Халық даналығында «Ұстаз талантты болса шәкірті талапты болады» деп бекер айтпаса керек. Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ. Кәсіби қызмет мұғалімнің өзін жан-жақты көрсетуі, өзін-өзі дамытудың, қарым-қатынастың кең ауқымын береді. Соңғы жылдары біздің елімізде білім беру мәселесі қарқынды қолға алынуда. Білім беруді дамытудың маңызды мәселелерінің бірі – ол мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін арттыру болып табылады. Мұғалім үнемі өзін-өзі дамыту арқылы ғана заман және кәсіп талабына сәйкес келе алады. Мұғалім адамның рухани жан дүниесіне үңіле білуі тиіс. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер, ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.
Педагог кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін өзін шығармашыл, жігерленген жеке тұлға ретінде сезіне білуі тиіс. Педагог өз ісін жақсы меңгерген, ұдайы ізденіп, өзінің психологиялық және педагогикалық, әдістемелік білімі, мәдениеті жоғары адам болуы қажет. Өзінің әрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін қамқор, психолог болуы керек. Мұғалімнің педагогикалық және психологиялық құзыреттілігі білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталады. Нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа жүйесіне көшу педагогтың кәсіби біліктілігін арттыруда жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытып отыруды талап етеді. Бүгінгі таңдағы қоғам талабы – ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, кәсіби шеберлігі шыңдалған, шығармашыл, ізденуші, жаңашыл ұстаз. Педагогикалық және психологиялық құзыреттілік – бұл маманға жүктелген істің нәтижелі түрде орындалуын бағалау. Бұл – мұғалімнің бойында жауапкершілік, мәселені өздігінен шеше алатын, адамгершілік қасиеті мол, жоғары білімді, жаңа технологияларды меңгере алатын, ұжымда жұмыс жүргізе білетін, белсенділік қасиет-қабілеттерінің болуы.
Психологтар мен педагогтар адамның рухани, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әр қалай деп көрсетеді. Мәселен ұлы педагогтар К.Ушинский, А.Макаренко, А.Дистерверг, В.Сухомлинский, т.б. мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы, адамның жан-дүниесіне, рухани әлеміне бойлай алу өнері деп, педагогикалық шеберліктің дамуына үлкен үлес қосқан. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің мынадай психологиялық критерийлерін анықтаған:
Обьективті критерийлеріне – мұғалімнің жоғары еңбек көрсеткіші, түрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, өз мамандығына сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі т.б. жататындығын атап көрсетті.
Субьективті критерийлер — адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеті мен қызығушылықтарына қаншалықты сәйкес екендігімен байланысты. Субьективті критерийге кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, оның құндылығын түсінумаман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
Нәтижелі критерийлер – мұғалім өз ісіне қоғам тарапынан талап етіліп отырған нәтижелерге қол жеткізілуін қарастырады.
Шығармашылық критерийлер – мұғалімнің өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шығармашыл мұғалім үшін өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алуын, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор.
Бүгінгі таңда әлемде білім саласында маңызды болып тұрған мәселе «XXI ғасырда нені оқыту керек және оқушыларды қалай дайындау керек?»,- деген мәселе. Болашақ білім мен ғылымға тәуелді болғандықтан, қазіргі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса, еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан қоғам талабына сай, Қазақстан Республикасының өркениеті үшін еңбек ететін, шет елдермен еркін ғылыми және мәдени қарым-қатынас жасайтын, оқығанын өмірде қолдана алатын, ана тілін жетік білетін, ұлтқа жанашыр азамат дайындау- бүгінгі ұстаздардың басты мақсаты.
Елбасымыз Н.Назарбаев 2012 жылы 27 қаңтарда «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыру бойынша бес жылдық Ұлттық жоспарды қабылдауды міндеттеді. Бұл міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне маңызды рөл атқарады. Аталған стратегиялық міндетті шешу үшін тұлғаның ең басты функциялық сапаларын, шығармашыл тұрғыда ойлай алу белсенділігі және шешім қабылдай алуы, кәсібін таңдай алуға қабілеттілігі, қашанда білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектепте қалыптасады.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз- жаhандану дәуіріндегі заман талабына жасына қарамай ілесіп отыруы, адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық жағдайларға белсенді араласуы мен мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы. Функционалдық сауаттылықты дамытудың басты мақсаты – мектептерде зияткерік, дене және рухани тұрғыдан дамыған азамат қалыптастыру, оның әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық жоспар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруды мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Ұлттық жоспар білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-қимылдарының мақсаттылығын, біртұтастығын қамтамасыз етеді. Мұғалім баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлауын қалыптастырып және де баланың өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыруы тиіс. Мұғалім оқушыны тек қана мектеп бағдарламасымен шектетпей , теориялық білімдерін практикалық жұмыстармен, өмірмен байланыстыра білуге үйрету керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.
Қорыта келгенде, «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз»,- деген атақты ғалым К.Ушинский. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда мұғалімнің психологиялық және педагогикалық құзыреттілігі маңызды орын алады. Мұғалім өз ісін жақсы меңгерген, үнемі ізденетін, психологиялық және педагогикалық білімінің жоғары болуы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға қосар үлесі мол. Әрбір педагог әрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін қамқор, психолог болуы керек. Білім – теңіз, мектеп – кеме. Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім нәрімен сусындатып, оның құпиясын аша білу – күрделі де қиын іс. Осы білім теңізінде еркін жүздіру – бала жанының бағбаны мұғалімнің іс-әрекеті. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашан жүдемесі анық. Біздің басты байлығымыз – білім. Бүгінгі мектептің басты міндеті – өзіндік ой-көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыру. Ойын еркін айтатын, сын тұрғысынан ойлануға бейім, қоғамдық өмірде өз орнын табатын жеке тұлғаны қалыптастыру мұғалім үшін үлкен жауапты іс. Әрбір адам ерекше ешкімге ұқсамайтын қайталанбас тұлға. Әрбір мұғалім өз ісін шын көңілмен жасаса нұр үстіне нұр болар еді.
Тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыруды, қызығушылығын, қабілетінің дамуын ескере отырып, функционалдық сауаттылығына қол жеткізуді қамтамасыз етіп, жан-жақты дамыған, мектепте алған білімін өмір бойы пайдалана алатын тұлға өсіру – білім беру мамандарына жүктелген үлкен міндет деп түсінгеніміз жөн. Марк Туллий Цицеронның «Барлық нәрсені біліп, анализ жасай білу аз. Сонымен қатар соған байланысты сауатты қадам жасай білу керек» деген қанатты сөзі еске оралады.
Әдебиеттер
1.Н.Ә.Назарбаев. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты. -2012ж
2.А.К.Маркова. Кәсіби құзыреттіліктің даму деңгейі 2009 жыл
3.Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысы
4.Білім беру мекемесіндегі мұғалім қызметінің ұйымдастырылу бағыттары (Әдістемелік нұсқаулық) Валиева М. – Алматы 2012 жыл
Фазилова Куттыкыз Кенжебековна
«Аққу бөбекжай» Кәсіби Мемлекеттік Қазыналық Кәсіпорны
Қарағанды облысы, Абай қаласы