Home » Ашық сабақтар » Мұхтар Әуезовтың « Абай жолы » романындағы Абайдың азаматтық даму жолдары

Мұхтар Әуезовтың « Абай жолы » романындағы Абайдың азаматтық даму жолдары

Сабақтың мақсаты:

— Білімділік: М.Әуезов мұрасын тереңдей оқытып үйрету, шығарманың мазмұнын меңгерту, шығарманың көркемдік ерекшелігін ашу, оқушыларға Абай бейнесін таныту арқылы дүниетанымын, ақын ретінде қалыптасу жолымен таныстыру.

— Дамытушылық: Логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық белсенділіктерін шыңдау, мәнерлеп оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеу дағдысын, әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру.Кейіпкердің жан дүниесін ашатын сөз орамдарын айқындауға дағдыландыру.

— Тәрбиелік: Оқушыларды әділдікке, адамгершілікке баулу, жауапкершілікке, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Бекіту, қайталау сабағы;

Сабақтың әдісі. Ішінара-іздеу,сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс,салыстыру,баяндау, ойтүйме жасату;

Сабақтың тәсілдері: Жалпы сыныптық, топтық жұмыс, танымдық іздестіру жұмыстары;

Пәнаралық байланыс: Тарих,әдебиет теориясы,қазақ тілі, музыка;

Көрнекілік сөздер: Мұхтар Әуезов портреті,Абай портреті, буклеттер,нақыл сөздер;

Техникалық құрал: « Абай»  кассетасы,

Ауызша журнал « Абайдың азаматтық даму жолдары»

Сабақтың барысы:

1.Ұйымдастыру кезеңі.

2. Өтілген материалмен жұмыс.

Балалар біз бүгін М.Әуезовтың « Абай жолы»роман-эпопеясы бойынша Ұлы Абайдың азаматтық даму жолдарын қарастырамыз.

  1. Елге оралу

Романдағы жас Абай: Елін, туған жерін, ата-анасын , әжесін,туысқандарын  сағынған Абай бейнесі қалай ашылған?

М. Әуезовтың « Абай жолы»роман-эпопеясы шәкірт Абайдың оқудан қайту шағынан басталады.Абайдың көңілі жай, алаңсыз.Тезірек еліме жетсем дейді, туған жерін,өскен ортасын, бауырларын сағынып келеді. Әжесі Зере мен анасы Ұлжанды, туған бауырларын көріп, құшақтасқанша асық. Абаймен бірге келе жатқан Байтас пен Жұмағалидың осы маңда ұры-қараның болатынын айтқанына сенбей, қайта оларды Абайдың өзі қорқытып, біраз әуреге салады. Міне, осы бала Абайдың ойында ештеңе жоқ. Алаңсыз балалық шақ. Жүрегі шайдай ашық. Осыдан барып біз Абайдың әлі жас, буыны бекімеген шәкірт — Абай екенін көреміз.

  1. Әке тәрбиесі

Көңілі таза пәк Абайдың жүрегіне қан құйылғандай. Абай қандай сұмдықтың куәгері болды?

Қарашоқыдағы қанды оқиға.

Қодар мен Қамқа өлімі.

Өзі сүйген әкесінің осындай сұмдық қатыгездікке барады деп Абай үш ұйықтаса түсіне де кірмеген, ойламаған.Қазақ даласындағы қатыгез заң-дәстүрдің құрбаны болған Қодар мен Қамқа өлімі жас Абайды теңселтіп жібереді. Сол қатыгез үкімнің әміршісі-өз әкесі, өзінің туған әкесі-Құнанбай.Ешкімге басын имеген Тобықты руының шонжары, сұлтаны-Құнанбай.
Романда Абайдың « тас аттық жасағандарға»деген ызасы да, қарғысы да бар. Сонымен қатар Қодар мен Қамқаға деген аяушылық пен  мейірбандылық та бар.Әсіресе өзінің туған әкесі Құнанбайды осы жаман іске қимас қиналыс та бар. Енді бір жағынан өзінің туған әкесі Құнанбайдан қорқу, шошу, үрку де бар. Романда М.Әуезов Абайды қиянатшыл заманның сұмдығымен беттестіреді, сол сұмдықтың бас пәлеқоры Құнанбай екенін ашып көрсетеді. Осы Қарашоқы оқиғасынан кейін Абай шошып, ауырып қалады. « Абай жолы»романы ескілік пен жаңаның арасындағы тартылысты, сол ескілік шоғырланған жексұрын көрініс –міне Қодар мен Қамқа трагедиясы.

III .   Абайдың рухани емделуіне ақындық өнерінің басталуына не себеп болды?

АБАЙ ҚОНАҚТАРЫ: БАРЛАС, БАЙКӨКШЕ
Абай осы сұмдық оқиғадан кейін қатты ауырып қалады.Абайдың көңілін аулау үщін әжесі Зере мен анасы Ұлжан өздерінің әңгіме, ақыз, дастан, ертегілерімен сусындандыра білді.Әжесі Зере « Еділ-Жайық», « Құла Мерген»сияқты аңыздарды Абайға айтып береді.Абайдың көңілін көтеру үшін алыстан Барлас пен Байкөкше ақындарды шақыртады. Байкөкше халық ауыз әдебиетінде кеңінен  тараған « Қозы-Көрпеш-Баян сұлу»жырын айтса, ал Барлас болса    « Қобыланды» жырын жатқа жырлауы соның ішінде Тайбурылдың шабысы Абайға өте үлкен әсер етеді.

Халық ауыз әдебиеті

АБАЙ СУСЫНДАҒАН ҚАЙНАР БҰЛАҚ: Шығыс классиктері , Батыс әдебиеті

  1. Абай әрқашанда өзі біреуге әңгіме, жыр айтқызғанда сөзін бөлмей таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдаған. Бұл Абайдың ең бір жақсы қасиеті , яғни « білмекке құмарлық»

а ) Халық ауыз әдебиеті –ол Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның , Барлас пен Байкөкше ақындардың өлең жырларымен сусындаса;

ә) Шығыс классиктері — Абай Семейде Ахмет Риза медресесінде оқып жүргенде шығыс классиктерінің шығармаларымен танысқан болатын.

Физули,Шәмси, Сәйхали.

Навои, Сағди,Фирдоуси.

Хожа Хафиз-барлығың

Медет берген жырыма,-

деп сол Шығыс классиктерінің еңбектерін оқып,соларға еліктей білген,жастық шағы болатын.

б) Абайдың орыс, Батыс классиктеріне ден қоюы.

Лермонтов,Пушкин,Чернышевский, Герцен,Крыловтың еңбектерін оқып, олармен танысады, міне, осы тұста Абайдың шығармашылығының марқайған кезі болған.

IV . АБАЙ МҰРАГЕР.

Абай ел ішіндегі жер, жесір дауының куәсі, жаңа мен ескі дәстүрдің тартысын көрді.Романнан әке мен бала арасындағы тартысты көреміз.

Құнанбай Абайды не үшін оқудан шығарып алды?

Абайдың жасы он үшке келгенде әкесі Құнанбай оқуын бітіртпей ,асығыс ауылға шақыртып алды.Құнанбай Абайды өзге балаларының ішінен әзірге өзіне көмекші, кейін ізбасар мұрагер ретінде, әрі ел басқару ісіне араластырып, даярлады. Абай Сүйіндік пен Бөжей сынды ел басшыларына алуан түрлі әке тапсырмасын жеткізіп, артығымен орындайды,жақсы атаққа ие болады.

  1. КӨРІНІС ( АБАЙ МЕН ҚҰНАНБАЙ)
  2. Абайдың азамат ретінде қалыптасуын неден көреміз?

Абайдың нашарларға, кедейлерге деген жанашырлығы қай тұста көрінеді?

  1. Жұт.

Жұт жұтамын, жалмаймын деп келді.Байға да, кедейге де қаһарын шаша келді. Осы кезде Абай үлкен ерлікке барады,жұтқа ұшыраған елді аман алып қалуға тырысады.Кедейлердің малдарын Құнанбайдың үш қорығына қаптатып жібереді. Сол жұттан бүкіл халықты аман сақтап қалуға Абай белсене, білегін сыбана кіріседі.Әкесінің айтқан сәлеміне де қараған жоқ. Осыдан Абайдың кедейлерге жаны ашып, адамгершілікті биік ұстаған гуманист, қайсар екенін көреміз. Тағы қандай оқиға үстінде байқалады?

  1. Бөжей асы.

Аманатқа қалдырылған Құнанбайдың тоқалы Айғыздан туған Кәмшаттың аянышты тағдыры, Бөжей мен Құнанбай арасындағы жауластықты одан сайын өршітіп жібереді.Арада біраз уақыт өткеннен кейінгі Бөжейдің өлімі.Бөжейдің қайтыс болғанын Құнанбай ауылына естіртпейді, хабар айтқызбайды.Құнанбай болса бүкіл Тобықты руын уысында ұстап отырған шонжар, бұл бөлектеу, елемеу оның намысына тиеді.

