Home » Білім және тұлға » Мұғалім болу – зор жауапкершілік

Мұғалім болу – зор жауапкершілік

Әрі қиын, әрі қызықты мұғалімдік мамандықты таңдаған Марал Мурзагалиева осы жолды таңдағанына еш өкінген емес. Әрине, еңбек жолындағы кейбір болмашы қиындықтарға налығанымен, алдына келген білімге құштар шәкірттер оның барлығын лезде ұмыттырып жібереді.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданындағы М.Қаналиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешенінің математика пәнінің мұғалімі Марал Құмарқызы 1985 жылы сол кездегі А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Тасқала ауданына қарасты Қайрат ауылындағы мектептен бастапты. Бір жылдан соң жас маман өзінің туған жеріндегі, бұрынғы Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданындағы Алғабас ауылындағы орта мектепке ауысады. Содан бері табан аудармастан отыз жылдан астам уақыт аталмыш білім ордасында математика пәнінің оқытушысы болып қызмет етіп келеді. Алғабас ауылының бұрынғы атауы – Қызыл Ту. Кезінде атағы гүрілдеп тұрған елді мекенде дүниеге келіп, сол жерде он жылдық білім алған маман енді туып-өскен атамекенінің жас ұрпағын тәрбиелеп жүр. Ақмарал Құмарқызы осы уақыт аралығында аудандағы білікті ұстаздардың біріне айналды. Күні бүгінге дейін кейіпкеріміз мәртебелі мамандық иесі ретінде талай рет аудандық, облыстық мінберлерден көрініп келеді. Кәсіби өрлеудің шыңын бағындырған ұлағатты ұстаз шәкірттері, әріптестері, ұйымшыл ұжымы, ата-аналар алдында зор беделге ие. Сабақ беру үрдісінде Ақмарал Мурзагалиеваның оқушыларының  жүрегіне жол таба білетін ерекше қасиеті де бар. Білімге құштар шәкірттерінің математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген жаңа әдіс-тәсілдерді қолданады. Ұстаздың ұйымдастыратын сыныптан тыс іс-шараларына да балалар белсене қатысады. Ел ішіндегі қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайтын кейіпкеріміз 2012-2014 оқу жылдары аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарыпты.

Аталмыш білім ордасындағы байырғы әріптестері Ақмарал Құмарқызының адамгершілік, қарапайымдылық, кеңпейілділік қасиеттерін барлық жас мамандарға үлгі етеді. Ақмарал апай – кез келген адаммен тіл табыса отырып, шәкірттерді барынша тәрбиелеп, білім беруді басты ұстанымы санайтын ұстаздардың қатарынан.

Отбасы жолдасы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, перзенттерінің де өмірден өз орындарын табуына ата-ана ретінде ықпал ете білді. Үлгілі жанұяның отанасына, Молдаш Қаналиевтей ел дамуына елеулі еңбек еткен заңғар  тұлғаның есімін иеленген білім ордасының ұлағатты ұстаздарының біріне, шәкірттерінің сүйікті апайына айналған Ақмарал Құмарқызы – аудандағы білім саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Кейіпкеріміз кемелдендім, жетілдім деп өз кәсібін кейінгі санатқа қойған емес. Заманауи білім талаптарының үдесінен шығуға талпынған ұстаз саланың жаңа қырларын, озық іс-тәжірибелерді әріптестерімен бірге меңгеруге тырысып жүр. «Менің басты ұстанымым – замана көшінен алшақтамай, тәуелсіз еліміздің білімді, тәрбиелі, отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуге атсалысу» дейді кейіпкеріміз.

«Ісің оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқың шықсын десең, көпшіліктің адамы болыңыз» деп, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби айтқандай, өз ісінің білгірі болған Ақмарал Құмарқызы Мурзагалиеваны алдағы кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, жауапкершілігі салмақты жұмысына табыс тілейміз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», БҚО

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.