Home » Жаңалықтар » МҰҒАЛІМДЕР ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН МЕҢГЕРУДЕ

МҰҒАЛІМДЕР ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН МЕҢГЕРУДЕ

Қызылорда қаласының пән мұғалімдері CLIL дегеніміз не және пән мен тілді кіріктіріп оқытуды тәжірибеде пайдалану бойынша біліктіліктерін арттыруда. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп «Информатика пәнінде CLIL технологиясын тиімді қолдану» тақырыбында қалалық семинар өткізді.

Информатика пәнінде CLIL пән мазмұны мен тілді кіріктіріп оқыту технологиясын тиімді қолдану бойынша әдістемелік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға  облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің 21 пән мұғалімі қатысты. Педагогтар алдымен ағылшын тілінде жүргізілген 11,12-сыныптардың информатика сабақтарында болып, CLIL технологиясының тәжірибеде жүзеге асуын бақылай алды. Сабақтар барысында  мұғалімдер Зияткерлік мектеп оқушыларының ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді қолдана отырып, ғылыми жоба жұмыстарын жасауларын және жұмыс нәтижелерін ағылшын тілінде еркін қорғай алу деңгейлерін бағалады.

Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері Қызжібек Абдраманованың өткізген коучингінде мұғалімдер рефлексияның теориялық аспектілерін жан-жақты талдап, сабақты сараптаудың тиімді тәжірибелік нұсқауларын алды.

Практикум бөлімінде Зияткерлік мектеп педагогикалық қызметкері Мұхаметқали Айгүл «CLIL тәсілін арнайы сабақтарда қолданудың тиімді жолдары» тақырыбында интербелсенді таныстырылым жүргізіп, өз тәжірибесіндегі үздік әдіс-тәсілдерін ұсынды.

Шара соңында ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, қатысушылармен оқыту үдерісіндегі киындықтар мен оларды жеңу жолдары талқыланды. Кері байланыста мұғалімдер өз тәжірибелерін жақсартуға семинардың оң ықпал еткенін және алдағы уақытта нәтижелі жұмыс жасауға бағыт алғандарын атап өтті.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.