Home » Білім және өнер » Мәдени тәрбие технологиясы арқылы балаларды музыка оқу іс-әрекетінде этномәдениеттік негізде тәрбиелеу

Мәдени тәрбие технологиясы арқылы балаларды музыка оқу іс-әрекетінде этномәдениеттік негізде тәрбиелеу

 

Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында

өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан,

бала сол ұлт тәрбиесімен тәрбиеленуі тиіс.

Мағжан Жұмабаев

Этномәдениет – ата-бабаларымыздың тәрбиеге байланысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірибе жиынтығы, қанша уақыт өтсе де тат баспайтын, адалдығы айнадай ұлттық қазына.

Тәрбие процесі – қойылған мақсатқа жетуге бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара тиімді іс-әрекеттері (достастық).

Осы тәрбие процесінде этномәдени білім беру дегеніміз балалардың шығармашылығын дамытатын мүмкіндіктерді туғызу мақсатына ұлтымыздың бай мәдениеті, ұлттық болмысы, тарихы, тілі, ұлттық құндылықтар туралы оларға білім бере отырып жету. Сондай-ақ жан-жақты, Отанын сүйетін, адамгершілігі мол, рухы биік, мәдени-ғылыми өрісі кең жеке тұлғаны тәрбиелеу. Этномәдени білім берудің басты міндеті – педагогиканың қалыптасқан жақсы үлгілерін сақтай отырып, қазіргі қоғамға қажетті, ұлттық мүддені жоғары қоя алатын, рухани құндылықтарды сақтай алатын, жаһандану заманында өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға ұмтылатын ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі біздің басты құндылығымыз – ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіз Қазақстан елі. Енді дамып келе жатқан мемлекетіміздің тұрақтылықпен дамуы үшін үлес қосар жастарды этникалық білім мен тәрбие тұрғысынан өмірге даярласақ, олардың ұлттық рухы биік болады. Ал рухы күшті елдің қашанда бағы таймайды. Өршіл намысты, биік рухты ұрпағы бар елдің еңсесі биік. Ұлттық рух бар жерде ғана отаншылдық сезімі қанат жаяды. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп халық бекер айтпаған, сондықтан да балабақшада атқарылатын жұмыстың орны ерекше.

Отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан – 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Әр бала басынан сипағанды, жылы сөйлегенді, аялап еркелеткенді, ертегі мен әңгіме тыңдағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы – баланың бойындағы ересектерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеттер. Бұл қасиеттер тек балаға ғана тән. Сонымен қатар осы қасиеттерді баланың жастайынан ата-анасы ескеріп тәрбие бергені дұрыс. Бала кішкентай кезінен қай нәрсеге әуестеніп, үлкендерге қандай көмек бергісі келіп өсетінін біз баланың әңгімелерінен байқаймыз, ата-аналармен отбасыға арналған шараларда пікір алмасамыз. Ойын – өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып жетіле түседі. Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шыңдалады. Ұлттық

ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуіне пайдасы зор.

Мысал келтірсек: «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойыны балалардың саусақ моторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз.

Тіл – адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы, аса маңызды әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі. Қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері –шешендік. Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие-өнер мектебі болған. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр, қисынға құрылған бұл сөздер тындаушының көңілінен шығып, оны сөзсіз иландырады. Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жырлар, толғаулар, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет. Әрбір баланы тек қана кәдімгі әңгімеде емес, кішкене жасынан бастап аудитория алдында орындауға тарту арқылы ғана тәрбиелеуге болады.

Балалардың тілдік дамуына жағдай жасайтын ол театрлық қызмет. Тілдің, сөйлеудің даму процесі тек қана мазмұндық жағын ғана емес, сонымен қатар бейнелік, эмоциялық жақтарын игеруді қарастырады. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүрдің көрінісі.

Салт – кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады.

Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады және осы құндылықтарды балаға жастайынан сіңіру қажет.

Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді.

Әдет-ғұрып – белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы. Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі – дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше жібермейтін, яғни «Қуыс үйден құр шығармайтын». Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі – асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салуға, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Міне осындай қоғамдық тұрғыда маңызы зор, тәлім тәрбие беретін ғұрыптар туралы әңгімелер ұйымдастыру бала тәрбиесінің құрадары ретінде маңызы зор.

Жасы үлкендерге құрмет көрсету Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын. Жас адамның үлкен кісінің алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне барып тұрған әдепсіздік ретінде үзілді-кесілді тыйым салынатын. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмейтін. Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да тілейтін.

Міне жоғарыда аталған тәрбиелік мәні зор халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары туралы әңгімелеу, олардың элементтерін балалармен ойында ұтымды пайдалана білу, оларды сахналауға балалардың өзін тарту тәрбие процесінің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.

Ұлттық информатизациялау орталығының ғылыми жобасы аясында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған интерактивті оқыту бағдарламасы бойынша «Піл мен маймыл» компьютерлік ойынының авторы ретінде айтарым: бұл жобаның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру стандарты негізінде «Таным» және «Әлеуметтік орта» салаларына арналған таңдаулы компьютерлік ойындардың құрылымы мен негізі анықталып, оларды құрастырып, білім беру үрдісіне енгізу болып табылады. «Піл мен маймыл» ертегі желісімен ойынның сценарийлерін барынша қызықты жазуға тырысып, ұлттық элементтерін еңгіздік. Ойынның екінші сценарийі күрделі болып саналады. Балабақша табалдырығынан аттаған кішкене сәбидің 21-ғасыр азаматы ретінде жаңа технологияларға жаны жақын екенін мойындайтын кез келді. Заман талаптарына сай құрастырылған ойын балаларды отыра дамып, жетілуге бағыттайды деп сенеміз.

Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес, себебі Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырап жатыр. Мысалы, мәдени құндылықтарды Батыс тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату және пайда табу. Сондықтан әлемдік деңгейдегі білімді қажетінше пайдаланып, этномәдени білім мен тәрбиеге негізделген өзіміздің ұлттық білім жүйемізді дамытуымыз қажет.

Біздің міндетіміз – рухы биік ұрпақ тәрбиелеу.

 

Астана қ.

№46 «Самал» санаториялық балабақшасы

Таласова Роза Арстанбековна – музыка жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.