Home » Жаңалықтар » Мұғалімдердің кәсіби дамуы: шешім және іс-әрекет

Мұғалімдердің кәсіби дамуы: шешім және іс-әрекет

15-jpgМ.Б.Сулейменов,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ,
тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие кафедрасының
аға оқытушысы

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік — экономикалық жаңғырту  — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.

Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру үрдісінде маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыдан ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – барлық Қазақстан азаматтарын біріктіретін негізгі фактор. Қазақстандық патриотизмнің негізін қалаушы мемлекет тіл. Мемлекеттік тілді құрметтеу және өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынасты нығайту – Қазақстандағы ұлтаралық келісім кепілі.

Білім беру сапасын арттыру барлық әлем қауымдастағы үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Еліміздің білім саласында білім беру сапасын арттыруға және оқу мен оқытуды жан-жақты жетілдіру бағытында көптеген бастамалар орын алды. Соның бірі — мұғалімдердің біліктілік арттыру соңғы жылдары өз мүмкіндіктерінің аясын кеңейтуде. Отандық және шетелдік ең озық үлгідегі ғылыми-теориялық бағдарламалар педагогтар тарапынан туындайтын кешенді проблемаларды көтеріп, жалпы орта білім беретін мектептердегі педагог қызметкерлердің кәсіби құзырлығы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға және критериалды бағалау жүйесін енгізуде педагогикалық шеберлікті жетілдіруге бағытталады.

Бұдан соң мұғалімдер білім беру бағдарламасының нақты пәндік аспектілерін меңгеруге кіріседі. Мұғалімдер білім беру бағдарламасына негіз болған теориямен танысып қана қоймай, бұл теорияны тәжірибе жүзінде іске асыруға қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін оқыту тәжірибе жүзінде және белсенді өтеді.

Біліктілігін арттыру курс кезеңінде мұғалімдер оқу бағдарламасы мен сабақ жоспарын талдай отырып, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесімен танысады. Оқудың аяғында мұғалімдер өзара рефлексия және метатану тапсырмаларын араластыра отырып, біліктілікті арттыру курсының оқу мақсаттары тұрғысынан өздерінің алға ілгерілеуін қарастырады. Курс барысындағы мұғалімдердің дайындайтын ықшамсабақтары өздерінің оқыту тәжірибесіне «эксперимент» жасау   болмақ, ол рефлексия және талқылау кезеңдерімен ұласады. Пәннің ерекшеліктері қарастырылатын сабақтар кезінде жаңа теория «абстрактілі ұғыну» ұсынылып, ол ықшамсабақтардың келесі сатысында іс жүзінде қолданылады.

Қазақстандық білім беруді модернизациялау міндеттері, оның ішінде білім беру сапасын арттыруда тұлғаның талап-тілегін, сонымен бірге қауымдастық сұранысын ескере отырып, құзыреттілік тәсілді іске асыру қажеттілігі айқындалды. Бүгінде тек белгіленген білімді ғана меңгеріп қою ғана емес, өзіндік даму, өзіндік іске асыру, болашақта жетілдіруде тұлғаға бағытталуы шарт. Қазіргі кезеңде білімділік деңгей өзінің және мақсаттылығын жоғалта бастады. Білім беру парадигмасы: ортақ-білімнен құзыреттіліке ауысуда тәжірибелік-бағытталған оқытуға көшу қажеттілігі туындауда, ал кұзыреттілік тәсіл негізгі және басқа да құзыреттіліктер жиынтығын қалыптастыру көзделеді. Табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет. Сондықтан оқушылар ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді қолдану XXI ғасыр дағдыларымен деп қарастырылатын кең ауқымды құзыреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Оқушылар табысты оқу үшін мұғалімдер білім беру бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау жүйесін өзара үйлестіруді іске асыру маңызды. Бұл білім беру бағдарламасы мен бағалау моделі белгіленген деңгейде ғана емес, әр сыныпта, әр сабақта қолданылады.

Мұғалімдер өздерінің оқыту қызметі білім беру бағдарламасының іске асырылуына қолдау көрсететініне, ал бағалау тәсілдері оқушыларға қажетті ақпаратты жеткізуге және олардың жетістіктеріне қолдау көрсетуге көмектесетініне сенімді болуы керек. Оқушылар табысты оқуы үшін мұғалімдер бұл үш компонент – білім беру бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау жүйесін өзара үйлесімге басты назар аудару қажет.

Жаңартылған оқу бағдарламасының негізгі қағидаты — коммуникативтік тәсіл арқылы оқушының тіл туралы, ұлттық және жаһандық мәдениеттің маңызы туралы түсінігін кеңейте отырып, қазақ тілін табысты үйрету. Әрбір оқушы үшін тіл – негізгі білім құралы. Оқушылардың тілдік қарым-қатынасы өздері өмір сүріп отырған және білім алатын орта арқылы жүзеге асады. Тілді жетік меңгеру ұлттық құндылықтарды түсінетін, әлемдік деңгейде жаңа өзгерістерге бейім, жаңашыл жеке тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. Тілді меңгеру арқылы оқушылар алған білімдерін әлемдік мәдениетпен ұштастыра алады, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіреді. Оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру – қазақ тілін оқытудың негізгі ұстанымдарының бірі.

Бағдарламада көрсетілген қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты — оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы ана тілін қадірлейтін, оның қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, тілдік нормаларды сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету. Жаңартыған білім беру мазмұны бойынша курстан өткен мұғалімдер келесі іс-әрекеттерді жүзеге асырады:

  • оқу мен оқыту тәжірибесіне жаңартылған оқу бағдарламасын, оқу жоспарын, критериалды бағалау басшылығы құжаттарын басшылыққа алады;
  • оқу мен оқытуда пәннің ерекшелігіне сәйкес, педагогикалық тәсілдерді таңдайды, қолданады;
  • оқушылардың тілдік дағдыларын (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) негізгі ала отырып, шиыршық қағидаты бойынша оқудың ілгерлеуін қамтамасыз етеді;
  • оқу мен оқытуда белсенді оқу стратегияларын қолданады;
  • критериалды бағалауды оқыту тәжірибесіне енгізуде жетістік критерийлерін, тапсырмалар, дескрипторлар құрастырады;
  • тілдік дағдылар, оқу мақсаттары және жетістік критерийлерінің өзара тығыз байланыстылығын қамтамасыз етеді;
  • ұзақ мерзімді, орта мерзімді жоспарлар негізінде өзінің қысқа мерзімді сабақ жоспарларын дайындайды;

Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушыны жеке тұлға ретінде және оның ұлттық сана-сезімін, өзіндік, дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыруға негіз болатын әлемдегі аса бай, мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары қазақ тілі пәнін оқытуда мұғалімдер оқыту тәжірибесіне  кәсіби ұстанымдарына сәйкес міндеттерді іске асырады.

«Мақсатыңыз қолжетімсіз екеніне көзіңіз жеткен кезде мақсатыңызды емес, әдісіңізді ауыстырыңыз» — деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілін оқытуда белгіленген міндеттер, іс-әрекеттер мұғалімдердің кәсіби дамуына негіз болар еді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.