Home » Білім және тұлға » Мұғалім мәртебесі – қоғамның мәртебесі

Мұғалім мәртебесі – қоғамның мәртебесі

Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу керектігін тапсырғаны белгілі. Аталмыш құжатта мұғалімдердің жүктемесін азайтып, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан босатуды нақтылады. Бұл орайда еліміздің түкпір-түпкірінен ұстаздар өз ұсыныстарын айтуда. Мұның өзі заң қабылдауда өз септігін тигізері сөзсіз. Ал «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңның аясында ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық тұрғыдан көптеген мәселесі оң шешімін табар еді. Ең алдымен осы заңды дайындауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Заң талаптарын дайындауда жай мамандық тұрғысынан қарап жасалатын болса, бұл үлкен қателік болады деп есептеймін. Себебі, әлемде мыңға тарта мамандық бар, соның бірде-біреуі болашақ қоғамның белсенді мүшесіне және азаматтық тұлғасына білім мен тәрбиені дәл ұстаздай бере алмайды. Бүгінгі партада отырған шәкірт ертеңгі күні қоғамды алға сүйрейтін маман, көшбасшы болады. Олай болса, мұғалімнің мәртебесіне қоғамның мәртебесі тұрғысынан қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Елбасының «мұғалім тек қана сабақ берумен айналысуы керек» деген тапсырмасын іске асыру үшін заңда мынандай басты басымдықтарға мән берілуі қажет деп есептеймін.

Қазіргі таңда мектепке мұғалім болып келетін жас маман өте аз. Ұстаздардың басым бөлігі орта жастан асып барады. Сондықтан педагог мамандығына 23-24 жасында келген мұғалім 63 жасында зейнетке шығатын болса, яғни 40 жыл ұстаздық етеді екен. Кешегі кеңес заманындағы 25 жылдық педагогикалық өтілмен зейнетке шығу мүмкіндігін осы заңға енгізу керек. Денсаулығы сыр берген әрі жаңа технологияның көшіне ілесе алмай жүрген, психологиялық тұрғыдан қажыған ұстаздың зейнетке шығуына жол ашып, оның орнына жас, қайратты, жігерлі мұғалімнің келуіне жағдай жасалғаны дұрыс. Сонда ғана жастарға жаңа мазмұнда білім мен тәрбие беруге мүмкіндік туар еді. Ұстаздың беделі күн өткен сайын қоғамның беделін айшықтап тұратындай болмаса «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала ма деген қауіп те жоқ емес. Қазақ халқының ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген қанатты сөзі бар. Сол сияқты «Ұстазым дейтін қоғам болмаса, елімнің болашағы дейтін ұстаз қайдан болсын» деген ой туатыны да рас.

Қорыта айтқанда, Елбасының бұл Жолдауы ұстаздар тарапынан үлкен қолдауға ие болып қана қойған жоқ, мұғалімдер үшін білім беру мен тәрбие саласына жасалатын үлкен бетбұрыс болғалы тұр деп қабылдаудамыз.

 

Жаманкулова Фарида Ажикуловна,
№29 бөбекжай –бақша әдіскері,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.