Редакциядан «Жаныңда жүр жақсы адам» айдары бойынша сұхбат даярлау керек деген тапсырманы алысымен, алып шахар Алматының іші-сыртындағы білім ошақтарын дамыл таппай аралап жүрген жайымыз бар. Мақсатымыз — сұхбат алып, сөзін қалдыруға жарарлық ұстаздарымызды ашық әңгімеге тарту. Айдарымыздағы кезекті сұхбаттың бұл жолғы кейіпкері Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепте химия-биология пәндері бойынша ұстаздық етіп жүрген Қожанова Алтын Күреңтайқызы болды.
— Алтын апай, өзіңіздің өмір жолыңызға қысқаша шолу жасап өтсеңіз…
— Мен 1970 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қайнар ауылында өмірге келдім. 1987 жылы осы ауылдағы орта мектепті бітіріп, дәл осы жылы бұрынғы ҚазПИ, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің жаратылыстану факультетіндегі химия-биология бөліміне оқуға түстім. Бұл оқу орынын да 1992 жылы үздік бағамен бітірдім. Жоғары білім алғаннан кейін алған біліміңе сай еңбек етуің керек қой. Мен өзімнің еңбек жолымды туған ауылымдағы өзім түлеп ұшқан орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастадым. Кейіннен, 2003 жылы қазір қызмет етіп жатқан Талғар ауданы, Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепке ауыстым.
— Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?
— Өмір болғаннан кейін түрлі себептер болуы мүмкін ғой. Мен соның негізгі деп білетін екеуін айтып берейін. Біріншісі мен құрмет тұтып, еліктеген тұлға. Мектеп қабырғасында жүргенімде біздің химия пәнінен беретін мұғаліміміз болды. Ол кіснің білімділігі , оқушыларға деген қарым-қатынасы, ортаны тануы адам қызығарлықтай еді. Жоғары сыныптарға көшіп, химия пәнін өте бастағанда сол ұстазымыз менің еліктейтін, құрмет тұтар тұлғама айналды. Сол уақыттан бастап мен ұстаздық өмірді таңдаймын деген шешімге келдім. Екіншісі, менің оқушыларға деген, оқушылқ өмірге деген шексіз махаббатымнан болса керек. Өйткені, мені алдыма келген оқушының құр кетпей, өміріне азық болар білімді ала кетуі еш нәрсемен салыстыруға келмейтін үлкен ұстаздық рахатқа бөлейді.
— Сіз мамандық таңдаудан жаңылдым деп ойламайсыз ба?
— Осы бір қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Себебі, мен өзімді басқа қызметте, басқа жерде елестете алмаймын. 25 жыл білім саласында қызмет жасап келемін. Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Ғалым да, шахтерда ұстаздың алдынан өтеді. Осы саналы ғұмырында адам баласы өмірге керекті адами асыл қасиеттерді ұстаздың бойынан іздейді.
— Сіздіңше жетістік деген не?
— Жетістік әр түрлі болады. Әр жерде, әр салада әр қандай өлшеммен өлшенеді. Мысалы, мен ұстаздың жетістігі деп ол тәрбиелеген шәкірттің табысқа жетуін айтар едім. Барлық ұстаздар еңбегінің нәтижесі де сол болуы керек. Егер ұстаз өз білгенін алдындағы шәкіртіне түйірін қалдырмай үйретіп, сол берген білімі оқушының болашақ өміріне ықпалын тигізсе , міне, тәлімгердің нағыз жетістігі сол болады. Ұстаз жетістігінің шәкірт табысымен өлшенуі педагогикада қадым заманнан қалыптасқан заңдылық.
— Оқушыға алдымен не керек деп ойлайсыз?
— Бұл сұраққа келгенде мен әл-Фараби бабамыздан асып жауап бере алмаймын: «Адамға ең әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы». Осы сөз ұстаздық етіп жүрген әрбір тұлғаның қағидасына айналуы керек. Мектептен оқушы екі құндылықты алады: тәрбиені және білімді. Бізге тек осы екеуінің орнын алмастырып алмасақ болғаны.
— Ұстаз болу үшін адамға қандай қасиеттер керек?
— Ұстаз болу жеңіл жұмыстардың қатарынан емес. Мұғалім болған екенсің сенің мойныңа шәкірт тәрбиелеудің ауыр міндеті артылады. Өзімнің ширек ғасырдан астам уақыт жинаған тәлімгерлік тәжірибеме сүйене отырып мен мұғалім бойында мына үш қасиет болуы керек деп батыл айта аламын: 1. Білімділік. 2. Талапшылдық. 3.Сұңғылалық.
— Сіз үшін мұғалім деген кім?
— Мұғалім — ол жай ғана мамандық иесі емес, ол – адал, әділетті, өз бойына бар жақсылықты жиған, өз білгенін басқаға сарқып беретін мейірімді жан. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
— Алтын апай, ұстаздан шәкірт озар дейді. Сіздің қолыңыздан білім нәріне сусындап ұшқан шәкірттеріңіз жайында айтып берсеңіз.
— «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Мен өз оқушыларымды мақтанышпен айта аламын. «Алтын белгі» иегері Тыныштық Құндыз С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ,»Қызыл аттестат иегері «Әшімбай Санжар Халықаралық ақпараттық технология университеті (IITU), Қайыпжан Меруерт Алматы Энергетика және Байланыс Университетінде грант иегері атанды.
— Қазіргі заманда қандай ұстаздар жетістікке жете алады?
— Қазіргі ХХІ ғасырда инновациялық технологияны меңгерген, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін, жаңашылдықты жатсынбайтын, білім мен тәрбиелеуде жаңашыл әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білетін мұғалім ғана жетістікке жете алады. Өткен ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру бұл үйреншікті жай ғана шеберлік емес, жаңадан-жаңаны табатын өнер» деген пікірі өзінің өміршеңдігін көрсетіп, бүгінде жүзеге асып жатқандай.
— Сұхбатыңызға рахмет, Алтын Күреңтайқызы. Сізге шығармашылқ табыстар тілеймін.
Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН