Home » Ашық сабақтар » Мәтіннің түрлері

Мәтіннің түрлері

Мақсаты: Оқушыларды мәтіннің түрлерімен таныстыру.
Мәтін түрлерінің ішкі құрылымдық ерекшеліктерін ұғындыру. Тірек сызба арқылы мәтін құрауға үйрету. Байланыстырып сөйлеу дағдысын және сөздерді қолдану ерекшелігі арқылы сөйлеу мәдениетін дамыту.
Табиғатты зерделей білуге, қорғауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
әдістері: сұрақ — жауап, түсіндіру, көрнекілік, талдау, шығармашылық – ізденушілік әдістері.
көрнекілігі: суреттер, интерактивті тақта, тірек — сызба, оқулық.

Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі. Амандасу, оқушыларды үш топқа бөлу.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. 197 — жаттығу. Мәтінге жоспар құру керек.
Алдымен әр топтан бір — бір оқушы мәтінді кезектесіп, тізбектеле оқиды. Сосын әр топ өздерінің құрған жоспарларын оқиды.
ІІІ. Өткен сабақты бекіту. Сұрақ – жауап:
— Мәтін дегеніміз не?
— Мәтіннің қандай бөліктері болады?
— Мәтіндегі сөйлемдердің орындарын ауыстырып айтуға бола ма?
ІV. Жаңа сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау.

V. Жаңа сабақ
1) Бірінші мәтін бойынша жұмыс
— Мен сөз жасырдым. Бұл сөз екі сөзден құралып тұр.
Бір таңбалы сан + адам дене мүшесі = суда тіршілік ететін жәндік.
Жауабы: сегізаяқ (интерактивті тақтадан сегізаяқтың суреті және мәтін көрсетіледі.) Ендеше бірінші мәтін «Сегізаяқ» деп аталады.
— Бұл мәтін не туралы? – Тақырыбы қалай аталады?
Мәтіндегі сөйлемдерге қандай сұрақтар қоюға болады.
(Оқушылар жауабы: — Сегізаяқ не істейді? — баяу қозғалады.– Жауын көргенде қайтеді?- құтылып кетеді. Аяқтарын төмен салбыратса не істейді?
Ұйқыға батады, ұйықтай береді
— Яғни осы аталған сөздер бұл мәтіндегі тірек сөздер. Осы тірек сөздер мәтіндегі сөйлемдер арасында байланыс жасап тұр. Бұл мәтіннің — әңгімелеу түріне жатады. Себебі, бір оқиғадан соң екінші оқиға айтылады. (Сөйлемдердің орындарын ауыстыруға болмайды. Егер құрылымы бұзылса мәтінде не туралы айтылғанын ұғу қиын болады.)
Әңгімелеу мәтінінің ерекшелігі: 1) Мәтін «не істейді, не істеді» деген сұрақтарға жауап береді. 2) Тірек сөздері — етістіктерден болады. 3) Сөйлемдер тізбектеле байланысады. Мәтін соңына қарай негізгі ой айтылады. (1 — тірек — сызбада көрсету)

Әңгімелеу мәтінін түсінгендерін байқау.
Ақбөкен
Ақбөкендер ен даланы мекендейді. Олар топ — тобымен жайылады. Кәрі ақбөкендер қарауыл қарайды. Қауіп төнгенде пысқырып дауыс береді.
— Бұл мәтіннің қай түрі?

2) Топпен жұмыс.
– Осы мәтіндегі тірек сөздерді табыңдар.( мекендейді, жайылады, қарауыл қарайды, дауыс береді)
3) Екінші мәтінмен жұмыс. Оқулықпен жұмыс «Лашын»(70 бет)
— Мәтінге сұрақты қалай қоюға болады? – Мәтінде лашынды қандай деп сипаттайды? — Лашын қандай құс? — Оның арқасы, алқымы қандай?
— Көзі қандай?- Қанаты қандай?
Бұл — сипаттау мәтіні.
Сипаттау мәтінінің ерекшелігін өздерің тауып айта аласыңдар ма? (Әр топтың жауабын тыңдау).
Сипаттау мәтінінің ерекшелігі: 1) Сөйлемдер заттың түр — түсін, қасиетін суреттейді. 2) Сипаттау мәтіні « Қандай?» деген сұраққа жауап береді. 3) Тірек сөздер – сын есімдерден болады.( 2 — тірек — сызбада көрсету)

4) Үшінші мәтінмен жұмыс.
(Интерактивті тақтадан қайыңның суреті мен мәтін көрсетіледі.)
Қайың.
Қайың — пайдалы ағаш. Өйткені, қайыңнан түрлі жиһаздар жасалады. Оның майымен былғары өңделеді. Ол улы газдарды өткізбейді.
Бұл — мәтіннің қай түрі болады деп ойлайсыңдар? НЕ себепті? – Немен дәлелдейсіңдер? Бұл — пайымдау мәтіні. Себебі, бірінші сөйлемде негізгі ой айтылады. Ал қалған сөйлемдерде сол ой дәлелденеді. (3 — тірек — сызбада көрсету)

Пайымдау мәтінінің ерекшелігі:
1) Пайымдау мәтіні « Неліктен?» деген сұраққа жауап береді. 2) Бірінші сөйлемде негізгі ой айтылады. Ал қалған сөйлемдерде сол ой дәлелденеді.
3) Тірек сөздері — «өйткені», «себебі», «біріншіден «, «екіншіден,»— деген сөздер
VI. Түсінгендерін тексеру
1) Тірек сызбаны пайдаланып мәтін құрау. Әр топқа тапсырма беру.
Үш топта «Түйе» тақырыбына мәтін құрайды.
1 — топқа:
Мәтін «Түйе — төрт түлік малға жатады»- деп басталады. Тірек сөздері не істеді? не қылды? қайтті? сұрақтарына жауап береді. Әңгімелеу мәтіні болу керек.
2 — топқа:
Мәтін «Түйе — сирақтары ұзын, өркешті жануар»- деп басталады. Тірек сөздері қандай? деген сұраққа жауап береді. Сипаттау мәтіні болу керек.

3 — топқа:
Мәтін «Түйе адамға пайдалы, себебі, «- деп басталады. Тірек сөздері неге? неліктен? деген сұрақтарға жауап береді. Пайымдау мәтіні болу керек.

VII. Сабақтың қорыту кезеңі.
— Бүгін сабақта не үйрендіңдер?
— Білетін ережелеріңді, ұғымдарды кестеге жазу.
Мәтін туралы не білетін едік?
Бүгін тағы нені үйрендік?

1. Мәтін мағына жағынан өзара байланысқан, екі немесе одан да көп сөйлемнен құралады.
2. Мәтіннің тақырыбы болады.
3. Мәтіннің басы, ортасы, соңы болады.
4. Мәтінде тірек сөздер болады.
Мәтіннің негізгі ойы болады.
• Мәтіннің түрлерін білдік:
1. әңгімелеу
2. сипаттау
3. пайымдау
•осы түрлерінің ерекшелігін білдік.

Оқушылардың білімін бағалау.
VIII. Үйге тапсырма беру. 201 — жаттығу. Күнбағыс жайлы сипаттау мәтінін құрау.

  Сейтбекова Гүлім Мейрамбекқызы
 «Нұрорда» мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі,
Өскемен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.