(Қалалық семинарға арналған ертеңгілік)
Мақсаты: Қазақстан балалары бейбітшілік заманда тыныштықта өмір сүруде. Барлық ұлттың балалары бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Елдің ертеңі үшін, мәңгілік ел болашағы үшін балаларға тарихымызды ұмытпай, елімізді дамыту үшін, мәңгілік елге қызмет етуге тәрбиелеу.
1- Жүргізуші : Армысыздар, сәлем беру салтымыз,
Сәлемменен сөз бастаған халқымыз.
Аман-есен жүрмісіздер жалпыңыз
Армысыздар, жиылған жұрт халқымыз!
2- жүргізуші: Болашақ үшін қол созған
Үміт күткен ел арманы мәңгілік
Бүлдіршіннің жүрегіне жол тартқан
Ізгі-ниет жақсы өнеге тоқтасын.
2-Жүргізуші бала: Жания, мәңгілік ел дегеніміз не?
1-Жүргізуші қыз: Мәңгілік ел болу үшін тіліміз мәңгілік, ұлтымыз, тәуелсіздігіміз мәңгілік болу керек.
2-Жүргізуші: Мәңгілік елге біз қызмет етуіміз керек, жалғастыруымыз керек, біз – мәңгілік елдің болашағымыз.
Бірге: Елдің ертеңі нұрлы болсын, Қазақ елі мәңгі болсын!
(Музыка әуенімен балалар залға кіреді. Қолдарында жалауша төрт қатарға бөлінеді).
ӘН: «Туған жер алтын бесігім»
Тақпақтар:
1-бала: Мәңгілік Ел ұғымы қасиетті, киелі,
Елжіретіп жаныңды, иітеді жүйені.
Тебіреніп бұл сөзге бабалардың аруағы
Тереңдегі тарихтың ағытылар тиегі.
2 бала: Төбемізден мәңгілік күннің құйылса
Мәңгілік ел болмақпыз болашақта бұйырса
Мейірімі төгілген алыс пенен жақынға
Мәңгілік ел белгісі – парасатта ақылда!
3-бала: Мәңгілік Ел белгісі – аспандаған Бәйтерек
Жайнап тұрған Астана, жарқыраған Ақорда!
Жақсы-жайсаң кеңесіп, төрт құбыла теңесіп
Арман болмас айналсақ алынбайтын қамалға!
4-бала : Мәңгілік Ел дегенді оңай емес айту да
Біле білсең, ағайын, бақыт – анық, ой – тура
5-бала Не көрмедің, қазағым, тайталасқан тірлікте
Мәңгілік ел белгісі – береке мен бірлікте.
6-бала: Қазақ болсаң, қадірле өз тіліңді тіріңде
Мәңгілік Ел белгісі – Мемлекеттің тілінде
7- бала: Мәңгілік Ел белгісі – жүрегіңде, қаныңда
Отан үшін шыбындай, шырқыраған жаныңда!
Көрініс: Ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп демалып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады.
Немересі: Ата, не ойлап отырсыз?
Атасы: Ә, балам, атаң не ойлайды дейсің, сенің болашағың жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын және мәңгілік ел туралы ойлаймын.
Немересі: Ата, мәңгілік ел деген не?
Ата: Е, балам, мәңгілік елге жету үшін қазақ халқының басынан нелер өтпеді десеңші! Қаншама тер төгіліп, қиындықтар өтті ғой. Сонау ежелгі ата- бабаларымыз, ерте кезден бергі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?
Немересі: Ата, сол туралы айтып беріңізші?
Атасы: Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін,
Болмаса да оқыған тарихшы атаң, балам,
Жинадым ескілерден тарих хатын
Мақсаты – кейінгі ұрпақ ұмытпаса
Айтылған аталардың аманаты.
Сондықтан балам, сен де өз тарихыңды білуге тиіссің.
1-Жүргізуші: Басталыпты алғашқы дәуір тастан,
Бабалар жазған бәрін етіп дастан.
Қазақтың бұрынғысын бір қайталап
Ақтарайық тарихты әуел бастан.
2-Жүргізуші: Өткеніміз қалың тон болып қатталады,
Ұрпақтардың санасында жатталады.
