Home » Жаңалықтар » Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Бүгін – ұлттық поэзиямыздағы ірі тұлғалардың бірі, әр жүрекке жол тауып, оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күні. Осы атаулы мерекеге орай, Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Поэзия – жастығың жалын ұшқан» атты әдеби-сазды таңғы серпіліс өтті.

«Мұқағали – қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс… Ол – халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқағалиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді» деген Ә.Кекілбаевтың аталы сөзін мектебіміздің ұстаздар қауымы мен оқушылары дәлелдей түсті. Оқушылар биік таулардың алыстаған сайын зорая түсетіні сияқты, мықтылық та уақыт озған сайын тұлғалана бастайтынын Мұқағали өлеңдерін нақышына келтіре, шынайы сезімге терең толы тебіреністермен оқулары арқылы дәлелдеді.

Тірісінде өз бағасын ала алмаған, алайда, шығармалары арқылы халқының ең сүйікті ақынының біріне айналған М.Мақатаевқа бүгінде есімін болашақ ұрпаққа ұмыттырмай, таңғы серпілісті ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және мектеп кітапханашылары болды.

Аз уақытта «Мұқағали әлемі» – сұрақ-жауапқа толы «тәтті викторина», «Сүйемін мен табиғаттың ұлылығын» – Мұқағали өмірінің жарқын сәттерін бейнелейтін суреттер көрмесі, «Поэзия! Менімен егіз бе едің?!» – «Book puzzle» құрастыру ойыны тәрізді қыруар жұмыс атқарылды. Таңғы серпілісте өлең оқыған әр оқушыға «Қасым» журналы сыйға тартылды.

Мектебімізде жыр сүйер қауым өте көп екен. Бұл — қуантарлық жағдай. Әрине, Мұқағали өлеңдері кімді де болмасын тебірентпей қоймайды. Оқыған сайын сарқылмайтын қазынаға кенелесің. Келесі таңғы серпіліс адамзаттың алыбы Абайға арналмақ. Кездескенше.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.