Home » Жаңалықтар » «Мәдениет» жобасы — өткенімізді еске түсіреді

«Мәдениет» жобасы — өткенімізді еске түсіреді

Мектебімізде өңір тарихын, ел тарихын, мәдениетін терең білуге бағытталған түрлі шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Соның бірі- «Мәдениет» жобасы. Жуырда осы жобаның аясында біз қаламыздың тарихи-мәдени ескерткіштерді, көрікті жерлерді араладық. Күнделікті өмірде жиі көріп, табиғат аясында серуендеп жүріп, сол жерлерде демалғанымызбен олардың салыну уақытын, тарихын жете білмейміз. Осы сапар аясында осы олқылықтың орнын толтырып, отаншылдық қасиетімізді ұштай түсу басты мақсат болды.

Сонымен біздің аялдаған алғашқы жеріміз – Семейдің аспалы көпірі. Жаңа ғасыр басында пайдалануға берілген көпірдің маңыздылығы тек қала үшін ғана емес, республика тіптен халықаралық қатынаста үлкен мәнге ие. Ұзындығы 1 шақырымнан асатын тарихи нысан архитектуралық ерекшелігі жағынан әлемдегі санаулы көпірлердің бірі. Бүгінде қала тұрғындарының мақтанышына айналған алып көпір шаһарымыздың басты символы деуімізге де болады. Көпір сұлулығына тамсанып, Абай атамыздың көшесімен сапарымызды жалғастырған біздер дана бабамыздың ескерткішіне келіп атбасын тіредік. Алыстан «менмұндалап» көзге шалынатын Хәкім Абайдың ескерткіші жерлестерімізден бөлек, алыс-жақын шетелдер мен өзге қалалардан келетін қонақтардың тәу етіп, тағзым жасайтын орындарының біріне айналған. 1972 жылы салатанатты жағдайда ашылуы болған қазақтың бас ақынының тас тұғыры талай ұрпаққа ой салатын кейіпте қала бермек. Жалпы Абай атамыздың өмірі Семей қаласымен тығыз байланысты екенін екінің бірі жақсы біледі.

Біз аралаған әр ескерткіштің өзіндік тарихы бар. Солардың қатарында «Ямышевские» қақпасы, орыс шіркеуі, Қос мұнаралы орталық мешіт, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, «Невзоровтар отбасы» атындағы мұражай, халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші, белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедханов ескерткіші сынды көптеген тарихи –мәдени нысандар кешегі кезеңдерден сыр шертеді. Осы аталған орындардың барлығын аралай келіп, білім көкжиегіміз кеңейе түсті. Біздің ойымызша, әрбір азамат өз жерінің, елінің тарихын жақсы білуі керек. Төл тарихымызды білу – болашағымызды еркін болжай алуға көмектеседі. Осы ретте бізге жақсы әсер қалдырып, танысуға  мүмкіндік берген кураторларымызға алғысымыз шексіз.

Абзал Төлеужан,
Манап Болатбеков,
Жансая Ғалымова,
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің
8 сынып оқушылары

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.