Home » Ашық сабақтар » Мұғалім- мектептің жүрегі

Мұғалім- мектептің жүрегі

А.Ж. Карабалина
Түпкараған ауданы, С.Шапағатов ауылы,
C.Шапағатов мектеп-гимназиясының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары

 

Мақсаты: Ұстаздарға деген құрметті биік көтеріп, қоғамды рухани адамгершілікке тәрбиелеу.

Сахнаны әзірлеу. Гүлдер мен шарлармен әсем безендіру.

Сахнаға екі жүргізуші шығады.

1-жүргізуші: Армысыздар қадірменді ұстаздар! Міне, жылдағы игі дәстүрмен қазанның алғашқы демалысында ұстаз деген ұлы кәсіптің барша иелерінің төл мерекесіде келді . Мерекелеріңіз құтты болсын ардақты ұстаздар!

2-жүргізуші: «Ұстаздық ету жай ғана кәсіп емес, бұл әркімге бұйыра бермейтін ұлы өнер», бұл ұстаздар қауымын қашанда алақанда аялайтын, қамқорлығын аямайтын біздің елбасымыздың сөзі, әрине осындай қолдаудың арқасында еліміздің мұғалімдері де ұрпақ тәрбиесіне еселі еңбегін аяған емес.

1- жүргізуші: Дұрыс айтасың, Тоғжан, ұлы көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың біздің ұстаздарға деген ерекше ықыласын байқауға болады. Мұғалім- болашақты қалаушы,  сондықтан біздің келешегіміз сенімді қолда деп айтуға болады.

2-жүргізуші: Ұстаз- қандай қасиетті сөз. Ұстаз деген ұлық есім. Адамзатты тек қана білімге ғана емес,сондай-ақ кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін мамандық иелерінің алдында біз қашанда қарыздармыз және оларға алғысымыз мол. Сондықтан бүгін біз оларды бас иіп құттықтайтын күніміз, бүгін тамаша мереке,  бүгін ұстаздарымыздың төл мейрамы!

1-жүргізуші: Ғылым иесі ғалым болсын, ел қорғаған батыр болсын, тілінен бал тамған ақын болсын, егін егіп, мал баққан шаруа болсын бәрі- бәрі ұстаздан тәлім алған, олай болса бүгінгі ұстаздарымызды қалай мақтасақта, қалай құрметтесекте, аяласақта жарасады. Олай болса, сіздерге өздеріңіздің шәкірттеріңіз дайындаған «Мұғалім-мектептің жүрегі» атты мерекелік кешін  ұсынамыз .

Алшын, 1-бала:

Ғұлама білгіш ғалымнан,

Оқушы жас жалыннан

Мархаббатты ойшылдан

Мал өсірген қойшыдан

Ұлжан, 2-бала:

Жазушыдан ақыннан,

Ғарышкерден батырдан

Өнері асқан актерден

Ырыс қазған шахтерден

Айзере, 3- бала:

Мың бұралған бишіден,

Ой тербеткен күйшіден

Оқыған жас кәріден

Оқушының бәрінен

Бәрі: Ұстаздарға мың алғыс!

Алшын, 1-бала: Армысыздар, аяулы ұстаздар, Бармысыздар, білім нәрімен сусындатқан ардақты жандар!

Ұлжан 2-бала: Балалар, мұғалім болған қандай жақсы, дәптер тексересің, баға қоясың, сабақ оқымайсың, тентектік жасасаң ата- анаңды мектепке шақырмайды

Айзере 3-бала: Ал мен ұстаз болған жақсы ма, оқушы болған жақсы ма,әлі түсінген жоқпын, себебі, мектепке келгеніме 1- ақ ай болды.

Азат, 4-бала: Біз бүгін ұстаздарға демалыс жариялаймыз. Балалар, қанеки, біз аз уақытқа болсын, ұстаздарымызбен орын ауыстырып көрейікші

Алшын,1-бала: Мен,  Қабақов Алшын мектеп директоры боламын, бәріңіз келісесіз бе?

Бәрі: Иа

Ұлжан 2-бала: Мен Наурызбаева Ұлжан оқу ісінің меңгерушісі боламын, себебі мен бәрін бақылауда ұстағым келеді

Азат,4-бала: Ал, Мұратов Азат мен компьтерді, жаңа технологияларды, әлеуметтік желілерді жақсы көремін, сондықтан мен информатика пәні мұғалімі боламын

Жайна, 5-бала: Мен, Элинбай Жайна музыка пәнінен сабақ беремін, себебі мен ән айтқанды және шығармашылықты жақсы көремін, сондықтан мен осы концертке ұстаздар жайлы ең тамаша әндерді таңдадым.

