Home » Жаңалықтар » МҰҒАЛІМДЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ КӘСІБИ ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ  

МҰҒАЛІМДЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ КӘСІБИ ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ  

Бүгінгі  қазақстандық мектептің алдында әлемдік білім беру кеңістігіндегі секілді, зерттеулер мен жаңалықтар ашудың ғасырына ену үшін білім беруге жаңа көзқарасты қалыптастыру – ойлау, оқыту, шығармашылық және жалпы алғанда, өмір сүру әдіснамасын тиімді қолдану міндеті тұр. Сол себепті бүгінде біліктілікті арттыру курстарының бағдарлама мазмұны оқыту аяқталғаннан кейінгі тәжірибеге  өзгерістер енгізумен байланысты мұғалім іс-әрекетінің жаңа, маңызды кезеңі, яғни курстан кейінгі жұмысты қарастырады. Оның негізгі мақсаты  мұғалімнің шығармашылық әлеуетінің дамуына және  курстан кейінгі кезеңдегі оқыту мен оқу тәжірибесінің өзгеруіне ықпал ету.

Обылыс аймақтарында Бағдарламаның тұжырымдамалық идеясын мектеп тәжірибесіне ендіру бойынша іс-шараларды курстан кейінгі қолдау үшін «Өрлеу» – сертификатталған мұғалімдермен бірге» тақырыбында әдістемелік десанттар  өткізу дәстүрге айналды. Мұндағы басты мақсат –  курстан кейінгі кезеңде мұғалімдердің тәжірибелік қызметінде инновациялық әлеуетін толық жүзеге асыруға жағдай жасау.

Атап айтқанда, 2015-2019 жылдары аралығында институт тренерлері Жезқазған, Сәтпаев  және Шахтинск, Қаражал қалалары мен Нұра, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаровка, Жаңаарқа, Ұлытау, Шет, Абай, Бухаржырау аудандарының сертификатталған мұғалімдерімен облыс бойынша 69 мектептің 378 сабақтарына қатысып, 689 семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіп, оқу мен оқыту тәжірибесін дамытуда жұмыс жасауда.

Әсіресе ауылдық аймақтардағы  мұғалімдерді қолдау  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-ның іс-әрекетіндегі басым бағыты болып саналады. Демек, әдістемелік десантта курстан кейін мұғалім тәжірибесіндегі өзгерістің басым жағы қандай? Мұғалім оқыту мен оқуды жақсартуда әдіс-тәсілдерді қалай құрады? Қандай кедергілерден өтеді? Мұғалімге қандай қолдау керек? деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік береді. Әдістемелік десант аясында тренерлер мен әріптестер бірлесе отырып, мұғалімнің нақты оқыту мен оқу үдерісінде өз тәжірибесіндегі өзгерістері мен кәсіби қырынан өзін таныта білуін және оның «өсу нүктесін» бақылауға мүмкіндік туады. Мұғалімдердің байқауынша, оқыту мен оқудың жаңа форматы оқуға  төмен уәждемелі оқушылардың    сабақта елеулі өзгерістерге ұшырауын, топта жұмыс істеу дағдысы мен білігінің  дамығанын көрсетті. Талқылау көрсеткендей, бұл өткізілген сабақтар  білім беру мазмұнын жаңартудағы нақты оқу тапсырмаларын орындауда, оқу материалдарымен өзіндік жұмыс жасауда, мұғалімнің сұрақтарына ерекше жауаптарымен, қалыптастырушы бағалаудың әр алуан түрлерін қолдануда оқушылардың белсенді қатысуларымен ерекшеленуде.

Курстан кейінгі іс-әрекет жұмыстың түрлі формалары арқылы жүзеге асады:әдістемелік десант, ашық сабақ, шеберлік сағаттары, онлайн семинар, вебинарлар, конференция, форумдар, кәсіби сайыстар. Аталған іс-әрекеттердің барлығы дерлік мұғалімдердің курстан кейінгі кезеңдегі сұраныстары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруды көздейді

Мұғалімдер оқытуда Бағдарламаларды ықпалдастыру идеялары, белсенді әдістер мен мазмұнды таңдауды оқытуда балалардың белсенділігіне, сын тұрғысынан ойлауының дамуына, тиімді диалог жасауына ықпал ететіндігін атап өтуде. Тренерлер мұғалімдермен бірге бақылау жүргізу нәтижесінде тәжірибені дамытудың басым бағыттарын анықтап, оқытуда деңгейлік және жаңартылған бағдарламаларды кіріктіру идеясы, жұмыс мазмұны мен әдістерін іріктеу оқушылардың білім алудағы белсенділіктерін арттыратындығын атап өтуде.

Әдістемелік десант жұмысының қорытындысы сертификатталған мұғалімдерінің тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылаудың, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-ның тренерлерімен бірлескен өзара жүйелі іс-әрекеттің маңыздылығын атап көрсетуде. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруды дамытып, педагогтерді курстан кейін белсенді қолдауды жандандыру арқылы табысты мектептердің қатарын көбейту, инновацияға жаңа қадам басуымыз қажет. Әрине, бұл – болашаққа бағдарланған саясат аясында жүзеге асырылып жатқан қызметтің орындалуына барынша үлес қосу және біліктілікті арттыру қызметінің басты міндеті.

Тлеубай Сауле Тумарбеккызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ,
курстан кейінгі қолдау және
инновацияларды енгізу лабораториясы,
Қарағанды қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.