Home » Білім және тұлға » Мұғалім не үшін өзгеруі керек

Мұғалім не үшін өзгеруі керек

 

 

                                                        «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық,

                                                       өйткені мұғалім мектептің жүрегі»

                                                                                             Ы. Алтынсарин

 Ұлы дала қойнауын мекен еткен халқымыз қашан да көзі ашық, көкірегі ояу болған. Заман ағымынан қалмай, басқалардың оң өзгерістерін бойына сіңіріп, өзге елдермен терезесін тең ұстауға тырысқан. Дана Абай айтқандай, дүниеден өз кетігін тауып, қаланған. Демек, бабалардан мирас болып, қанымызға сінген ұлттық – рухани тамырымыздан нәр алып, заман талабына сай қоғамдық санамыздың өзгеруі заңды құбылыс. Бүгінгі таңда әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Әлемнің бағыты, болашағы тұманды болып тұрған сәтте, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елді жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жол болғандай болды.     Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі жан дүниесінің жаңғыруы, санасы, түсінігі жаңа өзгерістерді саралап, дұрыс қабылдай білуінде. Рухани жаңғыру бастауын бүгін алған мәселе емес. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.Қазір білектінің емес, білімдінің салтанат құрған уақыты. Оған дәлел де көп. Табысты болудың кілті – білімде. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, білім беру — Елбасы саясатының басты және негізгі бағыттарының бірі.        Қазіргі дамыған заманда оқушылар заманауи ұялы телефонды, ғаламтор жүйесін меңгеріп, жаңалыққа талпынып жатқанда мұғалім неге көштен қалуы керек? Мұның өзі мұғалімнің қазіргі талабына сай еместігін білдірмей ме? Қоғам мұғалімнің өзгеруін талап етпей ме? Қазіргі оқушының бұрынғы оқушыдан айырмашылығы әлдеқайда ой-өрісі дамыған, әлдеқайда өмір сүруге дағдыланғанын көреміз.Оқушының ой-өрісін дамытып отырған–қазіргі дамыған заман. Ал осыдан кейін мұғалім неге өзгермейді? Сондықтан да мұғалім заманнан кері қалмай, онымен жарыса дамуы керек. Қазіргі таңда білім беру салаларында оқытудың педагогикалық технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, әлемдік коммуникациялық желілерге қосылу міндеті тұр. Білім бере отырып, тиімді жолмен жаңа заман тұлғасын қалыптастыру әр ұстаздың мақсаты екені анық. Ол үшін жаңа көзқарастағы мұғалімдер көбеюі керек. Мұғалімнің рухани байлығы мол, өз ісінің шебері болуы керек.  Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз?» тақырыбындағы жолдауында «өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың кредосына айналуы тиіс» деген. ХХІ ғасыр білімді де білікті, бәсекеге қабілетті, көптілді тұлғалар ғасыры болмақ.
Жаңа ғасырдағы Қазақстан елінің үміт артар ұрпағын білімді, мәдениетті, интеллектуалды азамат етіп шығару-ұстаздар алдындағы міндет. Сондықтан қазіргі таңда жаңа инновациялық іс-әрекетпен қаруланған шығармашыл, ойшыл мұғалім ғана мақсатына жете алады.         Ұлы кемеңгер Абай айтқандай «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» деп адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты деп ерекше атап өткен. «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы, мол рухани жан дүниесіне үңіле білу деп адамның өмір бойы білім алып, оны шәкірттеріне жеткізе айтып беру бұл ұстаздық қасиеттің ең жоғары жетістігі болып табылады. Сондай үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар ғұмырын ұстаздық саласына арнау әрбір адамның қолынан келе бермес ұлықты іс.Ұстаз… Жай ғана қарапайым сөз… Осы қарапайым ұғымның әрбір адамзат жүрегінен орын алатыны, тек қана орын алып қана емес, оның өмірлік ұстанымының, дүниеге деген көзқарасының, адами қасиеттерді сіңіруінің қайнар көзі екендігі сөзсіз. Халқымыздың біртуар перзенті, қазағымның маңдайына сыймай кеткен нар тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар — адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» десе, ұлы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда адам боларсың елден ерек» деп толғаған. Міне, осы Абай мен Шәкәрімнің үндесе айтқан пікірлері ұстаз хақында айтылған секілді. Себебі, осы қасиеттер өз бойынан табыла отырып, оны ұрпақ бойына дарытатын да, дамытатын да ұстаз. Яғни, ұстаз — мемлекетіміздің бірінші байлығы деп саналатын халықтың, ұрпақтың санасын қалыптастырушы, мол жауапкершілік пен қоғамның ауыр жүгін арқалаған тұлға болып халық жадында сақталады.  Сөзімнің қорытынды бөлімін Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өткен жылғы қазақ халқы жылы қабылдаған мақаласымен қорытайын. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады. Ендеше біздер, ұстаздар қауымы да осы Елбасы артқан үмітке селкеу түсірмейік дегім келеді.

Бекбусинова Баян Разимовна,
Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп
Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор поселкесі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар
жөніндегі орынбасары, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.