«Жай мұғалім-хабарлайды,
Жақсы мұғалім-түсіндіреді,
Керемет мұғалім-көрсетеду,
Ұлы мұғалім-шабыттандырады.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд
Мұғалім оқушының күрделі де қызықты, рухани жан дүниесін дана жүрегімен ұға білсе, ұстаздықтықтың биік шыңына көтеріле алады. Ол шыңға жігерлі, табанды, еңбекқор, рухы жоғары адам ғана жетеді.
«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ .., жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»-деген екен Әл-Фараби бабамыз.
Мемлекет мәдениетінің айнасы-мектеп. «Уақыттың жалғыз өлшемі бар ол-адам ғұмыры. Адам ғұмырының жалғыз өлшемі бар, ол – арттағы халықтың қамы үшін бітіретін ісі»-деген сөзін еске алсақ, осындай үлкен іс атқарар бір сала – мектеп және оның мұғалімі.
Қазіргі таңда заман талабына сай пән мұғалімі ғана болу аз, мұғалім – өз ісінің кәсіби шебері, өмірін бала өміріне арнаған үлкен жүректі ұстаз болуы тиіс. Мұғалім алдына келген баланы оның ата-анасынан кем жақсы көрмей, оның болашағына алаңдамаса, толыққанды ұстаз болуы мүмкін емес. Өмірде небір күрделі қиындықтар, әр түрлі ситуациялар кездеседі. Шебер ұстаз соның бәріне төтеп беретін, жаны жылылыққа толы адам болуы керек. Қазіргі қоғамдағы мұғалім – жеке көзқарасы бар, соған қарай жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық, шығармашылық қасиеті бар, әрі оқушысын осы қасиеттері арқылы өз бетінше оқып, ізденіп кеңейтілген білім алуға үйрете алатын маман болуы керек.
ХХІ ғасыр-қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр – марғаулықты көтермейтін ғасыр. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,-деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет.
Мұғалім – мектептің бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады» дейді. Адам баласы алған тәрбиесін өз мақсатына жету үшін білім кілті арқылы ашып, пайдаланады. Неғұрлым білімді болған сайын, ілгерлеу соғұрлым жылдамдайды. Ендеше тәрбие бар жерде мақсат бар, мақсат бар жерде білім басты қажеттілік болмақ. Жасөспірім алдына үлкен мақсат қоя білсе ғана биікке ұмтылады. Жас ұрпақты өмірге дайындап, олардың «Сегіз қырлы, бір сырлы» талантты, білімді азамат болуы үшін тәрбиенің барлық түрін ұщтастыра жүргізуіміз қажет. Ұстаз бен шәкірт арасында шынайы достық қарым-қатынас орнаса, бала сенімі нығайып, үй-ішінен жасырған сырын айта алатын сырлас досқа айналады. Мұғалім де оның жан сарайының кілтін тауып сезім құбылыстарын дөп басатын психолог бола алуы керек.
Ұстаз өте әдепті, әділ, шыншыл, шәкірттерін алаламай тең ұстайтын, өзінің терең білім-білігі жоғары мәдениеттілігі мен ақыл-парасаттылығымен үлгі болғаны жөн. Ақпараттар ағыны ағылған, түрлі хабарлар тасқыны тасыған, жаңа ғасырда мұғалім озық техникалық, электрондық құралдарды, компьютерді жетік білетін өз пәнін өмірімен байланыстыра алатын, ақпаратшыл және ұлтының кемеліне келіп толысуына, рухани өсуіне, әдеби-мәдени дамуына басты ықпал жасаушы, ұлтжанды патриот болуы керек. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Міне, сонда ғана нағыз ұстаздан білім мен тәрбиені қатар алып шыққан тұлға білімді, бәсекеге қабілетті, адамгершілігі жоғары, ұлттық құндылықты бойына сіңірген іскер маман болады. Ендеше, мұғалімдік мамандық – барша мамандықтың қайнар бұлағы.
Жолаева Малика Ибадуллина,
мектепалды даярлық мұғалімі
Жезқазған қ., «Кеңгір селосының
№ 2 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