатыстыруға күш жинап, шабыттанып «Қолтаңба star» республикалық өнер орталығының ұйымдастырушыларына шексіз алғыстарын білдіріп қайтты.
Бейіс Бану
«Л.Н.Толстой атындағы орта мектебінің»
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі