Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жылдың басты құжатына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атауын берді. Осы сөздердің әр буынында сананы серпілтер өрліктің өзегі бар. Осы сөздердің қанатты екпінінде тәуелсіздігімізді тұғырландырған өр халқымыздың жаңашыл қадамдарға дайын екендігін меңзейтін асқақтық қол бұлғайды. Бұл замана талабындағы Жолдаудың терең мазмұнын білдіретін тұғырнамалық қағидат, қазақстандықтардың ерік-жігерін тасқындатқан «Мәңгілік елге» бастайтын сенімді баспалдақ ретінде бағалануда. Елбасының әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысын ғана емес, алаңсыз болашағын діттейтіндігімен құнды. Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық салтанаты мұны барынша дәлелдеді. Қазақстанды құрмет тұтатын, үлгі ететін мемлекеттер санаты артып келеді. Себебі Қазақстан үнемі қозғалыстағы, үнемі алға басушы, ынтымағы ырысқа жетелеген ел. Мақсат – қазіргі азаматтық қоғамды біртұтас ұлтқа айналдыру. Сондықтан Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатына негізделген жаңа Жолдауындағы негізгі 10 міндетті мінсіз орындау баршамыз үшін үлкен абырой болмақ.
Елбасы халқымызға Жолдауындағы маңызды міндеттер қатарында «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деген тұжырымды атап көрсетті.
Әлемдік өркениетке жетудің бірден-бір жолы–терең білімділікте екенін үнемі назарда ұстап келе жатқан Елбасы әдеттегідей өзінің Жолдауында білім беру саласына зор назар аударып, адам капиталының жаңа сапасына қатысты «Адами капитал – жаңғыру негізі» тақырыбындағы жетінші міндетте білім беру саласын дамыту бойынша маңызды міндеттерді айқындап берді. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетуді, негізгі басымдық өзгерістерге үнемі бейім болуды және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Білім беру саласының барлық сатылары бойынша жаңашылдық пен өзгерістер нақтыланып, міндеттер айқындалды.
Білім мен ғылымның қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені баяғыдан белгілі. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең алдымен білім күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғанының да басты себебі осында. Өйткені, білім–тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге, тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды, болашаққа батыл да айқын қадамдар жасала береді.
Адами капиталдың сапасын арттыру–мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты десек, қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман дамуы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жаңа талапқа сай арттыру қажеттігі айқын сезіліп отыр.
Жолдауда нақтыланғандай 2021 жылы орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу аяқталады.Сол себепті педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қаралмақ екендігі жолдауда көрініс тапты.
Осыған орай әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатындай шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдер қажет. Өйткені оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы мұғалімнің қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты. Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,-деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі талапқа сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сәйкес болуы керек.
Біліктілік арттыру бағытындағы жұмыстарды атқаруда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты өз қызметінде үнемі Елбасы жолдауында алға қойған міндеттерді нық ұстанып, жаңаша серпінмен жандандыра жұмыс жүргізуде. Елбасы Жолдауындағы білім берудің жаңа сапасы бойынша оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне басым бағыт беріліп, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттілігі жан-жақты талқыланды. Жолдау мазмұны курс бағдарламасына енгізіліп, бүгінгі күні 180-ге жуық курс тыңдаушыларына Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы насихатталып, түсінік жұмыстары жүргізілуді. Ұжымда жолдаудың жетінші тармағында айтылған «Адами капитал – жаңғыру негізі» аясында білім берудің жаңа сапасы, рухани жаңғыру, педагогтерді оқыту және олардың белсенділігін арттыру жөнінде қызу талқыланды.
Негізгі стратегиялық бағыттарымыздың бірі –ұстаздардың біліктілігін арттырудың мазмұнын әлемдік тәжірибе негізінде жаңарту жұмыстарын жүзеге асыру. Осы бағыттағы жоспарлы ауқымды жұмыстарын институт қызметкерлері облыс педагогтарымен ынтымақтаса жүйелі әрі нәтижелі жүргізіп келеді. Өткен 2017 жылы білім мазмұнын жаңарту аясында 71 біліктілік арттыру курсы ұйымдастырылып, 1861 тыңдаушы жаңартылған мазмұнда өткен курстардан өткізілді. Курстан кейінгі қолдау қызметі аясында өткізілген оқыту және әдістемелік семинарларының мұғалімдер үшін тиімділігі жоғары болды. Бүгінгі күн талабына лайық білім беруге бағытталған игі бастамалар, білім беру мазмұнын жаңарту бағытындағы туындаған мәселелер мен кедергілерді оңтайлы шешу бағытында ауқымды істер толассыз атқарылуда.Осы 2018 жылы да жаңа бағдарлама бойынша 59 курс ұйымдастырылып, 1616 тыңдаушыны біліктілік арттыру курсынан өткізу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағы — үштілділікті меңгеру . Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Өйткені бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша жоспарланған 35 педагог-маман «Үш тілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және тілдік-қатысымдық құзіреттіліктерін қалыптастыру» бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде біліктілік арттыру курсынан өткізілді.
Сонымен қатар Елбасымыз Жолдауда «Қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны қазіргі заманға лайықтау қажет»- деп, латын графикасына көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Латын әліпбиіне көшу — ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Латын әліпбиін қолдану түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы–қазақ тілін жаңғыртуға, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға ықпалы зор. Осы бағытта да біздің институтта біршама іс-шаралар атқарылып, тілімізді Мәңгілік елдің тіліне айналдыру үшін жасалып жатқан қадамдарға қосқан үлесіміз десек те болады.
Осынау игі істердің басында Елбасының елдігімізді нығайтуға, білім мен ғылымды дамытуға деген шынайы қолдауы тұрғанын сеніммен айта аламыз.
Адами капитал арқылы жаңа білім мен кәсіпті игеріп, санада да, қоғамда да айтулы өзгерістер жасап, алпауыт елдер санатына қосылуға болады. Мемлекет басшысы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін белгілеп берген он кешенді міндетті іс жүзіне асыру мақсатында жұмыла еңбек етіп, бірлігімізді берік, берекемізді баянды ету баршамыздың басты парызымыз болмақ.
Қарамурзин А.Қ.
«Өрлеу»БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша ПҚБАИ басқарма басшысы