Қазір бұрыңғыдай балалық шақ жоқ деуге болады. Оған себеп заманның «заманауи» болып кетуінде. Технологияның дамыған кезеңі кімді де болмасын өзіне баурап алуда. Кез келген уақытта жан — жағыңа қарасаң қолдарындағы смартфонға телмірген адамдар. Тіпті бүлдіршіндер баяғы өзіміз сияқты далаға да шығып ойын ойнауды білмейді. Ғаламтор торлаған әлемде өмір сүреді. Гаджет, смартфон, компьютер адамның санасын улауда.
Осы ретте ойыңа еріксіз Әл-Фарабидің мына бір даналық сөздері оралады: Адамға ең бірінші білім емес рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі. Расында тәрбие тал бесіктен басталады. Халқымыз алдыңғы дөңгелек қалай дөңгелесе, соңғы дөңгелек те солай дөңгелейді дегенді тегін айтпаған. Рухани жаңғыру кезеңінде ұмытылып бара жатқан дәстүрлеріміз бен салттарымыз көне өнерімізді насихаттау оның қалпын сақтап оны насихаттау мына біздердің міндетіміз. Үлкен кіші демей барлығына үлгі бола алатын ұстаздардың да алар орны ерекше. Сондықтан, Абай атамыз айтып кеткендей «ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп бар білгенімізді балаларға үйретуіміз керек. Білімді білгір шәкірттердің шығуы ол ұстазға байланысты. Ұстаз деген бір ғана сөздің астарында білімділік те, мейірімділік те, зерделік те жатыр. Сол себепті де адамдықтың диқаншысы болатын бірегей тұлға. Жас ұрпақты арман жолына жетелеп, білімнің қия шыңына шығаратын да осы ұлағатты ұстаздар. Елбасымыз «Еліміздің ертеңі бүгінгі ас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» деп атап айтқан болатын. Ұрпақ тағдыры үшін жауап беру ұстаз атаулыға үлкен жауапкершіліктің белгісі. Білім кілті ұлағат иелерінің кең пейілді жарқын бейнесі мен білімпаздығы шәкірт санасында да қалары сөзсіз. Жоғарыда айтып өткен балалық шақ пен ғаламтор заманына бекер тоқталғаным жоқ. Тұла бойлары тұлпардай тулаған жас буын өкілдерін түрлі салаға баулу керек. Ол үшін өздерін қызықтыратын іске бет бұруларына қолдау мен ықпал ететін ұстаздар. Жасырын емес бүгінде бойын босқа салып жүрген жасөспірімдер де аз емес. Түрлі келеңсіздіктерге ұрынып, салауатты өмір салтынан жұрдай қолдарына шөлмек алып өз өмірлерін улағандар саны артпаса, кеміген емес. Осылайша өмірлерін тұман басып, өз өздерін жоғалтып алады. Адасушылыққа жол бермеудің бір жолы жаңағы тал бесіктегі тәрбие. Ол дегеніміз баланы мектеп қабырғасынан бастап өнерге баулу керек. Тағы да бір халық даналығы «нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра деген. Бұл нақылды күнде естіп жүрсек те оның мәніне терең үңіліп, мән беріп жатқан адам кем де кем. Ұлттық аспабымызды кеңінен насихаттау үшін оның құндылығы мен тарихын білуіміз керек. Қазақ халқы қуанышы мен қайғысын да домбырамен жырлаған. Ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс тіршілігіне, қиын қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп мұңын айтқан қос ішектен асқан аспап жоқ. Екі ішек пен 19 пернеден тұратын музыкалық аспабымыздың ерекшелігіне шынында еріксіз таңданасың. Одан шыққан әсем әуеннің тек екі ішектен ғана шығып жатқаны қайран қалдырады. Төгілген күйдің үні құлақтан кіріп бойды алатыны сөзсіз. Домбыра ойналғанда ет жүрегіңді елжіретіп, көз алдыңа қазақтың кермиық жайсаң даласын, дархан көңілін елестетеді. Домбыраның үнін тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің… өскелең жас ұрпақты домбыра үнімен тәрбиелесек ол міндетті түрде рухы мықты парасатты болып шығатынына сенімім мол. Балалар мен жас өспірімдерге арналған домбыра үйірмелері көптеп болса соғұрлым олардың бос уақытын тиімді пайдалануға көмектесер еді. Зымыраған уақытта әркім өзінің уақытын тиімді, әрі пайдалы түрде пайдалана алуы керек. Рухани бай адам кез келген жерде, кез келген ортада өз орнын таба алады. Мақалада айтып отырғанымдай көшеде плэстейшн немесе қолдарына шөлмек пен темекі ұстап жүргеннен гөрі киелі домбырасын арқалап, мәдениетті, сыпайы болып жүргендері абзал емес пе?! Ол үшін бала күнінен осыған баулу керек. Өзімнің балалық шағыма қысқаша шолу жасап өтсем…
Бала кезімнен өнерге ынтық екенімді байқаған аяулы анашымның қолымнан жетектеп, базалық балалар музыкалық мектебіне әкелгені есімде…Өнер әлемінің табалдырығын сегіз жасымда аттап, қолыма ұстаған домбырам, күні бүгінге дейін менің өмірлік серігім. Алғашқы ұстазым – Толқын Марсқызы Байбосынова. Содан соң, музыкалық колледжді үздік бітіріп, ұлағатты өнер майталмандары Ахмет Жұбанов, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров сынды есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалар ізін қалдырған қара шаңырақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясын профессор Біләл Алпанұлы Ысқақовтың сыныбында тәмамдадым. Қасиетті домбыраның арқасында көптеген байқауларға қатысып, ел көріп, жер көріп, қәзіргі таңда Республикамыздағы беделді оқу орындарының бірі өзім оқыған музыкалық колледжде қызмет етудемін. Шәкірт тәрбиелеп, еңбегімнің жемісін көрудемін…
«Өнерлі өрге жүзеді» деген нақыл сөз осы жерге кеп саяды. Жастар арасындағы түрлі чай пати, авто пати деген патиларға домбыра пати да қосып оны кеңінен жарнамалап насихаттап, жас буынның санасына сіңірсек келешекте нәтижесі де өте жақсы болатынына кәміл сенемін. Өнер әлемінде қатыгездікке орын жоқ, себебі біз әуенді сезініп, жүрегімізде тербеп, тыңдаушыға ұсынамыз. Бұл ретте ұлы Абай айтқандай дүниеге өлеңмен кіріп, өлеңмен жер қойнына еніп тал бесіктен жер бесікке дейін әнге бөленіп, күйге тербеліп саналы ғұмыр кешкен дана халықпыз. Домбырадай тұңғиық, домбырадай шежіре, домбырадай абыз құдірет жоқ. Ұлттық өнеріміздің ішінде аспаптық музыка ретінде саналатын — қасиетті күйлеріміз.
«Домбырам –мұрам, ал, балам, Мүлкім осы қалдырған» деп Жамбыл атамыз жырлағандай домбыра өзінің қарапайым құрылымымен құнды, әр қазақ баласының өмірлік серігі, өнер тарихының қайталанбас шежіресі, ұлтымыздың төл құжаты. Ендеше ұлттық мұрамызды ұлықтауға жастарды шақырамын. Кәсіби домбырашы болу міндет емес әрине, бірақ домбыраны білу бар қазаққа парыз, әрі қажет деп білемін!
Утемисова Салтанат Рисбековна,
Павлодар қаласы
«Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық
мектеп – интернат» кешені» ММ-нің
«Қазақ халық аспаптары» бөлімінің оқытушысы.