МҰҒАЛІМ: ОН ЖЫЛДАҒЫ ОН ӨЗГЕРІС

 

Өзгеру ұғымы екі бағытта болатыны аян: өрлеу және еңістеу. Тілге тиек болар өзгеру өрлеу бағытын сөз етпек. Ел беделін елмен теңестіруге сай келетін заманауи мектеп ашуға итермелеген сәтте жаһандануға жол ашатын үш тілді, жан-жақты ғылыми-техникалық білім беретін, экономикалық сұраныстарға жауап бере алатын Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылған еді. Содан бері он жыл өтті. Қазақтың ойшылы ұлы Абайдың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген сөзіне ден қойып, он жылдағы кәсібилікке шолу жасап көрелік!
Не өзгерді? Қалай өзгерді? Он жылдағы өз өзгерісімнен сөз етейін.
1. «Мен» мен «Бізді» түсіну. Зияткерлік мектептің оқу бағдарламасының өзгешелігі сонда – оқу мақсатына жету үшін бірлесіп жоспарлау қажет. Тек бір пән емес, пәнаралық бірлесу. Горизантальды жоспарлау. Үш тіл: қазақ, орыс, ағылшын пәндерінде бір уақытта бір тақырыптағы бөлімнің өтілуі. Мысалы, «Биоалуантүрлілік» бөлімі. Осы тақырыпты жан-жақты меңгерту, сөздік қорды жинақтау әрі қолдандыру үшін тіл пәндерінің әрі биология пәндерінің мұғалімімен бірлесе жұмыс істеу қажет. Осыдан-ақ түсінуге болады, сабақты мен жоспарладым емес, біз жоспарладық.«Білемін» мен 2. 2. 2.«Білгім келеді». Әдетте, қалыптасқан түсінік бойынша «Мұғалім бәрін біледі» немесе «Осыны да білмей ме?» Жобада жұмыс істеп жүрген уақыттың алғашқы кезеңдерінде, әрине, «бәрін білетінмін», ал қазіргі уақытта бәрін білгім, зерттегім келіп тұрады. Бір нәрселерді әлі де дұрыс білмей жатқан сияқтымын…
3.«Қызметші» мен «Қызметкер». Яғни, қызметші ғана бола бермей, қызметкер де бола білу. Дұрыс нұсқаулар беру арқылы оқушыны өз-өзіне қызмет еткізіп, ізденуге үйрету. Шыдамдылыққа баулу, «инемен құдық қазуға» дағдыландыру.
4.«Қажет» пен «Қажеттілік». Назарбаев Зияткерлік мектебінде екінші жыл қызмет етіп жүргенде, департаменттердің бірінен келген маман ағылшын тілін білудің қажеттілігі туралы сөз сөйледі. «Мен қазақ тілі мұғалімімін, маған ағылшын тілін білудің қажеттілігі жоқ сияқты», — дедім. «Иә, сіз қазақ тілі маманысыз, бірақ әлемдегі тілді оқытудың озық үлгілерін білетін маман болуды қалайтын шығарсыз?» — деді. Маман берген жауаптың құнын эссе жазба жұмысын зерттеуге деген құлшыныс оянғанда ғана білдім. Маман «сізге білу қажет» дегенде емес, «қажеттілік» туындағанда ағылшын тілін білуге ұмтылыс басталды. Мұның бәрі — білім беру жолындағы дамуға қажеттілігінен туындайтын істер.
5.«Алу» мен «Беру». Білім беруді жетілдіру мақсатында Зияткерлік мектеп мұғалімдері жетік инновациялық технологияларды жан-жақты меңгеруге күш салды. Игерілген білім, әдіс, дағды кәсібилікті шыңдады. Шыңдалған сайын кәсіби сенімділік арта түсті. Алғанды беруге, таратуға, бөлісуге құштарлықты оятты. Жаңартылған білімді трансляциялау сүйікті іске айналды.