Сонау кезден
Қазақ деген ұлы халық басталады.
Көрініс: жартылай тігілген киіз үй, үй жиһаздары, алтыбақан, қазан.
Киіз үйдің ішінде әжесі, атасы, шай құйған келіні, аулада асық ойнаған балалар, бір шетте киіз басқан қыздар.
Жеңгесі: Кәнекей, ерке қыздар, әкеліңдер түскиізді.
Би: Түскиіз
Ән: Тойбастар
Ұлттық ойын: «Қыз қуу»
Жаушы: Жау шапты, халайық, жиналыңдар, жау шапты. Жоңғарлар келеді.
Жоңғарлардың әскерлерінің маршы:
Қария: О қасірет, қасірет .Шынымен-ақ сорлағанымыз ба? Қорланғанымыз ба? Өз жерімізден өзіміз безініп, әлде сұм тағдырдың жазғаны ма еді? Көрсетпеген не қалып еді тағы да?
Бәйбіше: Отағасы-ау , тағдырдың салғанына көнеміз, әбден азып-тозған мына қаралы көштің бар үміті сенде.
Қыз: Самал жел сонша неге ызғарлысың? Нәресте кезімде сен емес пе едің осы ызыңмен уатқан. Шынары биік қара тау, неге үндемейсің? Жасаған, кешіре гөр, сені тастап кетіп барам.
Апа: Құлыным-ау, неге сонша көп жылайсың, сенің не күнәң бар еді? Ең ақыры кіндік қаның тамған жерге сыймай кетіп барасың ғой. Туған жер, сен де бүгін қаралысың, перзентің біз де қаралымыз, не деген қасырет?
Би: Әскерлер
1-батыр: Уа халқым!
Ұлдарың орындады берген антын
Біздер едік шығарған елдің даңқын
2-Батыр: Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып
Қуанғанда күлкіммен түн тірілген.
3-Батыр: Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым
Сансыз басты диюдай сан тірілтіп
«Мен қазақпын !» дегенді айта тұрдым.
4-Батыр: Мен Қазақпын, биікпін, байтақ елмін
Қайта тудым, өмірге қайта келдім
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім!
БИ: Шашу (Қазан –ошақ, самаурын , күбі, бауырсақ тарату)
Музыка әуенімен атасы мен бала сөзі:
Атасы: Міне балам, біздің қазақтың басынан қайғы-қасырет те өтті, жеңіліс те, жеңіс те болды, көзімізде мұңды да, қуанышты да жас болды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы, желтоқсан желі дауылға айналды. Сол Желтоқсан оқиғасы қанша ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: Ата, «Егемендік» дегеніміз не?
Атасы: Егемендік ел болудың белгісі —
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші
«Егемендік» деген сөзден естілер
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
Міне, «Егемендік» деген осы.
1-Жүргізуші: Тәуелсіздік мәңгілікке сақталсын,
Алдымызда барлық үміт ақталсын,
Тату-тәтті бірлік болсын қашанда,
Бейбіт өмір бар халықпен жақталсын.
2.-жүргізуші : Тәуелсіздік таңы атты нұрланып,
Болашаққа өркендейміз шыңдалып
Тәуелсіздік бақыт нұрын сыйлады
Бақ жұлдызы аспанымда тұр жайнап.
Ата сөзі: Міне, көрдің бе, балам!? Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында көк туымыз желбіреп мәңгілік елге айналдық. Астанамыз көркейіп, Қазақ елі дамыған елу елдің қатарына қосылуда.
Би: Құрылысшылар
Жүргізуші: Бірге: Мәңгілік елдің бақытты бүлдіршіндері жасасын!
Қазақ елі жасасын!
Би: «Бақытты бүлдіршіндер»
Елімнің атын айтсам – Қазақстан
Жерімнің атын айтсам – Қазақстан
Қойнауы қазынаға толған мекен
Байлығым, атын айтсам – Қазақстан!
Би: «Көк тудың желбірегені»
Тастанова Ж.С.
№ 95 «Алтын дән» бөбекжай балабақшасы,
саз жетекшісі
Шымкент қаласы