Бекзат, 6-бала: Кім болсам екен, мен  Тілеген Бекзат химия, бірақ ол қиын сабақ, мүмкін биология, ол да қиын сабақ,осы салалардың жауапкершілігі көп қой, жарайды, кім болғым келетінін сіздерге кейінірек айтайыншы, себебі қателесуден қорқамын,

Алшын,1-бала: Келістік, көп ойланба, байқа, әйтпесе жұмысқа қабылдамаймын.

Айзере, 3-бала: Мен бірінші сынып оқушысы болып қала берсем қайтеді, себебі менің ойымша мұғалім өте ақылды болуы керек, мысалы менің алғашқы ұстазым бәрін біледі. Алғашқы ұстазымызға арналады.

ХОР «Ұстазым»

Алшын, 1-бала: -Ұлжан, қалай ойлайсың, оқушылар үздік оқуы үшін не істеу керек?

Ұлжан, 2-бала: Сабаққа  кешікпей келуі керек, үй тапсырмасын уақытында орындауы керек және мұғалімнің айтқанын мұқият тыңдау  керек.

Алшын,1-бала:-Ал нашар оқитын шәкірттеріміз болмауы үшін біз не істеуіміз қажет?

Ұлжан, 2-бала: Біз ұстаздар сабаққа тыңғылықты дайындалуымыз керек. Дәптер тексеруіміз  керек,балалармен тіл табысуымыз керек, сабақ қызықты өтуі үшін слайд жасауымыз керек. Жоспар жасауымыз керек. Қысқасы, жұмыс өте көп. Соның бәріне қалай үлгереміз?

Алшын, 1-бала: Мен директор ретінде оқушыларға тек білім ғана емес, қамқорлыққа,     тәрбиеге, адамгершілікке баулитын ұстаздарды өте қатты бағалаймын.

Қазір сахнада   Мұрат Бақтияр  «Ұстаз- ана» әнімен

Ұлжан, 2-бала: Бекзат, менің ойымша сен бастауыш сынып мұғалімі бола аласың.

Бекзат, 6-бала: -Бастауыш сынып мұғалімі? О, жо-жоқ бола алмаймын. Мысалы, 1- сыныпқа барған қарындасым өзінің оқулықтарының орнына ойыншықтарын салып алып, мектепке қоянның киімімен кетіп қалыпты. Елестетіп көрші…

Ұлжан, 2- бала:-Қызықсың, Бекзат, ол әлі кішкентай бала емес пе? Ол мектепке келгенін толық түсінбеген. Ал, сенің мақсатың сол тентек балалардан ақылды, білімді оқушы өсіріп шығару

Бекзат, 6-бала:-Ой онда мен ойланайын

Ұлжан, 2-бала:-Ал, біз Бекзат, ойланғанша бастауыш сынып мұғалімі болуға шешім қабылдаған Қадірқали Назеркені ортаға шақырайық

Ғалым Әріп

Әр таңым атқан кезде арайланып,

Қараймын көк теңізге сан ойланып

Алысқа жетелейді асау арман,

Қиялым  қияндарды қалайды анық

Көк теңіз шалқар қандай, мөлдір қандай,

Каспийім мерейімді қандырғандай

Кемелер сапар шегіп тым алысқа,

Шаңқылдап шағаласы шарқ ұрғандай

Тереңдік биіктікпен үндесіп тұр

Табиғат бір-бірімен үйлесіп тұр…

Байқасам, бұл күндері шәкірттерде

Арманға аттанатын күй кешіп тұр…

Арманға жетелесе арман-алыс,

Күреске жетелейді ар мен намыс

Сайынға орналаскан гимназия,

Бастасын бәйгелерге алда шабыс!

Күш алып көк теңізден бойыңызға,

Озық боп білім менен ойыңыз да,

Ақталып ұстаздардың үміттері,

Оңынан туа берсін айыңызда

Озуға өзгелерден құлшынарсыз

Жанарға бүгін аздап мұң шыларсыз…

Ұшырған шәкірттерін ұясынан-

Ұлағатты ұстаздарға мың-мың  алғыс!

Айзере, 3-бала: 1-нші, 2-нші, 3-нші, 4-нші, 5-нші…

Алшын,1-бала:  Айзере, сен нені санап жатырсың?

Айзере, 3-бала: уф, мен мектеп бітіргенше қанша жыл бар? Білімді оқушы болу үшін қанша кітап оқу керек? Қанша жазу керек, қолым ауырады ғой

Алшын, 1-бала:Айзере, бұл әлі бастамасы ғой, біз еліміздің жарқын болашағы болуы үшін талай қиындықты жеңуіміз керек

Айзере, 3-бала:

Біз ертеңгі жарқын күнге сенеміз

Еңбектенсек жалқаулықты жеңеміз

Жақсы оқып, білім алып себебі

Үздік елдер қатарына енеміз!

