Home » Сценарийлер » Мұқағалиды аңсау

Мұқағалиды аңсау

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылы №6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Смагулова Майра Салимжановна

 

Сабақтың мақсаты:
М. Мақатаевтың «Қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастаған» тамаша жырларымен оқушылады таныстыру, оқырман қауымға кеңінен насихаттау.

Ақын шығармалары арқылы елін, туған жерін, Отанын сүйе білуге, адамгершілікке, мейірімділікке, отансүйгіштікке, тіл, сөз өнерін қадірлеп қастерлей білуге, ақынжандылыққа тәрбиелеу, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ақын өлендерін сүйе білуге үйрету.

Түрі: поэзия кеші.

Көрнекілігі: ақын суреті, слайд, қанатты сөздер.

Мұғалім сөзі: Қайырлы күн, құрметті көрермендер!

Армысыздар, ардақты ұстаздар мен оқушылар!

Бүгінгі біздің «Мұқағалиды аңсау» деп аталатын кеш-сабағымызға қош келдіңіздер.

Жыл керуені алға жылжыған сайын М. Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен бақытты.

2-жүргізуші:

Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, — деп ақынның өзі айтқандай, өзін өзгелерден ерекше көрмесе де, келешек ұрпақ Мұқағалидың нағыз арқалы ақын екенін танып отыр.

Мұқағали бағы мен соры, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрген ақын. Оның бағы – өлмес жыр жаратқаны, өтірік өлең жаза алмағаны, ойлау мен өлең өруді теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биікке көтергені. Соры – өз қоғамы мен ортасына сыймай, қасірет шеккені, тапқан-таянғаны отбасын асырауға жетпей, өмірінің қиыншылықта өткені, соны дер кезінде өз замандастарының бағалай қоймағаны.

«Ақын толымы – қырық» деген екен бұрынғы даналарымыз. Сол ақыл тоқтатқан  шағында Мұқағали өмірден өтті.

  • жүргізуші:

1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында Сүлеймен мен Нағиманың отбасында маңдайы жарқыраған Мұқаметқали атты ұл дүниеге келген болатын. Бұл кім? Бұл күнде тірі болса 86 жасқа толатын Мұқағали ақын еді.

Бірнеше жылдар бұрын дәл осы күні Мұқағали ақын:

«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» — деп қолының қысқалығына нали отырып, жыр шумақтарын төккен екен.

    2-жүргізуші: «Айтылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер мүмкін;

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы»

Иә, естеліктер де жазылуда, пікірлер, дастандар жазылып, лебіздер айтылуда. Алдымен ақынның өз өмір жолы туралы жазған «Менің анкетам» өлеңін тыңдап көрейік.

1-жүргізуші: — Ақынның балалық бал дәурені соғыс жылдарының ауырлық тауқыметімен тұспа-тұс келді. Орта мектепті интернатта жатып бітірген, Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы болды.

2-жүргізуші: — «Сырың  да осы, жырың  да осы, алдыңда,

Байқашы бір бықсыдың ба, жандың ба?

Махаңдар жоқ, Махаңдардың сырқаты

Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп бір күнді сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында қазақтың ақиық ақыны – Мұқағали ұрпақтарға ұлан-ғайыр мұра қалдырып кеткені баршамызға мәлім. Ақын өлеңдері «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды», «Өмір сүрейік алмасып».

1-жүргізуші:

  • Қысқа ғана өмірде атына ғасырдан-ғасырға жететін мол мұра қалдырған ақын М. Мақатаевтың жұмбақ әлеміне бір сәт үңілейік, оның жырларының  әулиелік, көріпкелдік, данышпандық керемет бір қасиет бар. Ақын «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім»,  деп өлең өнерінің мәңгілік екенін айтып кетті.

2-жүргізуші:

«Жыр басы Қарасөзден басталған Мұқағали бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау аспан әлемінде шырқап барады».

Ән «Есіңе мені алғайсын»

1-жүргізуші:

«Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені, сезесін бе, неге іздедім?» деп поэзиясымен егіз жаратылған ақын кие жырдың шапағатына бөлене білді, сол жырлармен бүкіл қазақтың жүрегінің түкпірінен орын алды, жыр сүйер қауымның піріне айналды. («Поэзия» өлеңін оқиды)

2-жүргізуші:

Мұқағали жырлары ел-жұртының қосаңдап бара жатқан жан әлемдік сәуле  шуағымен әрлендірер, қуат берер күші болып отырғаны шындық. «Үш бірдей бақытым бар алақанда, Мені мұндай бақытты жаратар ма?» деп жырлаған ақынның «Үш бақытым» өлеңі.

  • 1-жүргізуші:
  • «Мұқағали — құдіретті ақын. Оның поэзиясы – даналықтың көзі. Бізде поэзия дәуірі басталды» дейді ақын Әбділдә Тәжібаев. Иә, Мұқағали ағаның өлеңдері — мәңгі өлмейтін поэзия.

Мұқағали жырларының тақырыбы әр алуан, әр өлеңінің өзі жаңа дүние достық, ел туралы жырлау барлық ақынның перзенттік парызы.

2-жүргізуші:

Поэзия әлемінде туған жер, Отан, ел туралы ән де, өлең де аз емес. Ал, соның ішінде Мұқағали Мақатаевтің бұл тақырыпқа арналған өлеңдерінде  өзгеше жылу, сыршылдық,  жан-жүйені шымырлатар қасиет бар. Қай-қайсымыз болсақ та, толқи тебірене әндеткіміз келіп тұрады.  Ән: «Сары жайлау»

Қорытынды:

Білемін керемет бір күн келеді,

Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді.

Көремін керемет бір күн кешемін,

Болашағым сенімен бірге өсемін, —  деп өз заманымен ғана емес, болашақпен бірге өмір сүретінін ақын білді, ол жырларының болашағына сенді.

Жылдар өтер… Әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін аспанға бір-ақ көтерген Мұқағали есімі қашан да биіктен көрінер. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге мәңгілік жасай бермек деп бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.