Абай Бөжей асына жақсы даярланып, Найман елінен келгендер мен Бөжейдің нағашы жұртын жақсы күтеді.Осы асқа даярлықты Абайдың өзі басшы болып,неше күн ұйқысыз демалыссыз атқарады. Асқа әкелінген тағамның мол, асып төгіп берілуі, сонымен қатар асқа келген қонақтарды күтуіне ешқандай мін таға алмаған жұрт Абайдың азаматтығын көреді.Ертеңінде ұйқыдан оянған Абайды бүкіл жұрт таниды.

Абайдың  « Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол»

дегенін осы мінезі ашып тұр емес пе?

  • АБАЙ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КІТАПХАНАДА.

Абай Семей қаласындағы көпшілік кітапханада Е.П.Михаэлиспен танысады. Михаэлис Абайға орыстың классикалық шығармаларын оқуға ақыл-кеңес береді. Абай Батыс және орыс классиктері Гёте, Байрон, Лермонтов, Пушкин, Крылов шығармаларымен танысып қана қоймай оны қазақ тіліне аударған.

Абай сазгер, аудармашы. Гете-Лермонтовтан аудармасына музыка жазды, халық арасына кеңінен таралды. « Түңгі кезбе»өлеңін Гетеден Лермонтов 60 жылдан кейін орыс тіліне аударса, Абайда Лермонтовтан сол өлеңді ,яғни « Қараңғы түнде тау қалғып»өлеңін 60 жылдан кейін қазақ тіліне аударған.Абайдың « Шығысым Батыс болып кетті» дегені де сондықтан. Міне, осы тұста Абайдың « толық адам» болғанын көре аламыз.

VIII .АБАЙДЫҢ ҮМІТ ЕТКЕН БАЛАЛАРЫ.

Абайдың үміт еткен балалары Әбдірахман мен Мағауия. Әбдірахман Абайдың Ділдәдан туған .Ұлы-Әбіштен көп үміт күткен. Абай оны Рессейдегі Томск қаласындағы Александров реалдық училищнсіне, Санк-Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесіне беріп оқытқан, одан унтер-офицер атағын алып, Ташкент қаласында әскери гарнизонда қызмет етеді.

Әбіш Державин, Карамзин,Пушкин, Лермонтов,Гете шығармаларына ден қойып оқыған. Абай Әбішке зор үміт артқан. Бірақ ол ұзақ науқастан айыға алмай қайтыс болады.

Екінші ұлы Мағауия да талантты ақын, әрі шәкірті, әрі сүйеніші болған Алғашында ауылда  мұсылманша сауатын ашып, кейін Семей қаласында Городское училищесіне орысша оқуға түседі. Ауырған соң ауылға қайтып келіп,әкесінің қасынан қалмай, әке тәрбиесін көреді.Абайдың берген ақыл-кеңестерімен « Еңлік-Кебек», « Медғат-Қасым»поэмаларын жазған. Екі ұлы да Абай өлеңдерімен сусындайды. Ұлы Мағауияның аяқ астынан қаза болуы –Абайды теңселтіп жібереді. Ұлы Абай Мағауияның қырқынан кейін, ауыр қазаны көтере алмай дүние салды.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өмір сүрген Абайдың жұмбақ та, арпалыспен өткен өмірі міне осылай аяқталды.

IX . Мәтінмен жұмыс.

а) Көркем бейне дегеніміз не? Көркем бейне шығармада кез-келген кейіпкерді бейнелеп айтуды айтады.

Абайдың портретін беріңіздер.

б) Романдағы екі образ Құнанбай мен Абай.

Құнанбай жолының жеңілуі-Абай жолының болашағын көрсетеді.Құнанбайдың құлдырауы, Абайдың өрлеу жолы толық ашылған.

Ғ.Мүсірепов айтқандай:

«Қайтқанда»

« Қат-қабатта»

«Шытырманда»

« Бел-белесте»

« Өрде»

« Құз-қияда»

« Биікте»

деп әр бөлімді бір-бірімен жалғап Абайдың сатымен өрге шығып бара жатқан жолын көрсетсе, енді аяғынан басына қарай оқысаң, жоғарыдан құлдырап келе жатқан Құнанбай жолын көреміз.

« Биікте »

« Құз-қияда»

« Өрде»

« Бел-белесте»

« Шытырманда»

« Қат-қабатта»

« Қайтқанда»

Бірі көтерілу жолы, бірі түсу, төмендеу жолы, үшіншіден-бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы.

Х . Сабақты қорытындылау, оқушылардың білімін бағалау. Үйге тапсырма беру.

Чалова Балкия Картаевна,
Миролюбовка орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.