Айзере 3-бала: Олай болса, сахнада   Қабақов Алшын «Жаса Қазақстан» әнімен

Айзере, 3-бала: Бекзат бүгін әбден шаршады, қай пәннің мұғалімі боламын деп, ақыры таңдамады

Бекзат, 6-бала: Достар, мен  мұғалім емес озат оқушы боламын деп шештім, алғашқы үштігімді қайтсемде жоямын (басын қисайтады)

Ұлжан, 2-бала: Жарайсың, Бекзат,тек қана  Бекзат  емес бәрімізде мұғалім болудың қиын екенін түсінген сияқтымыз Солай ғой, балалар?

Бәрі: иә

Ұлжан, 2-бала:

Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар,

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар!

Айзере, 3-бала:

Алғаш рет оятқансың санамды,

Алғаш рет ұстатқансың қаламды

Сол үшін де мәңгі сыйлап өтермін

Түсіндірген жақсы менен жаманды

Бекзат, 6-бала:

Ұстаз болам ол қолымнан келсе егер,

Маман болам еш қалтқысыз ел сенер

Ұстаздардың еңбегінің бағасы

Шәкіртінің еңбегімен өлшенер

Алшын, 1-бала:

Ұстаз болу- жүректің  батырлығы

Ұстаз болу сезімнің  ақындығы,

Ұстаз болу- мінездің күншуағы

Азбайтұғын адамның алтындығы

Бәрі қосылып: Мереке құтты болсын, аяулы ұстаздар!!!

 

1-Жүргізуші:

Ұстаз тұлға ұлағатты ұлы есім,

Жүрегінде мәңгі орнаған шәкірттің

Білім менен тәрбиенің өзегі,

Бастауысың өмірдегі бақыттың

2- жүргізуші:

Жақсылыққа жаны құмар жансыздар

Адалдық пен әділдікке жақсыздар

Мерекеңіз қатар келген күзбенен

Құтты болсын ұлағатты ұстаздар

1-жүргізуші:

Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,

Жол табар қараңғыда адасқанда

Мал тозбас, біле білсең білім озар,

Ақыры керек болар бір сасқанда,- деп Міржақып ақын айтпақшы, тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттерімізді біліммен сусындатып, тәлім тәрбие беріп, білім негізін оқушы санасына құя білген, бастауыш сынып мұғалімдеріне алғысымыз шексіз!

2- жүргізуші: Әрбір шәкіртіне жан шуағын шашып жүрген ұстаздарымыздың құрметіне

Күй «Той бастар»

1-жүргізуші: Константин Дмитриевич Ушинский: Ұстаз –зор тұлға, ол күннің құдіретті саулесі сияқты десе, Абай атамыз «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деген  екен. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік саулесі болса, ол мұғалімнің еңбегі.

2-жүргізуші: Әрине,  Нияз , дұрыс айтасың, адамда не қасиет болса, бәрі күннің саулесі мен ананың сүтінен алынған дегендей, бала бойына білім нәрін беріп, ізгіліктің дәнін себетін әр баланың жүрегінде мәңгі сақталатын, екінші ана- ол ұстаз

10-11- сыныптың құттықтауын қабыл алыңыздар

11- сынып: Мектеп…біздің балалық  шағымыздың куәгері. Мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күн әлі есімде. Қолымызда бір шоқ гүл. Алғашқы қоңырау үнін естігеннен-ақ,. Қолымызда бір шоқ гүл. Алғашқы қоңырау үнін естігеннен-ақ, алғашқы ұстазымыздың алдымыздан күліп тұрғанын көргеннен-ақ, «Мен оқушымын!»  деген қуаныш қуаныш кеудемді кернеген еді. Міне, көзді ашып-жұмғанша 11 жылда өтіп кетіпті. Осы сәт, осы жыл, әрбір ұстаздың бейнесі, айтқан сөзі- жүректі тебірентіп, қимас сезімді оятуда. Иә, ұстаздарымның , мектебімнің қадірін түсініп, қимайтын сияқтымын. Тіпті кейде жанарымызға жас ұялайды. Біздің осы уақытқа дейін еркелігімізді көтеріп, ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңған Ұстаздардың еңбегін қалай ғана ұмытайық!

Бейнеролик, КВН, би

1-жүргізуші:

Жақсы адам- елдің тірегі,

Байлығы туған халықтың,

Шапағын шашар үнемі

Көгінде тұрған жарық күн.

Сан жастың қамын шертесің,

Тағдырын ойлап толғанып

Әр үйдің бір бір еркесін

Үйреттің өзің қолға алып.