6.«Бірлесу» мен «Теңесу». Яғни, оқушы мен мұғалімнің бірлесуі және теңесуі. Бірлесіп білім алу, меңгеру. Сабақ алаңындағы оқушы үнемі білім алушы, мұғалім үнемі білім жеткізуші рөлінде ғана емес, ешбір функциональдық міндетсіз білімді меңгерушілер. Мысалы, Қазақ тілі мен әдебиеті  11 – сынып бағдарламасында «Мұнай және атомдық индустрия» бөлімі бар. Бөлім басталғанда «Балалар, мен атомның не екенін, индустрия сөзінің мағынасын, атомдық индустрияның не екенін білемін, бірақ сендер сияқты терең білмеймін. Есесіне, қазақ тілін білемін. Осы бөлімді меңгеруде барлығымыз мұғалімбіз, сендер маған мұнай және атомдық индустрия туралы білім бересіңдер, шарт: қазақ тілінде сөйлеу, жазу. Мен сендерге қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға көмектесемін. Қалай ойлайсыздар, оқушыларға рөлдері ұнады ма? Бәрі мені оқытуға тырысты, сұрақтарым көп болды, біршама білім алдым. Қазақ тілінде жетік сөйлей алмағанымен, физикадан қабілетті оқушылар барынша күш салды, мұғалім рөлін өте жақсы атқаруға тырысты. Мақсат оқушының қазақ тілінде сөйлеуін жетілдіру болса, мені қуантқаны – соның жүзеге асып жатқаны.
7.«Саралау» мен «Бағалау». Мен мұны бір сәтте ерекше түсіндім, ол – мұғалімнің аттестациясы. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдерін аттестациялаудың жаңа түрі енгізілді. Кәсіби ісіңе жіті сараптама жүргізіп, «Қандай мұғаліммін?» деген сұрақтың жауабын өзің табуың керек. Әр үш жыл сайын аттестациядан өткенде кәсіби өсу деңгейіңді анықтап беретін бір жұмыс бар, ол – үш жыл бұрынғы аттестациядағы кәсіби ісіңе жүргізген сараптама жұмысыңның үш жылдан кейін аларының азайып, іске жарамсызының көбейіп кетуі. Сол сәтте:«Мынаның бәрі ескіріпті, үш жылда осынша деңгейге көтерілгенімді қалай байқамағанмын?», — деп аздап қана масаттанып, болашаққа жоспар құрып қоясыз.
8. «Зерттеу» мен «Зерттеушілік». Осыған дейін ғалымдар ғана зерттейді деп түсінетін едім. Жоқ, мектеп мұғалімі де зерттейді және зерттей біледі екен. Оны іс-әрекеттегі зерттеу (Action Research), Lesson Study жобаларын оқытқанда ұғындым. Жалпы, зерттеу жұмысы — өте қызық, тұңғиыққа батыратын құмарлық. Құмар болған соң оның түгел сұранысына төтеп беруге тырысасың. Зерттеушілік деңгейіне сонда ғана жетуге болады. Әріптеспен тілдесе білу, бірлесе жұмыс істеу, сынды қабылдай алу, сын айта білу, бағыттау, бағыт алуды сезіну. Зерттеу жұмысының нәтижесі – авторлық жұмысыңның болуына жеткізеді. Қазіргі уақытта «Эссе жазу әдістері» курсының авторлық құқығын иемденуім – зерттеу жұмысының жемісі.
9.«Жетілдіру» мен «Жетілу». Әдетте, педагогтардың білімін жетілдіру мектеп менеджерлерінің ғана жұмысы сияқты қабылданады. Әрине, белгілі міндеттерге, стратегиялық жоспарларға сәйкес жетілдіру ісі жүргізілуі тиіс, бірақ жетілдіру мен жетілу – екі түрлі әрекет екен. Кәсібилігіңді саралап, бағалай алғанда ғана, жетілдіруге емес, жетілуге ұмтылады екенсің. Мен осыны түсіндім.
10.«Қолдау» мен «Қолпаштау». Үздіксіз өсу, өзгеру маман бойындағы әртүрлі қабілеттерді ашады. Соның бірі – әріптестің кәсіби біліктілігіндегі ұтымды қырларын көре білу және оны қолдау. «Сіз осы істе шеберсіз», «Мына жұмысты мен дәл сіз сияқты атқара алмаймын?», «Сіздің мына тәсіліңіз таратылса қандай жақсы болар еді?» деп қолпаштап, игі істердің көпшілікке жетуіне түрткі бола білу де іскерлік.
Міне, осылайша Назарбаев Зияткерлік мектебінде атқарған мұғалімдік жолымның он жылынан он өзгерісті саралап өттім. Түйгенім: өзгерту мен өзгеру ұштасқанда ғана жаңа ой, жаңа қадам, жаңа бағыт, жаңа әрекет, жаңа нәтиже, жаңа стратегия пайда болады екен. Келер жылдары әлі талай өзгерулер болары сөзсіз.

Қ.Е.Бешімбаева,
Астана қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі,
қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.