2-жүргізуші:

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,

Шәкіртсіз өмір –сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің,

Бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе жүрер жалқы үнің,

Жанымнан жалын жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің,

Әр сәтің тұрған бір ерлік!

 Ән: Дүйсенбаева Индира «Ұстазым»

1-жүргізуші:

Мен сіздерден іздеймін:

Қиындардан,

Қысқы боран, жазғы сұр құйындардан.

Партада алған білімнің бұлақтары

Болды ма деп зор өзен құйылғаннан

2-жүргізуші:

Осыдан 4-5 жыл бұрын ұстаз  алдынан тәрбие мен білім алып, қанат қағып, алтын ұя мектептерінен ұшып кетіп, әр біреуі бір-бір мамандық таңдап, сол мамандық жолда білім алып, жоғары оқу орындарын бітіріп, маман иесі болып, ортамызға өздеріміздің әріптестеріміз болып келіп жатырған – жас мамандарға кезек берсек.

Жас мамандардың құттықтауы

1-жас маман:

Ұстаз болу- менің игі арманым,

Ұстаз болу- жалындаған жас шағым

Ұстаз болу-биік шыңның шырағы,

Ұстаз болу- құрмет даңқтың тұрағы

Ұстаз болу- жолын біз де таңдадық

Тәрбиенің көзі деп те санадық

Ұлт беделін көтеруге қашанда

Өз үлесімізді қосуға  да жарадық

Ұстаз сөзін тік ұүстаушы қашанда

Арт береміз жалындаған арманға

Келешекте шәкірттердің бәрінде

Шақырамыз ұлт дәстүрін қорғауға

2-жас маман:

Ұстаз жүгі ауыр.Ұстаздың әсерлі үні,асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзі, әрбір оқушыға деген аналық , әкелік сезімі болуы керек деп білемін. Әркез дана ойдың ыстық лебізі есіп тұруы шарт. Ұстазы қандай болса, шәкірт сондай болмақ. Әр баланың балаң жүрегіне мейірімділік нұрын ұялатып, оның болашаққа деген үлкен сенімі мен үмітін үкілеп беретін тұлға ұстаз.

Көрініс

1-жүргізуші: «Ұстаздық ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де,  кеншісін де ұстаз өсіреді» деп Бауыржан Момышұлы айтқан екен.

2-жүргізуші: Иә,  олар- көктемгі күннің шуағындай мейірімді, жаздың жайдарлы күніндей жарқын, күздің егін алқабындай кең, қайырымды, қыстың ақ ұлпа қарындай кіршіксіз таза жандар

Нурниязова Жанар «Білім орта мектебім» 5 ә сынып оқушысы

1-жүргізуші:

Тұрыңыздар келе жатыр мұғалім

Акамедик министр бол тіпті сен,

Кім болсаң да қарайлап жүр ұстазға

Алааяқтар алдын орап кетпесін

 

Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,

Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі

Мектеп көрген әдептілер айтпақшы

Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары

 

Орындалып айталық бір ойдағы іс

Отырамыз  қуанышта тойда біз

Сондай кезде ойда болар бір нәрсе

Мұғалімнен бұрын сөйлеп қоймаңыз

2-жүргізуші:

Ақыл.Сана.Сабыр.Талас-тартысу,

Мұғалімнің табиғаты жалпы осы

Бос уақыты ойдан басқа ойы жоқ,

Бос уақыты әрбір түннің жартысы

 

Қай баласың? Кім боласың шырағым

Кешірерсіз ерсі естілсе сұрағым

Кім болсаңда кідіре тұр кішкене,

Кідіре тұр өтіп кетсін мұғалім

 

Ал мұғалім барса алдыңа дұрысы

Жүрегіңмен сездір дағы ұлы ісін

Ұшып тұрып қалбалақтап қол беріп

Тастай қылып тындыра бер жұмысын

Кім боласың?

Ұмтылмаңыз жоғары

Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі

Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба?

Тұрыңыздар , келе жатыр мұғалім!

1-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздерді ұстаздар мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз. Сіздердің бала көңілдеріңіз әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез-келген шәкірт ұстазымен мақтанады. «мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»……

2-жүргізуші:

Ия, бұл мектеп мұғалімі, ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілей отырып, құттықтау сөз кезегін Сайын Шапағатов мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы Жансая Құттымұратқызына беріледі.

 «Әсем ән» Жанаева Ақбөбек 8 «а» сынып оқушысы

1-жүргізуші:

Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын

Дендеріңнің саулығы мықты болсын

Білімменен суарған шәкірттерін

Төл мерекең ұстаздар құтты болсын!

2-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар! Бүгінгі ұстаздар мерекесіне арналған «Мұғалім-мектептің жүрегі» атты мерекелік кешімізді жабық деп жариялаймыз! Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.